Тұмса табиғатты Талғардың тазалығы тамаша ма?
Тұмса табиғаттың төрінде орналасқан Талғар қаласының бүгінгі көркі көз тоярлық. Қарыштап кетпесе де, қарыстап дамып жатқан экономикасы бар елдеміз ғой, көштен қалмай керуенге ілісіп, жайлап басып, жаймен жылжып, ел қатарлы өркениетке ілісіп келеді. Айтпағымыз ол емес, бүгінгі экологиялық ахуалы жайында сөз тарқатсақ деп едік…
Жердің жүзін жайлаған экологиялық мәселелер бізде жоқ дей алмаймыз. Автотехниканың көбеюі салдарынан ауаға тарайтын улы газ мөлшерінің артуы, құрылыс нысандарын салу барысында орынсыз оталып жатқан ағаштардың көптігі, қала тұрғындары санының артуына байланысты тұрмыстық қалдықтар көлемінің артуы, өзен аңғарларына салынған тас-құм өңдейтін карьерлердің көбеюі т.б. көптеген маңызды мәселелер экологиялық ахуалдың бұзылуына басты себеп болатыны белгілі. Бүгінде осы тектес көптеген мәселемен бетпе-бет келіп, аталмыш жағдайлардан біз де аттап өте алмай отырмыз. Елімізде орын алып отырған экологиялық ахуалдың төмендеуіне қатысты мәселеде экологтар мен жауапты мамандар қанша дабыл қағып жатса да құлаққа ілінбей, көзге көрінбей, көңілде еленбей жатқаны да аз емес.
Қала экологиясына қауіп төндіретін басты мәселенің бірі тазалыққа қатысты екені түсінікті. Қалалы жер болғандықтан тұрмыстық қалдықтарды шығаруға қатысты қиындық тудырып отырған жайттар баршылық. Мәселен, қай аулаға барсақ та көзден таса қуыс-қуыста, арықтарда дорба-дорба болып шашылып жатқан қоқыстардан көз сүрінеді. Үлкен-кіші демей қолындағы қоқысты қалаған жеріне лақтыра салып, міз бақпай кете беретіндерді де күнде көреміз. Аудан әкімімен бірге аулаларда жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарының барысын бақылауға барғанда да талай келеңсіз жайларға тап болдық. Кейбір көпқабатты үйлердің ауласына қойылған арнайы қоқыс жәшіктері бос тұрғанымен, айналасына бейберекет лақтырылған қоқыстардың қолқаны қапқан иісіне шыдау мүмкін емес. Мәселеге қатысты жауапты адамдарға тапсырмалар да берілді. Алайда бұл жерде негізгі жауапкершілік тұрғындарда екенін ескерсек, кейбір адамдардың селқостығы мен салақтығының салдарынан онсыз да ушығып тұрған эпидемиологиялық жағдайдың одан әрі қиындап отырғанын айтпасқа болмайды. Қала тазалығына әрбір тұрғын жауапты болып, әр адам тазалыққа мұқият қараса айналаның тазалығы мен көркіне қосқан зор үлес болар еді.
Қазан айы басталғалы бері Талғар қаласы бойынша тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан сенбіліктің де нәтижесі жоқ емес. Бырақ күнделікті тазалық үшін бұл аздық ететіні белгілі. Әр мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары талай жерді тазалап, қоқысын арттырды. Бұл осымен бәрі тазарып кетті деген сөз емес.
Осы айдың 12-сі күні «Fаcebook» әлеуметтік желісінде журналист Жазира Бегалы Талғар өзеніне қатысты тағы бір өзекті мәселені көтерді. Онда Талғардың табиғатына тамсана келіп тап болған жайды баяндап, Алматы облысының әкімі А.Баталовтан өзенге араша сұрап, видеотүсірілім мен суреттер жариялады.
«Кеше достарыммен Талғарға бардық. Тау бөктеріндегі көрікті жерлерді аралап, түрлі түске боянған табиғаттың ғажайып көрінісіне тамсанып, Талғар өзеніне беттедік. Сұмдық көрініс. Қоқыс толған өзеннің мәселесін айналып өте алмадық.
