Энергетикалық сусынның зияны

Энергетикалық  сусынның зияны

«Ішіп алда-қуат ал!», «Қуаттанып, күшті бол!» , «Қанаттандырады!»деген жарнамаларды қай жерде болмасын көзіміз шалып қалады. Көшеде жастардың қолында «Горилла», ауызда темекі. Жарнама айқайлап тұрғандай, жасөспірімдер бұл сусынға қызыға қарап, шабыттана ішіп алады. Осындай сусынды пайдаланып жүрген А . есімді 35 жастағы азамат жазда аяқ астынан көз жұмды. Сараптама жасаған кезде оның энергетикалық сусынды аса көп мөлшерде ішкені анықталған. Тепсе темір үзетін жігіттің бір сәтте жүрегінің тоқтап қалуы осы сусыннан болған. Одан өзге ауруханаға ес- түзсіз түскен балалар туралы да мәліметтер болды. Десе де бұл энергетикалық сусындар түр-түрлерімен елімізге сауда нүктелеріне келіп жатыр. Аялдамаларда, көше бойларында әдемі жарнамалар да қаптап тұр. Ол жетпегендей «Вейп» темекілерінің арнайы дүкендері ашылып жатыр. Көшеде 13-15 жас аралығындағы қыздар мен ұлдардың фломастер сияқты , түрлі-түсті темекілерді будақтатып тұрғанын жиі көреміз. Кейбір ата-аналар балалардың қалтасы немесе сөмкесінен оны көргенде қаламсап немесе фломастер деп ойлап қалуы мүмкін.Жап-жас балалардың осындай қылықтарын көріп, қынжыласың. Болашақ ұрпақтың денсаулығына зиян келіп жатқаны анық.

Энергетикалық сусын – бұл адамның орталық жүйке жүйесін ширықтыра түсетін, әрі жарнамадағы ақпаратқа сәйкес, жылдам қуаттандыруға қабілетті, оятатын және зейін қоюға көмектесе алатын алкогольсіз немесе алкоголі аз жоғары газдандырылған сусын. Көптеген осындай сусындардың негізгі құрамына кофеин, таурин, гуарана, қант, дәмдік қоспалар, В тобындағы дәрумендер секілді құрауыштар кіреді.
Алғашқы энергетик осыдан жүз жылға жуық уақыт бұрын пайда болған екен. 1927 жылы Уильям Уокер Хантер есімді британдық фармацевт Glucozade деп аталатын сусынды ойлап тапқан. Оның құрамы 25%-ға глюкозадан тұратын, және де дәріқағаз бойынша ғана дәріханаларда сатылған. Атамыш сусын біздің заманымызға дейін сәл ғана түрлендірілген Lucozade атауымен жетіп отыр, алайда оны бүгінгі таңда 2013 жылы брендті толықтай сатып алған Suntory жапондық компаниясы өндіріп шығарады.
Бүгінгі таңда бірқатар елдерде, мысалы Франция, Дания, Норвегия, Австрия және Жаңа Зеландияда мұндай сусындарды әдеттегі дүкендерде сатуға тыйым салынған. Бұл елдерде сусын биологиялық белсенді қоспа ретінде саналатындықтан дәріханаларда ғана сатылады.
Энергетикалық сусындар қуатты сырттан бермейді. Ол тек қана адамның жеке энергетикалық қорының жұмсалуын жұмылдырады екен. Мұндай сусындардың құрамында қанттың көп болғандығынан адам ағзасына тез сіңіп кететін көмірсулардың орасан зор мөлшері түседі, әрі оның әсері де бірден орын алады. Оған қоса кофеин де зат алмасу үдерісін жылдамдата түседі. Содан кейін қан құрамындағы қант мөлшерінің күрт төмендеуі – әлсіреп қалу, дене сылбырлығы, ұйқышылдық, тершеңдік, қарынның ашқанын аса қатты сезіну, тіпті, көздің бұлдырауы, есінен танып қалу жағдайларына дейін әкеліп соқтыруы мүмкін.


Нарколог мамандарының айтуынша, психологиялық тәуелділіктен бөлек физиологиялық тәуелділік те туындайды. Біріншісі кейбір адамдардың жай ғана дәмнің ұнайтынына байланысты басталуы мүмкін. Не болмаса, өзін-өзі сендіру, жарнама деңгейінде пайда болады, өйткені мұндай сусындарды ішкен адам өзін керемет сезініп тұрады. Сонымен қатар кейбір энергетиктерде алкоголь де кездеседі екен, дегенмен өндірушілер бұл мағлұматты жапсырмаларда көрсете бермейді.
Жуырда елордада Үкімет отырысы өтіп, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйіне, азаматтардың денсаулығын сақтауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.«Саламатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында 452 саламатты өмір салты кабинеті, 4608 денсаулық мектебі, темекіге қарсы кабинет және 157 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Темекіні тұтынуды азайту үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап темекі өнімдеріне акциздің ставкалары көтерілді. Тұтынудың электрондық жүйелерінің (вейптер), олаға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына толық тыйым салу бойынша Мәжілісте Заңға өзгерістер енгізу қарастырылды. 21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды енгізу талқыланды», – деді министр.Оның айтуынша, елімізде әр бесінші баланың салмағы шамадан артық, ал 11-15 жастағы әр оныншы бала үнемі вейп шегеді.«Елімізде ересек тұрғындардың 21 пайызы темекі тартады. Балалардың 20 пайызы артық дене салмағынан, ал 6 пайызы семіздіктен зардап шегеді. 11-15 жастағы жасөспірімдердің 10 пайызы үнемі вейп шегеді, 7,5 пайызы энергетикалық, тәтті сусындарды ішеді. 15 пайызында артық дене салмағы дерті таралған», – деді Ажар Ғиният.
Баласының денсаулығына алаңдаған Гүлжан есімді ананың айтуынша, «Вейп» дүкендерін ашуға тиісті органдардың тарапынан тыйым салынуы керек. «Ол жерде сатып алушының жасына қарап жатқан ешкім жоқ. Саудасын жүргізіп, ақшаға байып кетуді ғана ойлаған кәсіпкерлерге бәрібір, сол сияқты энергетикалық сусынды 21 жастан асқандарға ғана рұқсат берген күннің өзінде ешкім төлқұжатыңды сұрап жатпайды.Шетелдердегі сияқты біздің елде де тыйым салынуы керек деп ойлаймын. Балаларымыздың денсаулығы болашақта не болмақ? Жарнамалағанды тоқтату керек, ол спирттік ішімдікті жарнамалаумен бірдей болып тұр», – деп өз ойын білдірді.
Неге елімізге осындай адам денсаулығына зиян келтіретін заттарды кіргізуге рұқсат берілген? Денсаулық, білім министрліктері, басқа да құзырлы органдар неге тыйым салмайды? Неге ашық түрде жарнамалар беріледі? Сұрақ көп, жауап жоқ…

Саят Жанбыршин