Айкөркемнің айыбы не?…

Айкөркемнің айыбы не?…

Болғанына жыл толып, халықтың қалың қасіретіне айналған қаңтар оқиғасы қабырғаны ғана қақыратып кеткен жоқ. Орны толмас өкінішке айналған бұл қасіреттің мұң-қайғысы да күн өткен сайын тереңдеп, жазылмайтын жараға айналғаны жасырын емес. Талай жастың қыршын жанын қиып, көптеген адамды жазықсыз жер жастандырып кеткен бұл қайғының орны толмайды, ешқашан ұмытылмайтыны да анық. Ең сорақысы сол, жазықсыз оққа ұшқандардың арасында 7 қаңтар күні Алматыда дүкен іздеген жақындарының жанында жүрген ақ періште – төрт жасар Айкөркем Мелдехан да бар.

Оның 16 жастағы әпкесі Жанельге де 7 жерден оқ тиіп, оның екеуі кеуде тұсын тесіп өткен. Жедел жәрдем ауруханасында 4 оқты омыртқа тұсы мен өкпесінен, жамбасынан алған. Бесінші оқты Алматы қаласының Бағанашыл ықшамауданындағы балалар хирургиясында алғызған көрінеді. Осылайша ауыр жараланған жеткіншек ақпан айында ауруханадан шыққан. Айтып тауыса алмайтын бұл қайғының салмағы тек жақындарының ғана жанына батқан жоқ, күллі қазақтың еңсесін езіп, жүрегіне жазылмас жара салды. Еске түссе әлі күнге дейін жүрек құрғыр өрекпіп, «кінәсі не еді, неге осылай болды?…» деген жауабы жоқ сан сауал көкейге өксік кептейді. Өкінішке қарай арандатушылардың арам пиғылына тап болған осы оқиғадан бері жыл өтсе де отбасы отырған көлікке кімнің оқ атқаны әлі күнге дейін белгісіз. Ал бұған дейін балалардың әкесі балапандары отырған көліктен әскери оқ тапқанын хабарлаған…   Айкөркемнің әкесі Айдос ­Мелдехан бүйрегіне ота жасатқандықтан, 6 қаңтарда ауруханадан шыққанда қызына қатысты істің тоқтатылғанын естіп, әрі-сәрі күйге түскен. Азаттыққа берген сұқбатында ол: «Бұл масқара ғой, сөзім жоқ. Қызымды өлтіргендерді табудың орнына істі тоқтатқан, онысымен қоймай істі «құпия» етіпті. Желтоқсанның аяғында тоқтатыпты. Кеше оны естіген адвокатым айқай-шу шығарғаннан кейін хат жіберіпті. Енді іс материалдарын да көре алмайтын болдық. Не істерімді де білмей отырмын. Ести сала қолхат жазып, ауруханадан бүгін шықтым», – деп мұңын шақты.
Қылмыстық құрамы жоқ деген желеумен жабылып қалған істі тергеген құзырлы орган – оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Айдос Мелдеханға жіберген хатында «Адам өлтіру» бабы (ҚК 99 бап) бойынша қозғалған іс 2022 жылдың 28 желтоқсанда «Қару қолданып, билікті асыра пайдалану» бабына (ҚК 451 бап) ауыстырылғаны жазылған. Екі күннен кейін, яғни 30 желтоқсанда іс тоқтатылып, «құпия» құжат деп танылған. Енді құпия құжаттармен танысу үшін Айкөркемнің отбасы Алматының ұлттық қауіпсіздік қызметі департаментінен арнайы рұқсат алуы керек екен. Бұл турасында мәлімдеме жасаған адвокат Рафик Бейсебеков: «Тергеу органы істе «қылмыс құрамы жоқ» дейді. Яғни Айкөркемді ату қылмыс емес, қаруды заңды негізде қолданған-мыс. Әрине біз шағымданатын боламыз», – деді. Көптің көкейінде қалған «Айкөркемнің айыбы не?» деген сұрақтың анық жауабы айтыла ма, жоқ па? Ол алдағы күннің еншісінде…


Қаңтар қасіретіне бір жыл толған уақытта Бас прокуратура осы туралы бейнеролик ұсынды. Бейнероликте қазақ елінің көз жасын қанмен жуған қасірет әкелген қаңтарда елімізде 5149 адам жараланып, 238 адам мерт болғаны айтылады. Олардың 19-ы – күштік құрылымдардың қызметкерлері. Реті келгенде айта кетейік, осы 19-дың ішінде белгілі журналист Жазира Бегалының күйеу баласы, жас отаудың иесі – Жандос Мұхтарұлы да бар. Ауыр қайғыдан еңсесін тіктей алмаған журналист бауыр еті баласының бақытын баянсыз еткен сол бір қанды қаңтарды өкінішпен есіне жиі алады. «Қаңтарда аппақ қар қанға боялған Республика алаңында күн жарқырап тұр. Алматының қарбалас тіршілігі бұрынғыдай қайнап жатыр. Көліктердің кептелісі, жұмада мешітке асыққан жұрт, қайыршылардың да өмірі қаз-қалпында. Ешнәрсе өзгермегендей. Тек қаңтарда әлгі шеруде астаң-кестең болып, перзентінен, жарынан, әкесінен айырылып, өмірі өксікке толы жандар қайғыдан есеңгіреп жүр. Қаңтарда құрбан болған марқұмдардың кінәсі не еді?  Ол күні алаңға бармадым. Сол түні наразылыққа шыққандар ғимараттарды неге өртеді? Жас, қарусыз курсанттарға зіңгіттей еркектердің оқ атуға қалай дәті барды? Көкейде сан сауал сайрап жатыр.  Күйеу балам Жандос ата-анасының жалғыз тұяғы еді. Өзі бала кезден шекара қызметіне түсуді армандаған екен. Мәңгілік мекеніне аттандырғандар – оқ атқандар анықталар… Менің құдам Мұхтар мен құдағиым Маржанның бір жыл бойы көз жасы тоқтаған жоқ. Қызымның да жағдайы мәз емес. Жаратқан ием әкесінің шырағын жағып, әруағына құран бағыштайтын жалғыз ізі – Рабиғасы, немереме ұзақ ғұмыр берсін, ауырмасын деп тілеймін!» – дейді үмітін үзбеген ана жүрек.  Топалаң ішінде тобасы тау­сы­лып елдің есін шығарған аран­дату­шылар болды деген ақпар жиі ай­тылғанымен, олардың қайдан кел­гені, кім екені ашып айтылмайды. Құдды бір сайтанның сапалағы дерсің. Бейбіт елдің аспан асты, жер үстін қанға бөктірген қара ниет­тілердің мақсаты туралы да мың құ­былған пікір бар. Осы орайда «Опасызда Отан жоқ» деген халық тәмсілі еріксіз еске түседі. Бұл ретте мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды, елге сатқындық жасады деп айыпталып жатқан ҰҚК-нің бұ­рынғы басшысы Кәрім Мәсі­мовке қа­тысты мемлекетке опасыздық жасау және басқа да аса ауыр қыл­мыс­тары туралы іс «аса құпия» тәртібінде тергелуде деген құзырлы орындардың мәлімдемесін көңілге медет етуге мәжбүрміз. Қазақстан Ұлттық арнасының мәліметінше, «К. Мәсімовтің ісінде ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін мәліметтер бар», – дегенді алға тартқан Бас прокурор Берік Асылов: «Материалда мемлекеттік құпиялар бар болғандықтан жариялауға шек­теу қойылған. Істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер бар. Оларды жариялау ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Басқа ақпаратты аша алмаймын», – деп мәлімдеді. Бас прокурордың айтуынша, К. Мә­сімов пен оның бұрынғы орынба­сар­лары А. Садықұлов, Д. Ерғожин мемлекетке опасыздық істеу, билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер жасау, лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану секілді ауыр айыптар тағылып, іс сотқа берілді. Сондай-ақ бұрынғы орынбасары Осиповке және ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшыларына да өкiлеттiктерді асыра пайдалану айыбы тағылып отыр.  «Жалпы, «қаңтар оқиғасы» бойын­ша соттар 1 221 адамға қатысты істі қарады, соның арасында 1205 адам сотталды. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Жолдауында рақымшылық жасау туралы айтып өтті. Нәтижесінде «Рақымшылық жасау туралы» заң қабылданды. Заң аясында арандатушылардың айтқанына көніп, жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыс жасағандар жаза­дан босатылды. Рақымшылық 1 095 адамға қолданылды», –деген Бас прокурор қайғылы қаңтар оқиғасының артында кімдер тұрғанын айта келіп, бұған дейін «Дикий Арман» атымен қылмыс әлемінде аты танылған Арман Жұ­ма­гелдиевке қатысты мынадай пікір білдірді: «Тергеу мәліметі бойынша Алматыда Жұмагелдиевке ерекше рөл берілген.

