Ағаштарды кесуге рұқсат беру – заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылады

Ағаштар мен жасыл желектер – елді мекендердің экологиялық тепе-теңдігін сақтайтын маңызды табиғи ресурс. Сондықтан оларды кесу немесе басқа жерге көшіру заңнама талаптарына сәйкес, тиісті рұқсат негізінде ғана жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, ағаштарды кесуге рұқсат беру мемлекеттік қызметі жергілікті атқарушы органдар арқылы электрондық форматта көрсетіледі. Қызмет www.egov.kz және www.elicense.kz порталдары арқылы тегін ұсынылады.

Ағаштарды кесуге рұқсат мынадай жағдайларда беріледі:

* құрылыс және құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде;
* инженерлік желілерді, коммуникацияларды салу немесе қайта жаңғырту барысында;
* аумақты абаттандыру, жасыл желектердің сапалық және түрлік құрамын жақсарту мақсатында;
* жалпы пайдаланудағы жерлерде өсіп тұрған ағаштар мен бұталарды кесу қажет болған жағдайда.

Өтініш электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жолданып, белгіленген құжаттар топтамасымен бірге ұсынылады. Құжаттар толық болған жағдайда уәкілетті орган мамандары жасыл желектерге тексеру жүргізіп, олардың саны, түрі, жай-күйі мен орналасуын анықтайды. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі – 10 жұмыс күні.

Ағаштарды кесуге рұқсат беру кезінде өтемдік отырғызу міндетті талаптардың бірі болып табылады. Өтініш беруші кесілген ағаштардың орнына белгіленген мерзімде тиісті мөлшерде көшет отырғызуды қамтамасыз етіп, бұл жөнінде кепілдік хат пен компенсациялық отырғызу жоспарын ұсынады. Сонымен қатар мамандандырылған ұйыммен жасалған көгалдандыру шарты талап етіледі.

Құжаттардың толық ұсынылмауы, жалған мәліметтердің анықталуы немесе заңнама талаптарына сәйкес келмеуі мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға негіз болады.

Талғар ауданының тұрғындары мен кәсіпкерлеріне ағаштарды заңсыз кесудің әкімшілік және өзге де жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз. Сондықтан кез келген ағаш кесу жұмыстары қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, тиісті рұқсат алғаннан кейін ғана жүргізілуі тиіс.

Жасыл желектерді сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Табиғатты қорғау және экологиялық тепе-теңдікті сақтау арқылы біз келешек ұрпаққа қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастырамыз.