Ұлттық домбыра күніне орай 7-шілде күні Қонаев қаласының орталық алаңында «Домбыра – дастан» атты мерекелік шара өтті. Ашық аспан астында күй күмбірлеп, ән әуелеген шарада облысымыздың бар домбырашылары бас қосты. Мерекелік концертте барлығы 1000-нан аса домбырашы қатысты. Олардың қатарында облыс өнерпаздары, артспорт және өңірдегі өнер мектептерінің балалары, ұстаздар бар. Айтулы шараға Талғар ауданынан 100-ден аса бала қатысты. Оларға әр аймақтан келген 92 үйірме ұстаздары жетекшілік етті.
Бір мезгілде Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», «Адай», Әбдімомын Жедібайдың «Ерке сылқым» күйін ойнаған мың бала жау жүрек мың баланың рухын оятқандай болды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбек, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Мейрамбек Бесбаев пен Нұркен Әшіров сынды аға буын өкілдері домбыраның құлағында ойнап, ел арасында кеңінен таралған шығармаларды орындады. Шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы келіп, ұлттық өнерді дәріптеудің маңызына тоқталды. Жиылған қауымды мерейлі мерекесімен құттықтаған облыс әкімі: «Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы. Қос ішекті қара домбыраның үнінде ұлы даламыздың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі, халқымыздың қуанышы мен қайғысы бар. Қазақтың бекзат болмысы мен асыл қасиеттері қашанда әнмен әрленіп, күймен көмкерілген.
Ұлттық аспабымыз бүгінде заманауи музыка өнеріне бейімделіп, дүние жүзінің сахнасында қазақ өнерін танытуға үлкен үлес қосып келеді. Біз оның бүкіл әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналғанын мақтан етеміз. Домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, киелі құндылық. Халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген, күйшілерді төредей күтіп, төбесіне көтерген. Осы игі үрдіс қазір де жалғасып келеді. Бүгін мұнда жиналған өрімдей жас күйшілер соның айғағы. Алтайдан Атырауға дейінгі Қазақстанның даласы 4-5 мың жылдан бері осы домбыраның үніне құлақ түріп келеді. Бұл бар қазақтың бір екенінің дәлелі. Рухани жаңғыруға бет алған халқымыз қасиетті домбыра мен құдіретті күйді қаншалықты қадірлейтінін бүкіл елге, дүниеге паш етіп отырмыз. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі: «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлағандай, қазақ пен домбыра егіз ұғым. Атадан балаға аманат болған осындай асыл қазынамызды қадір тұту – бәріміздің қасиетті борышымыз. Киелі аспап ұлттық тәрбиенің негізін қалап, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелейді. Жастар арасында қос ішекте ойнайтын таланттар саны артқан сайын мәдениет пен өнеріміз дамып, халықтың рухани келбеті түрлене түседі.
Ендеше ғасырлар қойнауынан жеткен күй шежірелеріміз бен ән-аманатымыз үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін! Әр шаңырақтан ән-күй үзілмесін!
Домбыра мерекесі құтты болсын!» – деді.
1000-нан аса шәкірті бірлесе орындаған күміс күй Қонев қаласының аспанын әнге бөледі. Айтулы шарада халқымыздың қара домбырасын жанына серік еткен өзге ұлт балалары да назардан тыс қалмады. Талғар ауданының жас домбырашылары Глев Алексеевич пен Цин Амирге Мәдениет және ақпарат министрі А. Балаеваның Алғыс хаты табысталды.
«Домбыра-дастан» фестивалі қазақ музыкасы мен мәдениетін сүйетіндер үшін нағыз мереке болды. Шара соңы Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның мерекелік концертіне ұласты.
Зорагүл Әбдіқадір