БАТЫРЛЫҚ ПЕН ЕРЛІГІ ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

БАТЫРЛЫҚ ПЕН ЕРЛІГІ ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

Ұзынағаш ауылындағы аудандық мәдениет үйінде Қарасай батырдың 425 жылдығы аталып өтті. Мерекелік шара сонымен қатар тамыры – терең, өмірі – өлең ырысты мекен, ақындар мен батырлар елі атанған Жамбыл ауданының 95 жылдығына арналды. Аудан орталығындағы батыр ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым етілді.

Көрермен назарына алдымен «Қарасай» спектаклінен үзінді ұсынылды. Қойылымда халқына қорған болып, қартайғанша ат үстінен түспеген Қарасай батырдың ерен ерліктерімен қатар жасы келгенде бір перзентке зар болған шағы да көрерменге әсерлі жеткізілді. Батырдың қаһармандық бейнесі оның ішкі толғаныстарымен қатар сомдалуы тарихи тұлғаның алар орнын айшықтай түсті. Нағашыбек Қапалбекұлының деректі пьесасын кәсіби әртістермен қатар аудан өнерпаздары да шеберлікпен сахналап, көрерменнің қошеметіне бөленді.
«Ерлігін, батырлығын құрметтеген, Қалың жұрты, ұрпағы, елі айтады.
Қарасай – қасиетті бабамыз деп, Біз білетін қазақтың көбі айтады», – деген жыр жолдарымен басталған салтанатты шараға алыс-жақыннан елге белгілі зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары көптеп жиналды. Киелі де қасиетті аймақ Сүйінбай мен Жамбылдай жыр алыптарымен қатар ел қорғаған батырлардың да алтын бесігі болғаны белгілі. Алғашқы сөзді алған аудан әкімі Нұрлан Ертас та жердің иесі мен киесіне тоқтала кетті: «Қазақ халқының төл тарихына зер салсақ, сан ғасырлар бойы небір зұлмат кезеңді басынан өткізгенін білеміз. Әсіресе ұзаққа созылған қазақ-жоңғар қарулы қақтығыстары халқымыздың экономикалық, саяси жағдайын барынша әлсіретті. Жаугершілік заманда ұлы жүз бен орта жүз қазақтарының біразы қырғынға ұшырап, бірнеше мыңы тұтқын есебінде қалмақ жеріне айдалып, қалғаны мал-мүлкін тастап жат елді паналауға мәжбүр болған. Қазақ хандығының қалыптасып, нығаюы дәуірінде өзіндік орны бар, елін жаудан қорғап, жерін сақтап қалған ержүрек батырлардың қатарында Қарасай батырдың есімі айырықша аталады.
Алтынайұлы Қарасай 16-ғасырдың соңында қазіргі Жамбыл ауданындағы Суықтөбе тауының баурайында өмірге келген. Қарасай батыр аса күрделі қарама-қайшылыққа толы 17-ғасырдағы Қазақ хандығының кезінде Орталық Азиядағы мемлекеттер мен халықтар арасында саяси қарым-қатынас орнатуға өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға. Жетісу өңірінде жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық соғыста қол бастаған әйгілі батыр. Ол Қарғалы, Ұзынағаш, Қастек, Жиренайғыр, Ырғайты өзендері бойындағы, Қарақия, Ақтасты, Сарыжазық, Суықтөбе тауларындағы ұрыстарда жау шебін бұзып, Суықтөбенің басына ту тіккен батыр.
Ұлтымыздың сыртқы күштерден азат болуына өлшеусіз үлес қосқан батыр бабамыз тарих бетінде мәңгі сақталады. Халқымыздың бастан кешірген сан қилы тағдырын кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз. Батыр бабаларымыздың арқасында ұшқан құстың қанаты талатын кең байтақ жерге мұрагер болдық. Бүгінде әлем жұртымен терезесі тең, керегесі кең Тәуелсіз ел атандық. Өткенге құрметпен қарап, болашағына нық сеніммен қарайтын бейбіт әрі қуатты мемлекетке айналдық. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз үшін Тәуелсіздік – ең қымбат құндылық, ал туымыздың асқақ желбірегені аса биік мәртебе. Батыр бабаларымыз сын сағатта әрдайым бір тудың астында жиналған. Бөрілі байрақ күллі Түркі жұртын біріктірген.


