19 жастағы студент айына 1 млн теңгеге жуық табыс табады дегенге сенесіз бе? Былай қарағанда, мүмкін емес сияқты. Бірақ Алматы облысы Қарасай ауданында орналасқан, еліміздегі белді жоғары оқу орындарының бірі болып саналатын СДУ-дің 4-курс студенті Бексұлтан Айтен бүгінде тамақ тасушы дрон құрастырып, одан бөлек сандық технологияның саласындағы жобаларын жарыққа шығарып, өз еңбегінің арқасында айына 1 млн теңге шамасында табыс табуда. Құрылғы жасаушының бұл ісіне қызығушылық танытып, оның білім алатын орны Сулейман Демирель университетіне арнайы бардық.
Бексұлтан Айтен – Сыр өңірінің тумасы. Қызылордада 6 сыныпқа дейін білім алып, кейін алып шаһар Алматыда оқыған. 2019 жылы Қаскелеңдегі СДУ-ға түскен. Бүгінгі таңда инженерлік және жаратылыстану ғылымдары факультетінің «компьютерлік ғылымдар» мамандығы бойынша білімін жетілдіруде. Бексұлтанның инженерияға деген қызығушылығы бала кезінде басталған. Мектепте жүріп сәтті шыққан жобаларының нәтижесінде түрлі байқауда жетістікке lt жеткен. Ойының ұшқырлығын университет қабырғасында ұштап, ұстазы Назим Ибрагимовтің жетекшілігімен ассистент ретінде оқу ордасының ішінде орналасқан технопаркте инженерия ісімен айналысады. Оның айтуынша, бұл орын – робототехниканы игерген мамандарға таптырмас мүмкіндік. Мұнда кез келген студент өзінің идеясын шынайы тұрғыда жүзеге асыра алады. Технопаркте күні-түні жұмыс істеуінің арқасында Бексұлтан Айтен бүгінде кеңістікті қанатымен бағындыратын дрон ойлап тапқан. Онысы жай ұшатын құрылғы емес, тамақ және басқа да жүктерді тасымалдайды. Бірақ жас кәсіпкердің бұл жобасына бүгінгі таңда жеңіл тамақ өнімдерін дайындайтын, яғни, қазіргі заманның тілімен айтқанда «фаст-фудпен» айналысатын компаниялар қызығушылық танытып келеді. 19 жастағы студенттің айтуынша, осындай бағытта қызмет ететін тасымалдаушылар күніне 20 шақты тапсырыс орындап, айына 200-300 мың теңге алады. Ал бұл дрондар дәл сондай қызмет атқарып, біраз қаражатты үнемдеуге септігін тигізеді. Тағы бір артықшылығы – мұның жұмысы тоқтаусыз жүреді. Өйткені тасымалдаушы адамдар белгілі бір себептерге байланысты жұмысқа шықпай қалуы мүмкін немесе ауырып қалады. Құрылғылар болса, ондай кедергілерге тап болмайды және адамға, оның денсаулығына зияны жоқ.
Бексұлтанның бастамасымен оның командасы бірігіп жасаған дрондардың нақты саны қазіргі уақытта алтыға жеткен. Олардың әрбірінің атқаратын қызметі мен көтеретін жүк шамасы бір-біріне ұқсамайды. Мәселен, біреуі тамақ тасыса, екіншісі арнайы әуеден түсіруге, басқалары су тасуға, дәрі себуге арналған деп айтуға болады. Соның ішінде сұранысқа ие болып жатқаны – жоғарыда атап өткен тасымылдаушы міндетін атқаратын құрылғылар. Оның пайдасын жеңіл тамақ дайындайтын компаниялар көруде. Олар қандай серіктестіктер екенін Бексұлтан әзірге құпия екенін түсіндірді. Себебі бәсекелестік қалыптасқан ортада арнайы келісімдері бар көрінеді.
Қанатты құрылғылардың басқару жүйесі әртүрлі. Соның бірі – басқару тетігі арқылы бейнебақылау камерамен қадағалау. Екіншісі автоматты түрде орындауға негізделген. Мәселен, тасымалдау кезінде «А» және «В» нүктелерін картадан белгілеп, діттеген жерге жеткізуді міндеттейді. Осылайша әуеде қалықтаған дрондар кедергілерге тап болмай, нақтыланған орынға жетуі тиіс. Сандық технологияны санасына сіңірген Бексұлтан Айтен дрон және басқа да жобаларын ойлап тауып, айына 1 миллион теңге шамасында табыс табады. Сол уақыт аралығында жарнамасыз, таныс-біліс арқылы екі-үш дрон құрастыруға мүмкіндігі бар.
Жас миллионер құрылғыны құрастыру немесе оларды жөндеу барысында қиындықтар да кездесетінін айтты. Жерге ыңғайсыз қонғанда кейбір бөлшектері сынады. Ал оларды арнайы тапысырыспен алдыртады. Алайда Бексұлтан осындай кедергіге тап болмау үшін дронның әрбір құраушы заттарын мықтап бекітуді, қорғаныш тұстарын жабдықтауды, басқа да бөлшектерін қолға алған. Сонымен қатар дронның біздің елде құрастырылуы әлдеқайда тиімді екенін түсіндірді.
«Әлемге белгілі «DJI» дейтін компаниядан асып кету, әрине қиын. Бірақ солармен бәсекелес болу үшін қазір жұмыс істеп жатырмыз. Егер біз өз елімізде дрондарды құрастырып, отандық өнім ретінде шығара білсек, баға жағынан ұтамыз. Осыған байланысты қазіргі уақытта құрылғыны басқару жағынан алгоритм жазудамыз. Яғни, бұл бағдарлама толығымен қазақстандық болып табылады. Осы бағытта еңбек етудеміз», – деп Бексұлтан Айтен ойымен бөлісті.
Жас миллионер келешекте әскери мақсатта қолданылатын дрондарды жасауға ниетті екенін білдірді. Оған тапсырыс та түскен. Төленетін қаржысы да қомақты. Айтуынша, оны құрастыру үшін үлкен жауапкершілік керек. Негізгі қызметі – хат, дәрі-дәрмек сияқты керекті заттарды тасымалдау. «Әскери дрондармен бомбаларды да жеткізуге болады. Ең бастысы отандық өнім ретінде еліміздің жауынгерлеріне пайдасы тисе деген ойым бар», – дейді СДУ-дің студенті қалжыңдап. Сандық технологияның қыр-сырын меңгеруден жалықпаған, арманына бек сенімді Бексұлтанның негізгі мақсаты – Қазақстанды әлемге таныту және өз саласында отандық өнімді құрастырып, оны тұтынушыларға тиімді бағада ұсыну. Ендеше іске сәт!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
Қаскелең қаласы