Сапалы мемлекеттік қызмет – уақыт талабы

Сапалы мемлекеттік қызмет – уақыт талабы

Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет жүйесін электронды форматқа көшіру және оған азаматтардың еркін қолжетімділігін қамтамасыз ету үкімет алдында тұрған маңызды стратегиялық міндеттің бірі. «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасына сәйкес, халыққа мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру мақсатында ақпараттық технологияларды кеңінен қолдана отырып, электронды форматта қызмет көрсету заман талабына сай қарқынды дамып келеді.

Жуырда  аудан  әкімдігінің  үлкен жиынжайында облыстың аудандары мен қалаларында Мемлекеттік қызметтер көрсету және ақпараттық технологияларды қолдану бағыттары бойынша мемлекеттік органдардың қызметінің тиімділігін бағалау аясында семинар-кеңес болып өтті. Маңызды іс-шараға Алматы облысы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің бас маманы Ержан Сабитов, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бас маманы Тамир Дәненов, жетекші маманы Санжар Биғалиев, сонымен қатар Талғар аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарының мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерінің басшылары мен мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жауапты мамандары, ауылдық округтердің әкімдері мен мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жауапты мамандары қатысты. Семинар-кеңесті ашып, ондағы қаралатын мәселелермен таныстырған Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Жарқын Нұрғалымов алғашқы сөзді Алматы облысы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің бас маманы Ержан Мұратұлына берді. Бүгінде электронды форматта мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге айрықша көңіл бөлініп отырғандықтан, талап та, жауапкершілік те күшейтілгенін алға тартқан Е.Сабитов облыс бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша өткен жылдың қорытындысына тоқталды. 2019 жылы облыс аумағында халыққа 7 млн. 800 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсетілгенін, оның 80 пайызы электронды ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асқанын  айтты. Бұл көрсеткіштің 50 пайызы денсаулық саласына тиесілі болса, 36,6 пайызы ауылшаруашылық және ветеринария бағытында атқарылған. Қазіргі таңда заманауи технология жетістіктерін шеберлікпен пайдаланудың арқасында мемлекеттік органдар мен үкіметтік ұйымдар халықпен тұрақты қарым-қатынас жасаудың тиімді жолдары жүзеге асырылып келеді. Тұрғындар мемлекеттік қызмет түрлерінің басым бөлігін үйден шықпай-ақ электронды үкімет порталы арқылы алады. Әсіресе, шалғайдағы ауылдық елді мекен тұрғындары үшін бұл өте тиімді. Жолға шығындалмайды, уақытын үнемдейді, ақпараттың ашықтығы әрі жариялылығы да қамтамасыз етілетіндігін жеткізді. Бұл орайда халыққа түсіндіру, ақпарат беру шараларын тиімділікпен жүзеге асыру мәселесін баса айтты. Үшінші тұлғаларға анықтама беру қызметі egov.kz-те қолжетімді болатынын, осыған орай «Анықтамасыз қызметтер» жобасын іске асыруға қатысты нақты түсіндірме берді. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның жетекші маманы Санжар Биғалиев «электронды үкіметін» дамыту аясында іске қосылған жобалардың бірі «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесіне байланысты мәліметтерді жеткізді. Осыдан кейін жиналғандар тарапынан көптеген сауалдар қойылып, сала мамандары түсіндірме жауаптар берді. Бұл күнгі семинар-кеңестен қатысушылар мол мағлұмат алып тарқасты.
Райхан Азимова,
«Талғар».