МЕН НЕ ҚЫЛДЫМ, ЯПЫРМАУ?!

МЕН НЕ ҚЫЛДЫМ, ЯПЫРМАУ?!

(Абайды соққыға жыққандар туралы)

Заманында «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым, етекбасты көп көрдім елден бірақ» деп кейіген еді ұлттың ұйтқысы Абай. Абай неге кейіді? Тайғанақ тағдыр неге данышпанды қайта-қайта жылатты? Абайға қол көтерген кім? Уақыт өткен сайын осы сауалдардың да иірілген тұсы көбейе түседі екен. Абайды танып, білуге ұмтылған әрбір жүрек өзіне осындай сұрақ тастаса керек-ті. Рас, Абай Алла Тағаланың ерекше бір жаратқан пендесі еді. Талант десе – талант, ой десе – алапат ой, кемерінен асып төгілген парасат.

«Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп тек қана нәпсісін ауыздықтап, дүниенің қызыл-жасыл қызығынан бас тартып, өз-өзіне сын көзімен қараған, қоғамының намыс қайрағы болған, ақирет күнін ойлап, имани адалдық пен тазалықтың биігіне көтерілген шын тақуа ғана айтса керек. Кемеңгердің сөзі еді бұл.
Тарихтан білетініміздей, Абай заманында болыс та болды. Ел ісіне араласты. Халықтың мінезін түзеуге қайран күндерін, қажыр-қайратын сарп етті. Нүктесі қойылмайтын жер дауына да қатысып, жоқ-жетімнің құқын қорғап, шынжыр балақ, шұбар төс бай-бағландармен арпалысты. Кінәсі болса аталас деген жақынына да қарсы уәж айтып, ақиқат алдында әділет жолынан тай­салмады. Бірақ о заманда Абай айтқан сөз, Абай шығарған үкім, Абай кескен дау Құран сөзіндей заң емес-ті. «Бас-басына би болған өңшең қиқым» оның сөзін жүре тыңдап, тіпті, керек десеңіз шын ғұламаға айбар шегіп, айбат көрсеткен сәттер де көп болған. Мәселен, Ши түбіндегі Абай дұшпандарының бірігіп баталасуы. Ел ісіне араласып, өкім айтып, қарашаның зарын тыңдап, солардың жақтаушысы болған Абайға қарсы күреспекке жуандар сөз байласқан. Бірде Мұрын деген кісінің қызы Сыбандағы атастырылған жеріне бармай, қарсылық танытып, ақырында сүйген жігітімен қашып кеткен екен. Осы оқиға ел арасында дау тудырған-ды. Екі ел арасына бітім айту үшін Абай Сыбан еліне Жиренше мен Оразбайды жіберген. Екеуі елге келген соң Сыбан жақтың шешіміне риза болмай, «Жол осы ма еді, Кеңгірбай әруағы қайдасың?!» деп ұран тастап, әруақ шақырғанын айтып келеді. Мұны естіген Абай: «Кеңгірбайдан ел әділ­дік көрген жоқ, ел ішінде ол «қара қабан» атанған» деп реніш білдірген екен. Абайдың бұл сөзін Кеңгірбайды тілдеу деп түсінген Оразбай, Жиренше, Байғұлақ, Күнтулар – барлығы 16 адам болып, Абайдан кек алған. Анттасудың нәтижесінде Күнту болыс болып сайланған-ды. Осы оқиғада Абай сүйегі бір атасы болса да Кеңгірбайдың мінін айтып, сөзінің әділдігін білдірген еді, бірақ можантопай, пасық кеуделер ата атын қорлады деп атқа қонбап па еді?
Абайға қарсылық көрсеткен адамның бірі – Үзікбай Бөрібайұлы деген кісі. Қызылмола болысының адамы. Туған, өлген жылы белгісіз. Үзікбай 1876 жылдың 21 қыркүйегінде және 23 қарашасында Абай Құнанбайұлының үстінен Семей уездік сотына арызданып, шағым жазған. Абай мен ауыл старшинасы Мұса Аюбайұлы үнемі өзін жөнсіз жәбірлейді және Абай билер мен старшиналардың мөрлерін алып, өз бетінше үкім кесіп, жұрттан пара алып, ауылдарды әдейі шаптырып, мал тонайды деп жала