Шамалған, Жандосов, Әйтей сияқты ауылдық округтер мен екі саяжай тұрғындарының наразылығын тудырып, дауға айналған газ мәселесі бойынша таяуда тағы бір жиын өтті. Нақтырақ айтқанда, өткен аптада Шамалған ауылдық округінің Мәдениет үйінде табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары Гульмира Утегенова, Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдар Бошқұлов, аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев пен атамыш компания өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдалым болды.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан ауылдық округтерді газбен қамтамасыз етіп отырған «Сигма-газ» ЖШС-не қатысты тағы да көптеген шағымдар түсті. Олардың айтуынша, газдың қысымы көбеймесе де осы айда тағы екі есе қымбат төлем келген. Оның үстіне өткен жиналыстарда компания төлей алмайтындарға түсіністікпен қарап, газды өшірмейміз деп уәде бергенімен, айдың соңында компания қызметкерлері тұрғындарға хабарласып, ақшаны төлемесеңіздер өшіреміз деп қорқытқан. Бұл аз болғандай, бүгінде «Сигма-газ» ЖШС өзінің қарамағындағы құбырларды 3 млрд-қа бағалап отыр. Алайда тұрғындардың мәлімдеуінше, құбырлардың барлығы дерлік халықтың қаражатына жасалған. Осыған дейінгі жиналыстарда тұрғындар талаптары компания бағаны түсіріп, газ пен қызмет көрсету жұмыстарының сапасын жақсарту болса, бұл жолы қоғамдық тыңдалымға келгендер бір ауыздан «Сигма-газ» ЖШС алып тастауды талап етті. Аталған жиын тұрғындарға бағаның неге соншалықты қымбат екенін түсіндіруге бағытталғандықтан, алдымен аталған серіктестіктің экономисті Айнұр Тастимирова тарифтің өскені газды сатып алып жүрген «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның бағаны көтеруінен екенін атап өтті. Сондай-ақ газды тасымалдау, қызмет көрсету жұмыстарының ақысы өскендіктен және т.б. бірқатар себептерге байланысты болғанын түсіндірді. А. Тастимирова осы жылға арналған жобаларын ұсынып, компанияның барлық шығындарды ескере отырып, жаңа тариф 36 теңге болатындығын мәлімдеді. Ал газ сапасына келсек, оған «Сигма-газ» ЖШС емес «ҚазТрансГазАймақ» АҚ жауапты екенін жеткізді. Жиынға арнайы келген «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өкілі газды олар «ҚазақГаз» Ұлттық компаниясының алатынын айтып, газдың сапасына олардың қатысы жоқ екенін түсіндірді. «Сигма-газ» ЖШС-нің маманының жауабы мен жаңа тарифтың құнын естігін халық одан сайын ашуланып, үзілді-кесілді қарсы болды. Наразылықтары одан сайын үлкейген қауымды тыңдаған Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдар Бошқұлов қазіргі уақытта бұл мәселе облыс әкімінің назарында тұрғанын айтып, оның шешімін табу үшін арнайы жұмыстар атқарылуда екенін жеткізді. Сондай-ақ тұрғындардың газға қосылу бағасы бойынша айтып жатқан шағымдарына байланысты бүгінде Алматы облысы бойынша аталмыш жұмыстарға 350 мыңнан жоғары ақы алуға тыйым салуға бағытталған істер жасалып жатқандығын да мәлімдеді. Жиын соңында адамдардың қалауын, компанияның жаңа жобасын және әкімшіліктің көз қарасын естіген Г. Утегенова тұрғындар тарапынан түскен шағым бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесіне тоқталды. Сонымен қатар компания ұсынған жаңа тариф департамент тарапынан қабылданбайтындығын ескертіп, 10 күннің ішінде тұрғындар талабына сай келетін жаңа тарифті өздері бекітетіндігін жеткізді. Ал тұрғындар жиынға қатысқан прокуратура өкілінен «Сигма-газ» ЖШС-нің үстінен қылмыстық іс қозғауды талап етті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
Қарасай ауданы