ҚР Президенті Әкімшілігінің және Талғар аудандық мәслиxатының келісімімен, сондай-ақ Алматы облысы әкімінің өкімімен қаңтар айының 17-сі күні Таңат Есенкелдіұлы Айдарбеков Талғар ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.
Жаңа әкімді аудандық әкімшілік аппаратына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев таныстырып, аймақ ахуалында айрықша орны бар аудан әкімдігінің алдында тұрған міндеттерді атап өтті. Олардың ішінде мынадай міндеттер бар:
— ауданға инвесторларды тарту жұмыстарын жандандыруды;
— ауданның елдімекендерін ауыз сумен жабдықтау жұмыстарын жалғастыруды;
— құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін және нысандардың уақтылы қолданысқа берілуін қадағалауды;
— жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмысты жалғастыруды;
— пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді қайтару бойынша жұмыстарды жандандыру.
Талғар ауданына тағайындалған әкім Таңат Есенкелдіұлы Айдарбеков 1971 жылы туған, қазақ, білімі жоғары. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «Экономист-бухгалтер» мамандығы және 2017 жылы Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетін «құқық бакалавры» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1996 жылы «Қуаныш» акционерлік қоғамының есепшісі болып бастап, әр жылдары Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімі аппаратының экономика бөлімінің бас маманы, Түрксіб ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы, Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары, Бостандық ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысы Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы лауазымдарын атқарған.2021 жылдың маусым айынан Алматы қаласы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы қызметінде болған.