Жуырда «Мектеп асханасы» республикалық акциясы аясында аудандық білім бөлімінің жанынан құрылған сарапшылар тобы қаламыздағы бірқатар білім мекемелерін аралап, асханаларға сараптау жұмыстарын жүргізді. Талғар аудандық білім бөлімі жанынан арнайы құрылған бақылау тобының құрамында «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков, қоғам белсендісі Жасұлан Айтқалиев, аудандық білім бөліміне қарасты есеп бөлімшесінің маманы Арай Жұмабаевалар болды. Акцияның негізгі мақсаты мектеп асханаларының тазалық жағдайын бақылап, жаңа қондырғыларды ұтымды пайдаланып, мемлекеттік стандарттар бойынша оқушылардың сапалы тамақтануын назарға алу, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың тамақтануына жұмсалатын қаржының тиімді жұмсалуын қадағалау, ас мәзірінің бала денсаулығына пайдалы болуын әрі сапалы дайындалуы мәселелерін тексеру болды.
Бүгінгі күні аудан мектептерінде 31 асхана, 11 буфет жұмыс істейді. 42 403 оқушылар контингентінің 34388 ыстық тамақпен, оның ішінде 2 226 әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасынан шыққан оқушыларға тегін тамақ берілетіндігі және құжаттары заңнамаға сай екендігі анықталды. Балалардың мектеп қабырғасында дұрыс тамақтанып, салауатты болуы – ең маңызды мәселе. Сондықтан да мектептердің асханаларының жұмысында ас мәзірінен бастап, оның құрамы, қызмет сапасы, тазалық сияқты мәселелерді бірыңғай талаптарға сай жүргізу басты назарда болуы керек екендігі ескертілді. Бұл күні тексеріс жүргізілген қаламыздағы №3, №2, Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 мектептердің асханаларындағы жұмыс барысы бақылау комиссиясының көңілінен шықты. Асхана қызметкерлерінің барлығының дерлік медициналық тексеруден өткендігін анықтайтын кітапшасы болды. Ас мәзірі талапқа сай. Тазалық та сақталған. Болашақта мектеп асханасының сапалы жұмыс істеуін бақылау әрі қарай да партияның басты назарында болатын болды.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».