Талғар өзеніне адамзаттың қолымен аяусыз қиянат жасалып жатыр. Өзен жағасына қоқыс тастауды тез арада тоқтатпаса, жасыл желекке тигізетін зардабын айтпаса да түсінікті шығар. Бұл өңірдің экологтары, табиғат жанашырлары, әкім-қаралары, осы суды қарайтын инспекция ұйықтап қалған ба? Басын аппақ қар көмкерген Алатаудың баурайында мөлдір, тұнық, күнмен шағылысып аққан су жағасының қоқыс тастайтын полигоннан қандай айырмашылығы бар? Көліктің дөңгелектері, құрылыс заттары т.б. қалдықтар өзен түбінде жатыр. Жағаға жақын орналасқан нысан көлік жөндейді, машина, кілем жуады екен. Есігі жабық. Демалыс болған соң ешкімді мазаламадық.
Алла бізге сыйлаған керемет көрікті мекенді қорғау – бәріміздің парызымыз!
Жалпы өзен жағасына машина жуатын нысан салуға бола ма? Беделді экологтардың айтуынша су кодексінде тыйым салынған» дей келіп, ҚР Су кодексінде «ғимараттар мен құрылыстарды салуға және пайдалануға тыйым салынады деп анық жазылғанын, одан әрі осы кодекстің 125-бабын алға тартады. Онда былай делінген:
125-бап. Су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде кәсіпорындарды және басқа да құрылыстарды орналастыру, жобалау, салу, реконструкциялау және пайдалану шарттары:
1. Су қорғау белдеулерінің шегінде;
2. Су шаруашылығы және су жинайтын құрылыстар мен олардың коммуникацияларын, көпірлерді, көпір құрылыстарын, айлақтарды, порттарды, пирстерді және су көлігі қызметіне байланысты өзге де көлік инфрақұрылымдары объектілерін, жаңартылатын энергия көздерін (гидродинамикалық су энергиясын) пайдалану объектілерін, сондай-ақ су объектісіндегі рекреациялық аймақтарды қоспағанда, демалыс және сауықтыру мақсатындағы ғимараттар мен құрылысжайлар салуға тыйым салынады.
Көріп жүргеніміздей кодексті көзге ілмей, заңды белден басып отырған мұндай нысандар аз емес. Өзен аңғарында орналасқан тас-құм өңдейтін мекеменің де нақты талаптарды орындамай, заңды белшесінен басып отырғаны жайлы да талай айтылды. Тасын қопарып, құм алып пайдасына жаратқанымен, өзенге төнген экологиялық апатты, тұрғындар өміріне төніп тұрған қауіп-қатерді ескермей отырғаны да шындық. Айта берсек, мұндай келеңсіздіктерді тауыса алмаспыз. Тек әкімшілік тарапынан арнайы тексеріс жүргізіліп, заң аясында шара қолданылады деген сенімдеміз.
«Тазалық – денсаулық кепілі» деп жарыса айтқанымызбен, сол тазалыққа келгенде тамаша деп тамсанатын жайымыз шамалы. Талғар қаласының тазалығына жауапты ПК «Марат» мекемесінің мәліметтеріне жүгінсек, көңіл көншітерлік көп ештеңе байқалмайды, тұрғындар мен қала қонақтарына деген реніштері басым…
60-қа тарта қызметкері бар мекемеде атқарылатын шаруаға байланысты әр түрлі 19 көлік тұрақты жұмыс істейді. Қаладан шығарылған қоқыс аудан аумағына орналасқан «Экосервис» мекемесіне жеткізіледі. Олар тұрмыстық қалдықтарды арнайы сұрыптаудан өткізіп, жарамсыз қалдықтарды экологиялық талаптарды сақтай отырып арнайы полигонға көмеді. Істелетін жұмыстардың ауырлығымен салыстырғанда ай сайын тұрмыстық қатты қалдықтарға тұрғындардың төлейтін ақысы да айтарлықтай көп емес. Жеке үйлерде тұратын тұрғындар үшін адам басына 350 теңге, ал көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін жан басына 310 теңгеден төленеді. Барлығы келісімшарт жүзінде жүзеге асатын болғандықтан, ешкімнің қалтасына ауырлық келтіретіндей көп емес. Алайда тұрмыс қалдықтарынан бөлек, құрылыс қалдықтарын шығаратын тұрғындар үшін арнайы техника қарастырылған. Қалаға қарасты әр аумақта мекеменің арнайы бақылаушылары қызмет істейді. Олар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажет кезінде қолұшын беріп жатады.
