Тақырып қоярда кейде тосылып қалып жатамыз. Өйткені сәтті таңдалған тақырып жарты мақаланың жүгін арқалайтынын әр журналист сана шеңберіне шегелеп қоятыны бар. Бұл жолы да әрбір тақырыпты ақтарып шықтым: «Нұрадағы нұрлы істер», «Өшкенді тірілткен, дәстүрді жаңғыртқан мекен», «Ұлттық өнерді ұлықтаған ауыл», тағысын тағы. Қай-қайсы да біз әңгіме еткелі отырған ауылдың ажарын айшықтап тұрса да, қарабайыр көрінді. Өйткені, аудан орталығынан 60 шақырымнан астам шалғайда жатқан, 4 елдімекенге топтасқан Нұра ауылдық округіне қарасты Нұра ауылының татымды тірлігі тың тақырыпқа сұранып тұрды. Қазақтың, ұлттың болашағы үшін істеп жатқан өрелі істерін, ұлттық өнерді ұлықтап, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына шынайы еңбек етіп жатқан шұрайлы жұмыстарын көзбен көріп, көңіл сүйсініп қайтқандықтан да жауыр болған тақырыптар тым жұпыны көрінетіндей сезілді. Ауыл мен қазақ – ажырамас ұғымдар екенін жете түсінсек те, аты – қазақ, заты – бөлек ауылдарды да көріп жүрміз. Ал бұл Нұра бұрынғысынан да, басқаларынан да тым өзгерек. Ата-баба мұрасымен, аманатымен бүгінгі ұрпақты уыздандырып жүрген шағын ауылдың шынайылығын сіз де біле жүріңіз, оқырман.
Тарихты ескерткіштер сөйлетеді
Өткен ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғалардың ескерткіштерімен мектеп оқушыларын таныстырып, жанды тарих сабақтарын өткізу өз нәтижесін беретіні бесенеден белгілі. Аудандық Мәдениет үйінің директоры Берік Шағаев пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Арсен Құрманғазиев бастаған, мәдениет қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қостаған алқалы топтың бұл шараны ұйымдастырудағы мақсаты да осы болды – ұрпақтың санасын ояту, өресін ашу. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында атқарылған сапар алдымен Жамбыл мен Құлмамбет айтысы өткен орынға орнатылған ескерткіш тақтаған тәу етумен басталды. Нұра мен Туғанбай ауылдарының аралығындағы Іленің сол жағалауындағы «Құрөзек» деген жерде екі ақынның айтысы өткен деген дереккөздерге сүйеніп бұл белгі осыдан екі жыл бұрын орнатылған-ды. Әрине, бұл айтыстың қайда өткендігі туралы талас пікір әлі бар. Жамбылдың туғанына 100 жыл толуы мерекесіне орай Қазақ ССР Ғылым академиясы басып шығарған Жамбылдың толық жинағында екі ақынның айтысын 1881 жылы Іле өзені бойында өтті деген дерек келтірілген. Ал кей зерттеушілер албан елінде үлкен шілдехана той болып, оған Жамбыл барып, айтыс сол тойда өткен дейді. Қалай десек те, «Менің пірім — Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай», — деп, суырып салма ақындығымен, төкпе жыраулығымен «ХХ ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл Жабаевтың өзі де, өнегелі жырлары да, айтыстағы шешендігі де жұрт жадында жақсы сақталып келеді. «Дәстүрлі ақындар айтысының озық үлгілерінің бірі Жамбыл мен Құлмамбет айтысының біздің аудан аумағында өтуі мүмкін деген сөздің өзі жастардың мақтаныш сезімдерін тудыруы мүмкін. Ізденіп, тарихшылармен сөйлесіп, пікірлерін тыңдағаннан кейін барып орнатылған бұл тақта талай жастың тарихқа, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін оятары сөзсіз. Немеремді де арнайы ертіп келіп, айтып жатырмын», — деді Берік Шағаев белгі қасында тебірене сөйлеп. Мүмкіндігінше жылына бірнеше мәрте келіп, оқушыларды әкеліп, көрсетіп, түсіндіріп, таныстыру жұмыстары өз жалғасын таба береді.. Еліне деген сүйіспеншілігі жоғары азаматтар барда тарихқа терең бойлау тасада қала бермейтіндігін тағы бір баса айтқым келеді.
