Суық күндер жақындап келеді. Пеш жағу кезінде өрт көбейіп, сақтық шараларын сақтамау салдарынан кейбір азаматтар қыстыгүні үйсіз қалып жатады. Осындай ауыр жайттардың алдын алу үшін қауіпсіздік ережелерін қатаң түрде сақтануңызды сұраймыз.
Әсіресе, оттан сақ болыңыздар! Өздеріңізге белгілі, пештің аузының алдында ағаш едені үстінде темір қаңылтыр болуы керек. Пешті салған кезде түтін жүретін жолдары ағаштан және басқа жанатын заттардан кем дегенде 38 см аралықта кірпішпен бөліну керек. Пешті жаққан кезде бензин, керосин, дизель секілді отынды пайдалануға болмайды. Пештің үстінде немесе жанында киім, ағаш кептіруге болмайды. Бірақ елдің көбі пешті қалай болса солай салып, немқұрайлылықпен қарайды. Пештерді, түтін жүретін жолдарды уақытында жөндеп, тазалап тұру керек. Пеш жағу кезеңі басталған соң екі ай сайын түтін жүретін жолдарды тазалап тұру, күлді үстіне шығарар алдына су құйып, темір жәшікке немесе арнайы қазылған шұңқырға төгіп жүру қажет. «Өртті сөндіргеннен гөрі, алдын алу оңай» дейді халық мақалы. Шыңдығында, егер өрт қауіпсіздігі тәртібін қатаң сақтап, байқап жүргенде ғана өртті болдырмауға болады. Өкінішке қарай тұрғындар осы қарапайым ережелерді естен шығарып алады.
Тұрғын үйлерде және кәсіпорындардың аумақтарында, сонымен қатар пештерінің жанына жанғыш заттарды, қоқыстарды тастауға болмайды. Халқымыз «Өрт – тілсіз жау» деп бекер айтпаған. Өрттен мүлікке ғана зақым келмей, адамдардың денсаулығы, кейбір жағдайда кісі өліміне әкеліп соғуы мүмкін.
Әлия ҚАСЫМЖАНОВА,
Талғар ауданы ТЖБ аға инженері