Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Жолдаудың басты тақырыбы қазақстандықтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасына байланысты болды. Жолдау жолдарында көрсетілген өзекті мәселелердің барлығы жаңа заманға лайықты даму бағытына негізделгенін ұғындық. Әлемді жайлаған пандемияның әсері ел экономикасына айтарлықтай кесірін тигізсе де, Үкімет халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру мақсатындағы бастамаларды қолдап отырғандығын үлкен де, кіші де растай алады. Соның ішінде экономикалық тұрақсыздық кезінде білім саласына, оның ішінде ұстаздарға ерекше көңіл бөлініп жатқандығы қуантады.
Бүгінгі Жолдауында да Қасым-Жомарт Кемелұлы білім саласын айналып өткен жоқ. «Мемлекет мұғалімдерді қолдау саясатын жалғастырады. Білім министрлігінің алдында оқу бағдарламаларын жаңа шындыққа бейімдеу міндеті тұр», – деген Президент мұғалімдерді даярлауға 1,2 триллион теңге бөлінетіндігін жеткізді. Білім жүйесіне бөлініп жатқан қомақты қаржы тиімді жұмсала білсе әрі ұстаздардың мәртебесі қоғамда нақтыланса білім саласында үлкен жетістіктерге жетуге болады. Дегенмен сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдер мен оқушылардың тікелей жұмыс жасаудың орны бөлек екенін түсінген Үкімет санитарлық талаптарды сақтай отырып, биыл білім алудың қалыптасқан тәсіліне көшірді. Бұл да Қазақстанның болашағы үшін жасалып жатқан іргелі қадамдардың бірі деп есептеймін. Жалпы Президент Жолдауында аталған тапсырмаларды елімізде әрбір саланың мамандары жүзеге асыра білсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Жанна Атамқұлова,
№23 орта мектептің педагог-дефектологы, Төңкеріс ауылы