Жуырда Талғар аудандық әкімдігінің қолдауымен Талғар қаласындағы Алпина сауда үйінің алдында 30-шілде дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай «Бала – тауар емес» атты науқан өтті. Аталған шараға «Жанұя» отбасыны қорғау орталығының, Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, Талғар ауданы орталық ауруханасының психологы, Талғар аудандық әкімдігінің, полиция басқармасының мамандары қатысты. Биыл БҰҰ-ның адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттамасының қабылданғанына 24 жыл толады. Бұл атаулы күн адам саудасына қарсы күрес саласында қандай шаралардың сәтті атқарылғаны, соңғы жылдардағы жағдайдың қалай өзгергенін нақтылай отырып, әлі де шешімін күтіп отырған мәселелерді нақтылау үшін аса маңызды кезең. Адам саудасына алдау, күш көрсету, қауіп-қатер төндіру, сондай-ақ адам бостандығын шектеу немесе осал тұсын пайдаланып сатып алу, сату және қанау кіреді. Шараға арнайы қатысқан мамандар қала тұрғындары мен қонақтарына елімізде орын алған адам саудасына қатысты және оның алдын алу жөнінде мағлұмат берді. Аталған тақырыпта сауалнама жүргізіп, ақпараттық парақшалар таратты. Шетелге саяхаттап немесе жұмыс іздеп, оқуға түсу үшін барғанда не нәрсеге көңіл бөлу керек екенін де ескертті.
Талғар аудандық орталық аурухананың психологы Халия Бекенқызының айтуынша, дүниежүзінде адам саудасы өршіп тұр, жоғалғандардың үштен бір бөлігі – балалар мен жасөспірімдер. Балаларын шетелде оқытуға құмар ата-аналарға қауіпсіздікті ұмытпаған жөн. Шетелден күреп ақша табамыз дегендерге өз елінде де екі қолға бір күрек табылады. Баланың амандағына басты жауапты адам – ата-ана. Сондықтан ата-аналар ешқашан балаларды назардан тыс қалдырмау керек. Балалар ғана емес, ересектердің де із-тозсыз кету жағдайы азаймай тұр. Жоғалған адамдар түрлі мақсаттағы қара ниеттілердің құрбанына айналады. Бірінің ішкі ағзалары саудаға салынса, енді бірі құлдыққа жегілуі мүмкін. Шетелге шыққан жағдайда жеке басыңызды куәландыратын құжаттарға аса мұқият болған жөн. Егер адам жоғалған жағдайда алдымен 102 нөміріне қоңырау шалып, оқиғаны ертерек хабарлау, сонымен қатар адам құқығын қорғайтын ұйымдардың да көмегіне жүгіну керек.
Талғар ауданы Ішкі істер басқармасы жергілікті полиция басқармасының вевиналды полиция тобының аға инспекторы Салтанат Жанболатованың айтуынша, ағымдағы жылы Талғар ауданында жасөспірімдердің жоғалуы бойынша 7 жағдай тіркелген. Алайда жоғалған балалардың барлығы табылып, ата-аналарына қайтарылды. Нақтырақ айтқанда қайғылы жағдай орын алған жоқ. Оқиғаның негізгі себебі – отбасылық жанжал. Ал мұндай жағдай із-тозсыз кетудің негізгі себептерінің біріне айналуы мүмкін. Сонымен қатар аға инспектор өтпелі кезеңдегі баласы бар ата-аналарға былай деп кеңес берді: «Жасөспірім шақ – баланың үлкен өмірге дайындалатын физикалық және психологиялық дамуындағы өтпелі кезең. Бұл уақытта баланың мінез-құлқы өзгеріп, онымен тіл табысу қиындайды. Тез ашуға беріліп, көңіл-күйі жиі ауытқиды. Мұндай кезде ата-ана балаға түсіністікпен қараған жөн. Тығырықтан шығу үшін міндетті түрде балалар психологының көмегіне жүгіну керек, себебі мұндай жаста екінің бірі өзін мазалап жүрген ойды ата-анасына айта алмайды. Ата-ана мен бала арасында бүкпесіз сырласа алатындай қарым-қатынас орнау керек. Сол кезде ғана мәселені маманның көмегінсіз отбасында шешуге болады», – деді.
Адам саудасына қарсы күрес әлдеқашан басталғанымен оның түп тамырына балта шабылмай тұр. Қоғам дамыған сайын айлакерлердің қулығына құрық бойлар емес. Ақша үшін ештеңеден тайынбайтындар адамдардың сеніміне кіріп, жақсы жалақы, жайлы өмірмен қызықтырып торға түсіруде. Адам саудасының алдын алу үшін ауданымызда «Бақытты балалық шақ» атты мобильді топ құрылған. Топ құрамында аудандық әкімдік мамандары, орталық аурухананың психологтары мен дәрігерлері, «Жанұя» отбасын қорғау орталығының, Ішкі істер басқармасы, прокуратура қызметкерлері бар.
Талғар ауданы әкімдігі мемлекеттік құқық бөлімінің бас маманы, кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі комиссияның бас хатшысы Райгүл Дүйсенқызы Талғар ауданында прокуратураның қаулысымен құрылған топ мүшелері аудан аумағандағы отбасыларды аралап, азаматтардың зорлық-зомбылыққа ұшырау жағдайын тексеріп анықтайтынын жеткізді. Оның айтуынша, ауданымызда жасөспірімдердің өгей ата-аналары тарапынан қысымға ұшырау жағдайы жиі тіркеледі. Тіпті ұлын қайыр тілеуге мәжбүр еткен өгей әке анықталған. Бұл жағдай бойынша сот процесі жүріп жатыр. Мұндай жағдайда балалар психологиялық жақтан ауыр соққы алатындықтан оларды кезең-кезеңімен сауықтыру жұмысы жүргізіледі.
Шарадан мол мағлұмат алған тұрғындар мұндай зұлымдықтың алдын алу үшін әр адам қауіпсіздікті өз отбасынан бастау керек екенін жеткізді. Мамандар «Сақтансаң, сақтайды» деген аталы сөзді арқау етіп, қоғам болып күш салса, адам саудасымен айналысатындардың жолы кесілеріне сенімді.
Зорагүл Әбдіқадір