Біз оның Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі куратордың үйлестіруімен әрекет еткенін анықтадық».  Бас прокурор айтқан ақпарға жүгінсек, «Дикий Арман» тәртіпсіздік­терді ұйымдастырып, көпшілікті бақылау­ға алып, бұлтартпас талап қою үшін «халық кеңесін» құруы керек болған. Оған Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген, сондай-ақ қылмыстық топтың белсенді мүшесі Махатов көмектесіп,  Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйіне келуші басбұзарларды қаруландырған. Бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов елде тәртіп орнату шараларын қабылдамай, заңсыз бұйрық берген. Ұрыс жағдайында қызмет бабын асыра пайдаланды деп айыпталған М.Бектановтың ісі бойынша Әскери сотта тыңдау жүріп жатыр.  Сонымен қатар «Тергеуге сәйкес, ол төтенше жағдай кезеңінде заңсыз бұйрық берген және стратегиялық нысандарды әскерилердің күзетінсіз қалдырған», – деген Б. Асылов журналистер сұрағына: «Қаңтар оқиғасына дайындық 2021 жылы жыл бойы жүргізілген. Бұл жұмысты арнайы (жеке) қауіпсіздік қызметкерлері бақылауда ұстаған.                К. Мәсімов – Қаңтар оқиғасы мен мемлекеттік төңкерістің басты ұйымдастырушысы», – деп жауап берді. «Құқық қорғау қызметкерлері қаруды 5 қаңтар күні сағат 16:00 шамасында Алматыдағы Президент резиденциясын қорғау кезінде қолданды. Шабуылдаушыларға қарсы оқ Президенттің мәлімдемесінен бұрын атылды. Осы тақырып төңірегінде туған пікірталас түрлі қоғамдық пікірмен бұрмалануда. Адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезде шабуылды тойтару үшін әскери қару қолдануға мүмкіндік беретін құқық қорғау қызметі туралы, Ұлттық Ұлан туралы, терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңның тікелей нормалары бар», – деген Бас прокурордың сөзіне сүйенсек, сол кезде елімізде орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары да қатысқан. Алайда Қырғыз үкіметі бұл турасында Қазақстандағы қанды оқиғаға қырғыз азаматтарының қатысы жоқ деген мәлімдеме жасады. Аталған деректер бойынша республикалық прокурорлар жалпы саны 720 қылмыстық істі тергеген. Осының негізінде тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталып, ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынған. Одан бөлек , күдіктілердің арасында деструктивті діни ағымдардың 8 жақтаушысы бар. Қаңтар оқиғасы бойынша 573 адам сотталды. Мәжілісте өткен тыңдауда Бас прокурор келтірген мәліметерге назар салсақ. «Басқарылатын хаос кезінде еліміздің жоғарғы басшылығын ауыстыруға бағытталған операция тыңғылықты жоспарланған». Ал бүлікті ұйымдастырушылар ретінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның бірнеше орынбасарының аты аталды. Қазіргі таңда 315 адамға қатысты 127 іс жүргізіліп жатыр. Тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін нәтижелері жұртшылық назарына ұсынылмақ. Аталған мәселеге қатысты Мем­лекеттік кеңесші Ерлан Қарин: «Осыдан бір жыл бұрын қайғылы Қаңтар оқиғасы болды. Теріс күштер бейбіт шерулерді пайдаланып, мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты. Басты мақсаты – жүргізіліп жатқан жаңашылдықтарға тосқауыл болып, ескі тәртіптерді сақтап қалу еді», – деген пікір білдірді.  «Қасіретті қаңтар оқиғасының тамыры саяси тарих толқынында» деген Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Мәжіліс отырысында: «30 жылда халық пен билік арасында әділеттілік принциптерін аяққа басу, ұлттық байлықты әділетсіз бөлу фактілері болды. Мемлекет басшысы болып Қасым-Жомарт Тоқаев келгеннен кейін халықтың үні билікке жете бастады. Бұл бұрынғы биліктің бір бөлігіне ұнамай, реваншистік күштер қалыптасты. Олар қаңтарда бейбіт халықтың әлеуметтік әділ талаптарын пайдаланып кетті», – дегенді айтты.  Отырыс барысында депутат Аманжол Әлтаев «Дикий Арман» лақап атымен елге танылған Арман Жұмагелиевтен ешқандай да «алып тұлғалы, атағы жер жарған Алпамыс батыр» жасаудың керегі жоғына баса назар аударып: «Қаңтар трагедиясы туралы алып-қашпа пікірлер қалыптасып, оқиғаның шындыққа жанаспайтын түрлі нұсқалары таралуда. Нәтижесінде сол ортаның қолдан жасалған жалған қаһармандары пайда болды. Тентектен – тұлға, арандатушыдан – батыр, сотқардан – сардар, қылмыскерден – қаһарман жасағысы келетін әділетсіз әрекеттер етек алып барады. Бұған «Қаңтар оқиғасына» дейін де заңға қайшы әрекеттерімен танылған «Дикий Арманды» мысалға келтірейін. Әлеуметтік желілерде оның жағымды бейнесін жасауға тырысып, жазықсыз қамауға алынды деген секілді негізсіз, пәтуәсіз пікірлер қалыптастырып, «Дикий Арманнан» Алпамыс жасауға тырысуда. Мұндай қой терісін жамылған қасқырдың кейпіндегі жасанды батырсымақтың бейнежазбалары вирус секілді бірден таралып кетуде. Ал осындай жалған жарнамаға құрылған ақпараттық шабуылдар жас ұрпақтың санасына соққы болары сөзсіз. Соның салдарынан жастардан «Осы заманның батырлары кім?» деп сұрасаң, өрт ішіндегі өрімдей бала мен кейуана әжені құтқарып қалған, ерен ерлік көрсеткен Асқар секілді жаңа заманның батырларын емес, топ құрып, тісін жасырған «Дикий Арманды» атаса таңғалмаңыз. Міне, біз бүгінгі жас ұрпақты тәлімі теріс, сырты бүтін, іші түтін «Дикий Армандарға» еріп кетуден қорғауымыз керек, – дегенді атап өтті. Бұл туралы Адырна ұлттық порталында айтылды. Айтып, айтпай не керек, небары төрт жасында ата-анасының өзегін өкінішпен өртеп кеткен періште өмірі өзіне қарсы кезенген қару мен атылған оқтың кесірінен мәңгілік мекеніне кете барды. Көкөрімдей балалар отырған көлікті көздеп, кімнің оқ атқаны енді тіптен жұмбақ күйінде қалып отыр. «Айналайын, Айкөркем, обалың кімде?» деген жауапсыз сұрақтың астарында қалған ақ пен қараның ажыратылар күнінен үміттіміз. Бәлкім сіз бен біз жан түршіктірген қасіретті қаңтардың шындығын
«Айкөркемнің айыбы не?» деген азалы сұрақтың жауабын тапқан күні білерміз…

Жанбота Сұлтанмұратқызы