Қазақ тілі медиада: ұлттық рухтың сақтаушысы ма, әлде шеттетілген тіл ме?

Қазақ тілі – ұлттық болмыс  айнасы. Қазіргі ақпараттық қоғамда оның медиадағы рөлі ерекше маңызды. Медиадағы тіл тек ақпарат беру құралы ғана емес, ол ұлттық құндылықтарды сақтаушы, насихаттаушы, қоғамдағы идеялар мен пікірлерді қалыптастырудағы негізгі тетік.Алайда қазіргі ақпараттық кеңістікте қазақ тіліне деген қарым-қатынас әртүрлі: бір жағынан, ол ұлттық мұраны сақтаудың құралы болса, екінші жағынан, орыс және ағылшын тілдерінің көлеңкесінде қалып қойғандай көрінеді. Қазіргі таңда қазақ тілінде ақпарат тарататын медиа ресурстардың саны өсіп келеді. Телевидение, радио, интернет-журналистика және әлеуметтік желілер арқылы қазақ тіліндегі жаңалықтар, танымдық бағдарламалар мен ойын-сауықтық контент көбейгені байқалады. Дегенмен, қазақ тіліндегі медианың дамуы әлі де бірқатар қиындықтарға төтеп беруге мәжбүр. Біріншіден, қазақ тілінде сапалы контенттің тапшылығы байқалады. Жаңа технологиялар мен бәсекеге қабілетті идеялардың тапшылығы қазақ тілді медианың көп жағдайда екінші орында қалуына әкеліп соғады. Екіншіден, жарнама мен инвестицияның басым бөлігі орыс және ағылшын тіліндегі жобаларға бағытталады, бұл қазақ тілді медианың мүмкіндіктерін шектейді.

Ұлттық рухты сақтау жолындағы маңызы қандай?

Қазақ тілді медиа – ұлттық мәдениетті сақтаудың және насихаттаудың басты құралы. Тіл арқылы біз ұрпақтан-ұрпаққа тарихымызды, дәстүрімізді және рухани құндылықтарымызды жеткіземіз. Сондықтан қазақ тілді контенттің маңызы тек ақпарат таратумен шектелмейді. Ол ұлттық болмысты қалыптастырып,  қазақ тілінің қоғамдағы қолданысын кеңейтеді.

Қазіргі уақытта қазақ тілінде тарихи-танымдық бағдарламалар, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын подкасттар мен заманауи форматтағы жобалар ерекше сұранысқа ие. Бұл жобалар қоғамда қазақ тіліне деген қызығушылықты арттырып, оның медиадағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.Қазақ тілі медиада ұлттық рухтың сақтаушысы болу үшін қарқынды даму қажет. Қазақ тілі медиада өзінің ерекше рөлін сақтап қалу үшін дәстүрлі БАҚ-ты ғана емес, жаңа медиа платформаларын да қамтуы тиіс. Әсіресе, YouTube, TikTok, Instagram сияқты платформаларда қазақ тіліндегі қызықты әрі мазмұнды контент жасау –тіл қолданысының дамуына жол ашады. .Бұл тек журналистер мен медиа мамандарының міндеті ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматтың жауапкершілігі. Қазақ тілін медиада қолдау – оны келешек ұрпақ үшін сақтап қалудың кепілі. Егер біз қазақ тілін заманауи, тартымды әрі сапалы контент арқылы дамытуға күш салсақ, ол медиада жетекші орынға ие болады және ұлттық болмысымыздың тірегіне айналады.

 

Ермек Рауза

Тұран университетінің 3 курс студенті