Ауыл арасына қатынайтын автобустардың ескі, тар, тазалығы да жетісіп тұрмағанын қоғамдық көлікпен қатынайтындардың бәрі біледі. Тар автобусты «тамаша» қылатындардың көбі қарапайым халық екенін ескерсек, оның біраз бөлігін күнделікті сабаққа қанытап оқитын балалар құрайтыны айтпаса да түсінікті. Айтпағымыз ол емес, сол қоғамдық көліктің жайы. Бұған дейін Талғар-Алматы ортасына қатынайтын №207 автобус туралы жазғанбыз. Өзгерген ештеңе көрмедік. «Баяғы жартас – сол жартас». «Жаңадан автобус алынды. Бүгін соларға нөмір алып келе жатырмыз», – деген жүргізушілер әңгімесін сол автобустың ішінде отырып еріксіз естіген едік. Одан бері де айға жуық уақыт өтті. Жол бойы бұзылып, бірінен-біріне ауыстыратын өз алдына бір әңгіме. Айтарға сөз жоқ, «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» күйін кешудеміз. Ал енді Алматы облысына қарасты Іле ауданының жайына назар аударайық.
Жаңадәуір ауылының тұрғыны Әділбек Нұрымбеттің facebook парақшасына жазған мына жазбасына көзіміз түсті. Өйткені бұл мәселе тек ол ауданға ғана емес, барлық елдімекендерге қатысты бас ауруға айналғалы талай жылдың жүзі болса да, неге екені белгісіз, әлі күнге дейін еш шешімін таппай келеді. «Бүгін балаларға жасалған «қастандықтың» куәсі болдым десем артық айтқандық емес. Көлігімді сатқалы өзім де маршрутқа отырып, баратын жеріме таксимен жетіп жүргенмін. Жайшылық уақытта байқамайды екенбіз. Автобустың іші бос. Арасы 10 минуттан жүріп жүргендей көрінетін. Бүгін жұмысқа түсте баратын болып, Жаңаталап, Жаңадәуір, Қоянқұстың үстінен өтіп қалаға баратын №214 автобусты күтіп отырдым. 30 минуттан аса күттім. Балалардың екінші ауысымға сабаққа баратын уақыты келген екен. Аялдамада балалар көбейіп кетті. «Қап сабағынан кешігетін болды-ау» деп отыр едім, бір кезде автобус та келді. Ішінде балалар кептеліп тұр. Аялдамаға тоқтаған соң күтіп тұрған балалар топырлай жүгірді. Балалармен таласпайын деп тоқтап тұрдым. Аяқтай автобусқа сонда да жартысы сыймай қалды. Автобустың есігі әрең жабылған күйі жүріп кетті. Такси тоқтатып, қалған балаларға: «Балалар, жүріңдер, мектептеріңе жетіп алыңдар. Өзім төлеймін!», – деп едім. Ешкім қозғалмады. Ол да дұрыс. Әке-шешесі таксиге мінбеңдер, автобуспен барыңдар деп үйретіп қойған шығар. Қазір адамдардан қорқатын заман болып кетті ғой. Таксимен Қоянқұс ауылындағы мектептің қасынан түсіп едім. Ол жерде де сол жағдай. Бірінші ауысымнан шыққан балалар қайта алмай топырлап тұр. Кешке жұмыстан қайтқанда көргенім тағы сол көрініс. Ауыл арасына қатынайтын маршрутының өзі кішкентай автобус. Үлкен автобус шығарып немесе, балалардың сабақтан шыққан, сабаққа баратын уақытында қоғамдық көліктің жүру уақытын жиілетсе болмас па еді?! Ауыл тұрғындары да күндегі көретініміз осы деп жылағандай болып отыр.Іле ауданы әкімдігі, Алматы Облысының Білім Басқармасы, Алматы облысының прокуратурасы, Amanat Алматы облысы мына жағдайды назарға алыңыздар. Балаларға обал жасамаңыздар», – деп күллі қоғамның жанайқайын жеткізген желі қолданушысы оқырмандарынан мәселеге қатысты жауапты мекемені белгілеуді өтініпті. Жазба соңына жазылған пікірлерге назар ардарсаңыз мәселенің тым тереңдеп кеткеніне көз жеткізесіз. Мәселен, Марина Қабижанқызы: «Өте дұрыс жазыпсың, Доктор бала! Тіпті өзің барып сөйлес! Мектеп директорына кіріп, жағдайды айт! Сол жердің әкіміне де айт бар жағдайды», – десе, Михаил Желяков: «Давно пора привести в порядок этот 214 маршрут. Некоторые водители хамят пассажирам, где попало останавливаются. Недавно произошёл со мной случай, я человек с инвалидностью вышел не на остановке, то есть водитель не захотел останавливатся на остановке обгоняя маршрут 215. Остановился по дороге где не было тротуара, а я упал в лужу. Он даже не извинился, не остановился уехал. Как можно таких водителей брать на работу, вы же не скотину везете, а людей, пассажиров. Наведите порядок в конце концов!» – деген жанайқайын жеткізген. Ал Қоянқұс тұрғыны Абдулла Манап: «Оой, мен студент болсам да мыжылып қаламын, осы 214-те. Соңғы кезде шыдамай таксилетіп кетемін. Ақшадан ақша, жүйкеден жүйке қалмады…», – деген пікір қалдырған. Өкінішке қарай Алматыдағы бірінші теміржол вокзалы мен Жаңалап аулының арасын жалғайтын бұл автобусқа қатысты айтылғаннның барлығы – тек Іле ауданына емес, облысқа қарасты өзге аудандарға тиесілі мәселе. Тек көрер көз, естір құлақ табылмай тұр.
Жанбота Сұлтанмұратқызы