«Ғасырлар үйіндегі» апамның иісі
Бізде кейде науқандық жұмыстар ғана жүргізілетіні ақиқат. 2-3 сағат көлемінде өткізіліп, кейін ұмытыла бастайтын «жалынды шаралар» бар. Дегенмен, сыртта туып, жырақта өссе де қазақтығын жоғалтпаған жастары бар жерде бұл олқылықтың орны толуда.. Келесі келелі әңгіме Нұра ауылдық Мәдениет үйінің директоры Семейхан Дәріпхан мен ауыл өнерпазы Айдос Балғабек бастап ауылдағы Мәдениет үйінің ішінен ашылған «Ғасырлар үйі» музейінде өрбіді. Қазақ үй іспетті жасалған музей үйіне кіргеннен-ақ апамның иісі мұрныма келді. Жүрегімнің түкпірінде сақталған иіс бұрқ ете қалғанда, бүкіл күнделікті күйбең тірлікті, қиыншылықты… қиыншылықты деймін-ау бүкіл әлемді ұмытып кеттім. Күн сіңген кимешектерін киіп, маңдайлары шып-шып терлеп, қолындағы істеріне құныға кірісіп кеткен әжелердің шуағы өне бойымды шымыр еткізді. Бірі кесте тігіп, бірі ұршық иірсе, енді бірі киізден пима жасау әдісін жетік меңгергенін байқатып жатты. Өмірден озған апам тіріліп келгендей, өшкенім жанғандай қуанышты сезім бойымды кернеді. Қазақ болып туғаныма қуандым. Осындай өнер қазаққа берілгеніне қуандым. Ұлы өнерді ұмытпай, сақтап, балаларға үйретіп жатқан әжелерімнің барына қуандым. Музейдің экспонатындай керек кезде қазақы камзолдары мен кимешектерін киім, тізіліп отыра қалуға жаралмағандары істерінен де, сөздерінен де аңғарылып тұр. Қазақтың өзінде барын қазаққа аманаттап кетуді басты мақсаттары етіп жаулығының ұшына түйіп алғандай қай-қайсы да. Қолдарындағы қолөнер туындыларының идеясы сан қилы. Көзің тойып, жаның семіреді. Уақытыңды бөліп жандарында сәл аялдасаң, ұлттық рух атой салып шыға келеді.
Менің көзім өрмек тоқып жатқан әжеге түсті. Қазақы бүрме көйлегін киген 9-10 жасар немере қызы қасында. Кім келгенінде шаруасы жоқ, ойға алған ісін аяқтауды ғана ойлап отыр. Қасына барып өрмегіне көз салдым. Тіпті түсініп болмайтын дүние. Қызылды-жасылды жіптері де, өрмек тоқып жатқан құралы да өзгеше апамды әңгімеге тарттым.