Абылай ханның ақ туы бүкіл қазақтың басын қосқан. Алаш туы арыстарымыздың жігерін жанып, намысын қайраған. Біз бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келеміз. Байрағымыз БҰҰ төрінде тұр. Оны ғарышкерлеріміз көк жүзіне көтерді. Алпинистеріміз әлемнің ең биік шыңдарына орнатты. Спортшыларымыз оны жеңіс тұғырынан желбіретіп, әнұранымызды шырқатты. Күллі әлем қазақ елін көк байрағына қарап танитын болды», – деп ерекше атап көрсеткен. Шын мәнінде біз жаужүрек батыр халықтың ұрпағымыз», – деді аудан жетекшісі Нұрлан Ертасұлы.
Жиында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы былай деді: – Байтақ қазақ елінің қай жерінде болса да Қарасай батырдың атының тұяғы тимеген, шайқаспаған жері жоқ. Сүйінбай ақын дастан шығарып, «Арғы атам аруақты ер Қарасай, Теңселген дүбірінен тау менен сай» деген болса, жыр алыбы Жамбыл: «Ұраным менің – Қарасай» деді. Кісі есімі бекерден-бекер ұран болмайтыны белгілі. Қарасай баба есімі 400 жылдан бері ұрпаққа ұран болып келеді, –дей келе, батырдың сан ғасыр бойы белгісіз болып келген бейітінің қалай табылғаны жөнінде әңгімеледі.
Оның айтуынша, батырдың сүйегінің нақты қайда жатқаны екі жыл бойы жүргізілген «Қарасай батыр ізімен» атты экспедицияның нәтижесінде анықталған. Оған дейін бейітінің қай аймақта екені профессор Румянцевтің еңбектерінде «Айыртау тауында» деп жазылған жалғыз дерек қана болған. Сол бағытта сұрау салудың арқасында Айыртаудың жанындағы Мәдениет ауылының маңындағы Үйсін бейітінде Қарасай мен қандыкөйлек досы Ағынтай батырдың жерленгені белгілі болды. Онда белгітас қойылып, кейіннен қос батырға арнап еңселі ескерткіш-кесене орнатылды. Бұл үш жүздің бірлігінің, қазақ батырларының ауызбіршілігінің символы іспетті қабылданып, үлкен жиын өткізілген.
Даңқты батырдың ерліктері ұзақ жылдар бойы ел аузында ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келді. Батыр жөнінде көптеген деректер жиналды. Есберген Естаевтың «Қазақстан мұғалімі» газетінде, Балғабек Қыдырбекұлының «Егемен Қазақстан» газетінде мақалалары, Қазыбек бек Тауасарұлының кітабындағы деректер, ғалымдардың баяндамалары, жинақтар жарыққа шықты. Нағашыбек Қапалбекұлы екі пьеса, бір роман жазды. Жазушының «Қарасай» пьесасының толық нұсқасын Қарасай ауданының өнерпаздары сахналады. Қарасайдың киіз үйінің қара босағасы мен маңдайшасы әлі күнге дейін ұрпақтарының қолында көздің қарашығындай сақталып келеді.
«Қолбасшы Қарасай батырдың ерліктері, алашапқын заманда Жәңгір хан жау қолына түсіп қалған кезде екі жылдай уақытша атқарушы ретінде қазақ елін басқарып қалғаны, қартайған шағында би болып, Ресейге елшілікке барғаны сияқты елдік істері әлі де зерттеле береді деп ойлаймын», – деді Нағашыбек Қапалбекұлы.
Қарасай батырдың 400 жылдығы 1998 жылы сол кездегі астанамыз Алматыда Үкімет үйінде аталып өтіп, осы Жамбыл ауданында ұлан-асыр мереке ретінде тойланған. Батырдың 420 жылдығында әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы университетте арнайы ғылыми конференциялар өткізілген. Облыс көлемінде батыр атында аудан, ауыл, мектеп, көшелер бар. Қазақ елінің тұтастығы жолында күрескен Қарасай батырдың есімі елге ұран, ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

Серік САТЫБАЛДИЕВ