Мемлекеттік органдардың цифрлық бастамалары қаралды

Мемлекеттік органдардың цифрлық бастамалары қаралды

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов­ тың төрағалығымен өткен Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссия отырысында Қазақстанда азаматтар мен бизнес үшін бірқатар жаңа цифрлық сервисті іске қосу және «Электрондық үкіметтің» архитектурасын жаңғырту және басқа да маңызды мәселелер қаралды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың биыл іске асыру үшін жоспарлап отырған 66 цифрлық бастамасының тізбесі пысықталғанын атап өтті.

Олардың ішінде мүгедектікті белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманы цифрландыру, мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үшін бірыңғай цифр­лық кезекті іске қосу, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу бойынша Vet Mobile қосымшасын енгізу, әскерден босату немесе оны уақытша кейінге қалдыру рәсімін автоматтандыру, нотариалдық қызметтерді электрондық форматқа көшіру қызметтері бар. Бұл бастамаларды іске асыру азаматтар мен бизнестің күнделікті кездесетін мәселелерін шешуге бағытталған. Аталған мәселелер толығымен шешілсе олар қағазбастылықтан құтылып, бұрынғыдай ұзақ уақыт кезек күтпейтін болады. Сонымен қатар тұрғын үй алуға цифрлық кезек енгізу, онлайн режимде еңбек шарттарын жасасу және мобильді қосымшада жеке тұлғалар үшін кедендік декларациялаудан өту мүмкіндігі, азаматтарды медициналық профилактикалық қызметтерді алу қажеттігі немесе өз өңірінде жұ­мысқа ор­наласу мүм­кіндігі ту­ралы хабардар ету (push-хабарлама), жанар-жағармай құю станциясында мұнай өнімдерінің бар-жоғын тексеру бойынша сервисті және т.б. іске қосу жоспарлануда. Отырыс барысында деректермен жұмыс істеу мәселесі де талқыланды. Ол – бюрократиядан арылтудың негізгі элементі, осы орайда азаматтардан түрлі мәліметтер сұратылмауы керек. Премьер-Министр ұсынылған бастамаларды мақұлдап, сондай-ақ цифрландыруды ілгерілету және қызмет көрсетудің проактивті форматын кеңейту халықтың өмір сүру сапасына оң әсерін тигізетінін атап өтті. Сондай-ақ отырыста жер қатынастарын цифрландыру барысында жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланып отырғаны айтылды. Оның негізінде жер ресурстарының жария кадастрлық картасы және электрондық сауда алаңы іске асырылатын болады. Осыған орай Ә. Смайылов Ауыл шаруашылығы министріне ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру процесін ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Одан бөлек, аталған жиында республика өңірлерін кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар және 5G желісін таратудың техникалық мәселелері талқыланып, сапалы құрылымдалған деректер негізінде мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау тәсілдері талқыға түсті.

 

Жанбота Сұлтанмұратқызы