- Атым Айнұргүл Мерейхан. Өрмек тоқуды 12 жасымнан бастап шешемнен үйрендім. Алғашқы тоқығаным басқұр болды. Моңғолияда жүргенде күніге айналысатын ісіміз осы қолөнер болатын. Атажұртқа келген соң бұл кәсіпті ысырып қоюға тура келді. Көп уақыт қолға алмай қалдым. Кейін осы әжелер ансамбліне мүшелікке өтіп, сүйікті ісіммен қайта қауышып жатырмын. Бүгінде бұл істі үйренемін деген балалар бар екен, соған қуанып жатырмын,- деп ісмер әжем ісін жалғастыра отырып мен сұраған құралды түсіндіріп берді. – Бұл терме деп аталатын өрмек тоқудың бір түрі. Үш аяқты ошақ сияқты «мосы» деген мына құралдың екі басы қазыққа не шегеге керіліп, желі сияқты керекті жіптері жер бетімен түзу тартылып керілген, алаша, қап, басқұр, бау және шекпен тоқу үшін таптырмас құрылғы. Ол қайық, серу жіп, қылыш, адарғы, мосы ағаштың көмегімен күзу немесе мойып жіп (күзеу), арқау жіптер арқылы есіп тоқылады. Тақталы алаша, терме алаша, басқұр әр түрлі боялған түрлі-түсті жіптен, ал шекпен тайлақ жүнінен арнайы оң, теріс иірілген жіптен тоқылады. Өрмекке арналған жіптің аралары ұзындығы 15 – 25 см, 15 – 20 см етіп үш қазыққа іліп, айналдыра төгіп шығады. Содан соң төгілген жіп күзеуге байланады да, одан кейін жіп қазықтар арасына төгіледі. Соңынан өрмектің екі басы керіліп байланады, ал күзу жіп мосы ағашпен керіледі. Сонда ғана өрмек тоқуға даяр болады, — деп Айнаргүл әже ерінбей көрсетіп берді. 9 жасар немересі Әйгерім Құмырзақты екі жасынан бастап қасына ертіп, ине ұстап, түйме қадаудан бастап кесте тігуге баулып жатыр екен. Өрмектің бір қатарын тоқып, көрсетсе де бұл қиюы қиын істі қазақ әйелдері шебер атқарғандығына сүйсініп қалдым. Ұлттың тілін, тәрбиесін, мәдениетін сақтап қалатын әйел энергиясы екендігін сезіндім. Еркек түздің азаматы болғандықтан, қоғамға үлкен үрдіс, бағыт беретін – тек қана әйел екен деп ой түйдім. Қазақтың қолөнері арқылы қыздарымызда киелі аналарымыздың болмысы оянса екен тәтті ой мазалай берді….
Нұраның нұры «Нұраймен»
- Осыдан екі жыл бұрын 12 әже бірігіп «Нұрай» әжелер ансамблін аштық,- деп келесі сөз тізгінін алған, өзін әжелер ансамблінің жетекшісімін деп таныстырған Камура Ержанова әжеміз. — Сан түрлі қолөнер туындысын жастарға үйрету — басты ұстанымымыз болды. Сондақ-ақ, халық жадында сақталып келе жатқан қазақтын ән-жырын, би-күйін де өзіне қайтару да ойымыздағы шаруа. Ниетіміздің дұрыстығына Семейхандай бауымыз септесіп, мектеп оқушыларына танымдық сабақтарын өткіземіз. Текемет басу, сырмақ, ши, өрмек тоқу әжелеріміздің күнделікті шаруасы. Аптасына 2-3 мәрте оқушыларымыз музейімізге келіп, қалағандарын үйреніп жатыр. Қазір каникул болғандықтан немерелерімізді ертіп келіп, көрсетіп жатырмыз.
Берекелі істің басында жүрген Семейхан Дәріпхан бауырымыз екенін естігенде, «ауылына қарап азаматын таны» деген тәмсіл оралды тілге. Мәдениет үйінің табалдырығынан аттаған жанның жүрегіне ізгілік ұялатып, рухани эстетикалық тәрбие берумен шектеліп қалмай қазақылығымыздың қаз-қалпында сақталуына атой салып жүрген арда азаматтың ісіне қуанып қалдық. Көрменің өткен күннің белгісі ғана емес саф өнер арқылы ұлт тарихын ұлықтау, салтын, қалпын сақтау үшін ашылғандығы айқын аңғарылып тұр. «Көк түріктен тараған көк бөрінің ұрпағы болғандықтан, біздің негізгі бағытымыз – ұлттық құндылықтарды бүгінгі заман талабымен үйлестіре отырып, дәріптеу. Қолөнер – жұтамас азық, таусылмас байлық. Оның құны түскен емес. түспейді де. Соның арқасында ісіміз алға басып келеді», — дейді Семейхан бар қазыналарымен таныстыра жүріп. Округтегі барлық мәдени іс-шаралар тұрақты осы Мәдениет үйінде өтеді екен. Ән, би, домбра , қолөнер, әжелер ансамблі, қазақша күрес, ережесіз күрес, волейбол, шахмат, дзюдо, теннис, ағылшын тілі сынды 15- үйірме жұмыс жасайды.