Толық мән-жайды білу үшін мекеме басшысының өндірістік шаруашылық жөніндегі орынбасары Арыстанбек Әбілқайырұлымен аз-кем сұхбаттасқан едік. «Жұмыс өте ауыр болғандықтан, тұрғындарға қойылатын талаптар да жоқ емес, бірақ оларды соншалықты қиын деп айта алмаймын. Мәселен, апта сайын шығаратын қоқысын тұрғындар сұрыптап қойса жақсы болар еді. Ақшасын төлеп жатырмыз деп, сұрыптаған былай тұрсын, үлкен-үлкен қаптарды ауыр қоқыстармен толтырып қоятындар бар. Тіпті, ақысын алып жатырсыңдар деп машина толы қоқыстарын шығаруды міндеттеп, жөнсіз талап қойып міндетсінетіндер де кездеседі. Болмаса, қалай болса, солай ұсақ дорбаларға салып есігінің алдына үйе салады, онысын ит шашып тастайды да, жинауға келген жұмысшыларға қолмен теріп алуға тура келеді. Ал оларды жұмысшылар машинаға тиегенде де біршама қиындық тудырады. Сосын қауіпті тұрмыстық қалдықтарды да бөлек салып қойса, өйткені әр-түрлі батареялар, өткір, үшкір заттар, әйнектер, күйдіргіш сұйықтықтары бар құтылар т.б. жұмысшылар өміріне қауіп туғызуы мүмкін. Тұрғындар осы жағына мұқият болса деген өтінішіміз бар. Ақшасын төлеп қойғанмен, адам істейтін ауыр жұмыс болғандықтан, осы жағына мән берілсе жақсы болар еді. Өйткені олар да адал еңбекпен нанын тауып жүрген адамдар, олар да біреудің жан бауыры, ағасы, інісі, әкесі ғой.
Егер қандай да бір келіспеушіліктер мен келеңсіздіктер орын алған жағдайда хаттама толтырылып, әкімшілікке жолданады. Осыған орай Әкімшілік кодекстің 505-бабы бойынша 20 АЕК көлемінде салынатын арнайы айыппұлдар қарастырылған. Бұл шаруаларды әкімшілік пен ішкі істер қызметкерлерімен, қоғам белсенділерімен бірлесе отырып жүргіземіз. Ондай орындарды мобильді камераларды қою арқылы да қадағалауға аламыз.
Бауыржан атамыз айтқандай «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Жалпы, мекемелер мен қала тұрғындары тазалыққа қатысты тәртіп пен талапты сақтаса, қаламыздың экологиясына да келер қауіп пен денсаулығымызға тиер зиян да азаяр еді», — деп ағынан жарылған азаматтың сөзіне қосыламыз.
«Адамға туған жері де, тұрған жері де бірдей» деген сөз бар ғой, ендеше кім болса да табан тіреп, тірлік етіп отырған жеріне қатысты қай мәселеден де шет қалмай, қолдан келгенше атсалысқаны жөн. Осыған орай қыстың аязды күндердің ызғары мен жаздың аптап ыстығына, күздің жағадан су сорғалаған суық жаңбырына қарамай тынымсыз еңбек ететін тазалықшыларға деген құрметіміз артпаса, азаймасыншы деген тілек бар.
Жанбота Сұлтанмұратқызы,
тілші