
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай жариялаған Үндеуі – еліміздің құқықтық мемлекет ретінде дамуына серпін берген маңызды тарихи құжаттардың бірі.
Президент өз Үндеуінде жаңа Конституцияның қабылдануы қоғамның жаңаруына, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын ерекше атап өтті. Бұл өзгерістер елдің болашағына деген сенімді арттырып, мемлекет пен халық арасындағы өзара жауапкершілікті нығайтады.
Конституция – мемлекеттің ең басты заңы ғана емес, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Сондықтан оның талаптарын сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Жалпыұлттық референдум арқылы қабылданған өзгерістер халықтың ел дамуына бейжай қарамайтынын және саяси реформаларды қолдайтынын көрсетті.
Бүгінде Заң мен Тәртіп қағидатын орнықтыру, әділетті қоғам қалыптастыру және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру – мемлекет дамуының негізгі бағыттарының бірі. Осы құндылықтарды берік ұстану арқылы ғана біз тұрақты, қуатты әрі болашағы жарқын Қазақстанды бірге қалыптастыра аламыз.