Құнары бөлек кітапхана
Қазір қоғамда белең алып отырған ұлттық рухани дағдарыстың бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Жанталасып, оған оралудың сан жолдары қарастырылып жатқанымен, оны қабылдаудың, сіңірудің қоғамдық көрінісі әлі терең деңгейге, биік белеске жете қойған жоқ. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан да Елбасы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» екенін дер кезінде топшылай білді және қолға алуға тапсырма берді. Шүкір, осы мақаланың аясында мұнарлана бастаған салт-дәстүр қайта жанданды, жер-жердегі баба дәстүрі қайта түлеп сала берді. Сондай шаралардың дәнегін егіп жүрген жанның бірі ауылдық кітапхана меңгерушісі Гүлнәр Ахад деп айта аламыз. Кітап қоры жылдан-жылға артып, бүгінде 26000-ға жеткен. 600-ден астам оқырманның көпшілігі оқушылар мен жастар екен. 2012 жылы Моңғолиядан туған жерге оралғалы бері әр салада қызмет атқарса да тек оң нәтиже шығаруға үйреніп қалған Гүлнәр апай кітапхана ісін де гүлдендіріп отырған жайы бар. «Қызықтыра білсе кітап оқымайтын жан болмайды. Жастар кітап оқымайды деп ұрандағанды ғана білеміз. Бізде керісінше, оқырманымның басым бөлігі оқушылар», — дейді Гүлнар апай өткізілген әдеби-мәдени шараларымен таныстыра отырып. Байқағанымыздай, үздік оқырман бұрышындағы суреттердің тоқсан пайызы оқушылар екен. Кітапханашының ұлтымыздың ұясы, алтын бесігі, ырыстың кіндігі саналып келе жатқан ауыл туралы, ауылдағы рухани орта- кітапхана туралы айтқан салиқалы сөздері көңілге ерекше бір серпін берді.
- Ауыл түлесе – қазақ түлейді. Ауыл – тағылымды тәлім-тәрбиенің ордасы. Қазақы қасиеттер ауылдан бастау алады. Міне, сондықтан да ауыл қамқорлықтан, жанашырлықтан қағажу қалмау керек. Қолдан келсе ауылды көркейтіп, гүлдендірейік. «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» дейтін Бейімбет сөзі әлі де мән-мағынасын жойған жоқ. Ауыл ажарланса – қазақтың да маңдайы жарқырағаны,- деп бір тебірентіп қойды жаны терең жан.
Түйін. Керектісін қағазға түртіп, маңыздысын көңілге түйіп қайтқан сапардан әсерім бөлек болды. Төл дәстүрімді санама шегелеп берген кішкене ауыл өмір туралы, өмірді қалай сүру туралы кісілік өлшемдерді қайталап берген ұлағатты ұстаз кейпінде елес берді. Опасыз шәкірт секілді анда-мұнда еске алғаным болмаса, көп ғұрып-әдетті бүгінгі тірлігіміздің мәні деп санамайтын күйге жеткеніміз бе деген ой жанымды азаптады. Кісілік мінез, адамдық қасиет жөніндегі толғаныстар мен болмыстарды айтқанда алдымызға жан салмаймыз. Сол сәтте ата салтынан қол үзбеген ақсақалы бар, үлкеннің айтқанын қабылдап жатқан жастары бар ауыл өміріндегі бірер оқиғаны еске алып қойсаң да жеткілікті екен. Зулап өтіп жатқан өмірдің бір бетіндегі ұмытылмайтын, ұрпақтан-ұрпаққа жетсе де тот баспайтын көрген-білгендер еді бұл.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат