Синоптиктер мәліметінше, наурыз айында ауа райы құбылмалы болады. Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері шамадан көп. Баренц және Караск теңізі ауданынан келетін жылжымалы циклон және атмосфералық фронттар салдарынан еліміздің басым бөлігінде, әсіресе оңтүстік жартысында найзағай ойнап, қар аралас жаңбыр жауады деп болжануда. Осыдан-ақ алда табиғаттың қандай тосын мінез көрсетерін, салдарының қалай боларын болжау қиын емес. Бұл ретте Еңбекшіқазақ ауданының ахуалына тоқталмақшымыз.
Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылындағы «Кәкей» өнер орталығының басшысы Қырғауыл Кәкейқызының айтуынша, күн күрт жылып, қар еріп, жаңбырлы маусым басталғанда Рахат ауылындағы жолдарды су шайып кету қаупі зор. Талғар мен Есік қаласын жалғастыратын күре жолда көлкіген су адамдар мен көлік қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіреді. Таудан аққан тасқын су ағызып келген үлкенді-кішілі тастар күре жолда күрделі жағдайдың орын алуына себепші болатын көрінеді. Адам өміріне қауіп төндіретін кездері де аз емес. Осындай бір келеңсіз оқиғаны есіне алған Қ. Кәкейқызы: «Таңғы сағат 7.30 шамасы болатын. Сабаққа келетін балаларды күтіп отырғанмын. Таудан аққан тасқын су ауылымыздағы қалаға апаратын күре жолдың бойын тастарға толтырып тастапты. Таң атысымен қалаға асыққан бейқам жандар тосын кедергіге тап болып, не істерлерін білмей абдырап қалды. Дәл сондай бір күні жолындағы үлкен тастан айналып өтпек болған жас жігіттің көлігі жолдан шығып кетті. Жігіттің еркіне бағынбаған су жаңа көлік кеңсемнің алдындағы бағанаға соғылып, аударылып қалды. Сол бағана болмаса кеңсемнің қабырғасын тесіп кетер ме еді? Құдай оңдағанда балалар сабаққа әлі келмеген кез еді. Осының салдарынан екі күн бойы жарықсыз қалдық. Қираған дүние қалпына келеді ғой, жүргізушінің аман болғанына шүкірлік еттік», – деп көзімен көрген жағдайды баяндады. «Су – тілсіз жау» екенін ескерсек, көктем бейқам отыратын мезгіл емес. Алдын ала қамданбаса, жауын-шашын мен күннің күрт жылуынан пайда болатын тілсіз жау айналаны жайпап әкетері анық. Тасқын судың екпінін азайту, одан қорғану арқылы ел-жұрт пен елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – төтенше жағдайлар бөліміндегі азаматтардың басты міндеті. Осы орайда «Еңбекшіқазақ ауданы су тасқынына дайын ба? Қай елді мекендерді су басу қаупі бар, осы мақсатта қандай жұмыстар атқарылды?» деген сұрақтардың жауабын аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің бас маманы Аян Ыдырысовтан сұрап білдік. Оның айтуынша, ауданда көктемгі су тасқынына қарсы қорғаныс шаралары және төтенше жағдайлардың алдын-алу шаралары қатаң бақылауда. Оқыстан орын алатын апатты жою жөнінде жоспар бекітіліп, шұғыл жағдайда халыққа қол ұшын беріп, көмек қылатын 130 адам, 36 техника сақадай-сай. Аудан аумағындағы гидрометеорологиялық жағдай туралы «Қазселденқорғау» мекемесінің 4 гидробекеті мен 1 диспетчерлік пункті күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. 2023 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық мақсатында гидротехникалық құрылыстар, тоғандар, су қоймалардың техникалық жағдайын қадағалайтын арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ су тасқыны кезеңіне су деңгейін түсіру немесе транзиттік режимге өткізу туралы ескертулер беріліп, бақылауға алынған. Су тасқынының алдын алу мақсатында жасалған дайындық жұмыстарына келсек, бүгінгі таңда аудан аумағынан 5,5 мың текше метр қар шығарылған. 89 шақырым арық, 87 шақырым арна, 51 шақырым су өткізу құбырлары тазартылды және бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. 5000 мың дана қап, 14 мотопомпа, 4 тонна дизель, 4 тонна бензин және 232 тонна инертті материалдар дайын. 2023 жылғы 30 қаңтардан бастап аудан аумағындағы су тасқынының алдын алу бойынша арнайы техниканың көмегімен бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, Бәйдібек би ауылдық округіндегі «Бахтияр» өзенінің селден қорғау дамбасын қалпына келтіріп, оны қайта бекіту жұмыстары жүргізілді. Қазақстан ауылдық округі Ащыбұлақ ауылынан өтетін Құращыбұлақ өзенінің 500 метр арнасы мұздан тазартылды. Тескенсу ауылдық округі аумағындағы Киікбай арнасынан келетін суды Қорам арнасына бұру, оның көпірлерін мұздан тазарту, Ащысай өзеніне суды бағыттау жұмыстары сәтімен аяқталды. Қорам ауылдық округі аумағындағы Ақшешек шатқалының селден корғау арнасы 200 м3-ке (37 м) кеңейтілді. Ал Қаратұрық ауылдық округі Тауқаратұрық өзенінің қауіпті жерлерін де мұз бен қоқыстан тазартып, арнасы тереңдетілді. Қазіргі таңда тұрғындарға аудан аумағында су тасқыны, қар көшкіні, сел, сырғыма т.с.с. төтенше жағдай кезіндегі шүғыл әрекеттер туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 6000-ға жуық жадынама таратылған. Жағдай тұрақты болғандықтан қауіпті учаскелер жауапты қызметкерлер мен құзыретті органдардың жіті бақылауында.
Зорагүл Әбдіқадір