жапқан. Абайдың орынсыз ауыл шаптыра берген қырғынынан қорқып бір әйелдің бала тастағанын, Таймақкөл деген жер менің меншігіме тиесілі деп арыз үстінен арыз жазған. Округтік сот анықтауынша, бұл арыздардың бәрі жалған, ойдан құрастырылған жала болып шығады. Үзікбай 1883 жылдың 27 сәуірінде арызын тергеуші Новоселовқа бар кінәсін мойындап, білместікпен жаздым деп кешірім сұраған. Сөйтсек, бұл кісінің басты мақсаты Аюбайұлының орнына өзінің аталас туысы Мықышұлын қойғызып, келесі сайлауда Қоңыр-көкше болысына тағы да Абайдың сайланып кетпеуі үшін жасаған әрекеті екен. Үзікбайдың айтуынша, Абайға қарсы арызды жаздырған Қаратай Сапақов болыпты.
Ал Қаратай Сапақов – Тобықты елінің Көкше руынан шыққан атқамінер. Уағында би, ауыл старшинасы болған. Қаратай ес білген шағында Құнанбайдың айтқанын істеп, қажының қасында жүрген. Кейін Майбасар болыс, Құнекең аға сұлтан болған мезетте аралары суысып, бір-бірі­мен жауығып өткен. 1876-1884 жылдары осы Қаратай Үзікбай арқылы Абайдың үстінен жоғарыға арыз жаздырып, Абайды күйелеп отырған. Бір кездері Абай мен Қаратай сөз қағыстырған екен. Бұл жайында заңғар жазушы Мұхтар Әуезов Абайдың 1940 жылы шыққан өлеңдер жинағында бірер мысал келтірген-ді. Бітпейтін бір дау-дамайдың үстінде Қаратай Абайға қарап: «Ей, Абай! Менің заманым пайғамбарға жақын» депті. Сонда қоғам айнасы болған жан: «Алатаудың басы күнге жақын. Бірақ басында мәңгілік қар жатады. Төменде, сайында неше түрлі өсімдік, неше алуан жеміс шығады. Рақым, жақсылыққа алыс жер, алыс заман жоқ. Қайда болса да жетеді. Сіз пайғамбарға Ғазірет елінің әкесінен жақын емессіз. Ол кәпір бол­ған» деп сөзден тосқан екен деген әңгіме содан қалған.
Өмірзақтың Рахымы деген болған. Абай ауылының адамы. Бөкенші руынан шыққан. 1898 жылы Мұқыр сайлауында Абай өміріне қастандық жасаған топтың басы. Ақынды жерге жығып ұрып, қолынан сағатын тартып алған кісі. Рахым сияқты тағы бір қаскөй болған. Оның аты – Нұрғазы. Дәл осы Мұқыр сайлауында ақынға қамшысын ала ұмтылғанда Уәйіс Сопин Абайды өз денесімен қорғаштап, соққыны тигізбей, аман алып қалған-ды.
Әуел баста Абаймен ниеттес болып, балалық шағында бірге ойнап-күлген, кейін бітіспес жауға айналған Оразбай Аққұлыұлы (1837-1921) бар. Тобықты еліндегі Бұғылы болысының байы, қажы болған. Оразбай мен Абай жер дауы мен ел дауында араздасып, жауласып өткен. 1898 жылғы әйгілі Мұқыр сайлауында Бөкенші, Жігітек руларының алауыздығын пайдаланып, Абай өміріне қастандық жасап, соққыға жығып, жанжалмен сайлауды таратып жіберген топтың көсемі осы Оразбай еді. Хәкімнің «Сенатқа хатында» Оразбайды ел ішінде бүлікшіл топ құрып, ағайын арасында араздық тудырып жүрген адам ретінде қатты айыптап жазып еді ғой.
Турағұлдың әкесі Абай өмірі туралы жазған көлемді естелігі бар. Сол тарихи естелікте: «… Тобықтыда қиян-кескі екі ру партиясы бар, оның басында Оразбай қажы, Жекең деген елден Әбен қажы, Серғазы қажылар топ құрды» деп жазған. Әбен қажы – халық ақыны Шәкір Әбеновтің әкесі. Қажылық парызын өтеген, Тобықты руынан шыққан белгілі адам. 1898 жылғы Мұқыр сайлауында Оразбайға ілесіп, Абайға қоқан-лоққы көр­се­тіп, хәкімнің басындағы бас киімін алып қашып кеткен. Кейін Әбен ақыннан кешірім сұрап, істі қазақы жолмен бітіріп, айыбын төлеген-ді. Әрхамның естелігінде Мырза-Жәкеңнің адамдары айыпқа 40 түйе әкелгендігі туралы айтылған. Абайды тар жерде тақым салып, соққыға жыққысы келгендер қатарында Әкімжан Исабайұлы, Әкімқожа, Бейсенбі Жақыпұлы, Кеңгірбай бидің шөбересі Бұланбай Найманбайұлы, Есентай, Жиренше Шоңқаұлы да болған. Арқабайұлы Дәуіт деген кісі Абайға кісі өлімі туралы жала жауып, Омбыдағы дала губернаторына арыз жазып, көмек сұраған-ды. Қазақтың өзіне жақсылық ойлап, жанын ыстық табада қуырған қайран Абай ақынның тағдыры Омбыдағы генерал-губернатор кеңсесінде қаралған еді. Дәуіттің арыз-шағымын жалған деп дәлелдеп, қорғаушысыз ақ өзінің ақ екендігін көрсеткен шешен әрі дала жарғысының ең әділ қазысы болған бірегей еді ғой бұл тұлға.
Хәкім:
Патша Құдай, сыйындым,
Тура баста өзіңе.
Жау жағадан алғанда,
Жан көрінбес көзіме.
Арғын, Найман жиылса,
Таңырқаған сөзіме.
Қайран сөзім қор болды
Тобықтының езіне, – деп айтқан-ды. Кәкітайдың естелігінде «Өзге алыс ел құмар болып, Абайдың сөзін жаздырып алып, жиылған топта Абайдың насихатын ұқса, ұқпаса да құлақ қойып тыңдап отырғандарына қарап, қайта ең жақын туысқан елі тобықтының көбі сөз, жазған өлеңімен ісі жоқ болып, Абайдың өзіне жаулық ойлаған» деп жазылған. Абай үнемі айналасынан, өскен ортасынан таяқ жеп отырған. Өткір ызадан туған осы өлеңінде шырқыраған шындық дауысы естіліп-ақ тұрғандай. Абай өз заманындағы рухани өресі тар, надан, қоғамның құрбаны еді. Абайға көтерілген шоқпар, оның арқасына тиген дүре – қазақтың өзіне, рухани өміріне тиген ащы таяқ-ты. Бұл тек данышпан тұлғаның қасіреті емес, бүкіл ұлттың қасіреті еді.
Біржан салды «жынды» деп арбаға байлап, домбырасын сындырған едік. Ақан серіні «есі ауысқан пері» деп ғайбаттап, туған жұртынан бездірген ел едік. Шын ғұлама, парасат-пайымы мол хәкімге қол көтеріп, соққыға жыққан неткен бейшара едік… Ұлттың бағына біткен шынарды бағаламай жүретініміз не осы? Кеңес заманындағы зорлықпен танылған өлім Абай сенген, үміт артқан бүкіл елдің жас өскін – Алаш ерлерін отап түсірген дүлей домалақ арыз, доностың кесірі еді.
Тағы да бір ойланып қарасақ, Абай өмір сүрген уақыт – қазақ ұлтының орыс патшалығына күні түскен, өз билігі өз ырқынан шыққан, отарлық қамытын әбден киіп, алым-салықтың түр-түрін өтейтін ауыр кезең-ді. Империяның жарғысына сай дала өлкесін басқару жүйесі құрылды. Қазақтар өз ішінде қырық пышақ болып, таққа, болыстыққа, сұлтандыққа таласып-тармасып жатты. Орыс билігіне жағу үшін байлар алдына жан салдырмай, жағымпаздыққа бейім­делді. Ұлт тамырына кесел болып сол жағымпаздық, жалтақтық дерті мерез болып жабысты. Ақырында, Кеңес билігі орнағанда Абайдың кіндігінен тараған ұрпақ та, Алаш оқығандары да бір оқтың құрбаны болды да кетті. Өзгеге әлі жетпеген ұлт өзін-өзі талап-жегенін уақыттың өзі көрсетті емес пе? Ендігіде мұндай зор шығын, қолдан жасалған нәубет болмасын десек, өткеннен сабақ алып, қазақтың бағына біткен ерлерді аялай білейік, тани түсейік!

Елдос НҮСІПҰЛЫ,
жазушы, әдебиет сыншысы