Қазақ «хиджаб» КИГЕН БЕ?

Қазақ «хиджаб» КИГЕН БЕ?

Бүгінде қоғамдық орындарда хиджаб киген қыздарды жиі кездестіреміз. Орамал оранған аруларымыз көбейген сайын, қоғамда түрлі көзқарас қалыптасуда. Солардың бірі «қазақ қызы орамал тақпаған» деген пікір. Расында солай ма?

Араб тілінен «хиджаб» сөзі орамал ұғымымен астарлас келеді. Құранда бұл сөз қолданылмағанымен, мағыналас «жилбаб», «хумур» сөздері қолданылады. Мағынасы: әйелдің әуретін жабушы, ұятты жерін бүркеп, қоршап тұрушы. Бұл термин сөздің мағынасына мән берсек, қазақ келіншегінің ұлттық киім үлгісіне сай келетіндей. Себебі қазақ әйелі әуретін көрсетіп жүрмеген. Қазақ әйелі үшін ар мен ұят — әуелгі орында болған. Жұршылықтың «бұл арабтың киімі» дейтін хиджаб — қазақтың кимешегі. Атаулары екі түрлі болғанымен атқаратын қызметі бір, мұсылман әйелдерге ортақ діни құндылық.
Ата салтымызда қыз балаға дүниеге келгеннен 3 жасқа дейін ит тақия, сырма, кепеш тақия кигізген. Сырға тағар шағында (5 жас) — шыт тақия, 7 жасынан 13 жасына дейін үкілі тақия, жаннат бөрік кигізген. Қыз қонақ дегендей, тұрмысқа шыққан кезде қыз сәукелесін киген. Келін болып босаға аттаған соң, шәлі жамылып орамалын байлаған. Балалы болғаннан кейін абысын-ажыны жиылып, ана болғанның белгісі деп сәукелесін шешіп, кимешегін кигізген екен. Кимешектің киілуі – келіннің кердең мінезден тыйылуы, ата-салттың алдында иілуі. Ал кимешектің өзі әйелдің қоғамдағы дәрежесі мен мәртебесін айқындайтын. Әйелдің шашын жасыратын кимешектен тек беттің алмасы ғана көрінетін. Сол себепті дәулетіне қарай кимешекті қызылды-жасылды оюлармен, асыл тастармен айналдыра көмкерген. Қарап отырсаң, атамзаманнан қазақ әйелдері орамалын тастамаған. «Тәрбие — тал бесіктен» деген халқымыз бүлдіршін кезінен-ақ қызды тақиямен тәрбиелеген. Айша бибі анамыз «Шашқа күн тигені-кіндікке кір түскені» деген екен. Шаш – әйел затының сәні мен сұлулығы. Оған өзгенің көзі түссе, әйелдің арына сызат түседі. Сол себепті салиқалы аналарымыз қыз баласын жалаңбас жүруден тыю арқылы арсыз жүрістен сақтаған. Бөтен ердің құмарта қызыға қарауынан қорғаған. Қазақта: «Әйел орамал тақпаса арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі», – деген сөз бар. Орамал — жай киім емес, арын сақтайтын әйелдің нышаны, бөтен көзден, арам ойдан сақтайтын қорғаны. Қазақ әйелдерінің киген кимешек, жапқан шәлісіне қарап қазақ өмірі ислам дінімен біте қайнасып жатқанына көзіміз жетеді.
Қазақ әйелінің басынан орамал тастамауына Құранда «Нұр» сүресінің 31-аятындағы: «Мүмін әйелдерге айт, өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әдеміліктерін көрсетпесін» деген Алланың бұйрығы себеп. Мұнымен қоса, дана халқымыз әйелді асыл жақұттай көріп, бөтеннің тілі мен көзінен сақтаған. Қарапайым дәлел тарихты қарасақ ешбір суреттен жалаңбас әйелді көрмейміз. Тіпті Томиристің өзін басындағы шошақ бөркінен танимыз емес пе? Жаугершілік заманда екі ру арасы бүлінуге шақ қалғанда көбіне қыз, аналарымыз басындағы орамалын жерге тастап, дауласқан екі жақты арашалаған кездері болған. Орамалдың қасиетін бағалайтын ер-азаматтар әлгі тасталған орамалдан аттап өтуді ар санайтын. Сөзге тоқтап, бітімге келетін еді. Мұның өзі қазақ халқында қыз-келіншектердің орамал тақ­қанына дәлел емес пе? Заманымыздың заң­ғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің өзі осы «хиджаб» сөзіне «шариғаттың шәлісі» деген әдемі анықтама берген. Алысқа бармай-ақ, күні кеше күйші Дина Нүрпейісова апамыз домбырамен кимешек пен шылауышын (кимешек үстінен байланатын ақ шаршы) қалай әдемі үйлестірді? Осыдан кейін қалайша орамалды жатсына аламыз? Қазақ қызы тіпті бөтен түгілі өзінің туған әкесі мен аға-інісінің алдында оғаш қылық көрсетпеген, ерсі киінбеген. Керісінше тіпті туғандарының алдында әдеп сақтаған. Етегін ашпаған, ақ білектегі жеңді түрмеген қазақ қызына қалайша орамал тән емес дей аламыз?
Хиджаб – ол бір елдің киімі емес. Жоғарыда айтқанымдай ол – мұсылман халқына ортақ киім. Түрлі ұлттың жер бетінде орналасуына қарай орамалдың тағу әдісі әртүрлі болуы мүмкін. Құранда көрсетілген негіз бойынша әр халық өз салты бойынша киінуге құқылы. Бірақ діни заңдылық бәріне бірдей. Мәселен түрік ағайындарымыз «хиджаб» сөзін түсіне бермейді. Олар мұның орнына «турбан» сөзін қолданады. Біз неге «хиджаб» деп тіксіне қарағанша, «орамал», «кимешек» тіпті «сәукеле» деп әспеттеп, ұлттық құндылығымызды дәріптемеске? Шариғатқа қарсы келмесе салтымыз бойынша киінуге құқылымыз. Сондықтан «өзге жұрттың киімі», «қазақ орамал тақпаған» деп, ділі мен тегіне аса мән берген қазақты намыссыз ұлт етуден сақтанғанымыз абзал. Ұятына жанын садаға ететін халық үшін әйелдің ары әрқашан бірінші орында болмақ. Себебі әйел – келешек қоғамды, бүтін ұлтты тәрбиелейтін адам. Тәрбиенің негізі әйелдің өзі орамалын жамылып, салиқалы қызды тәрбиелесе келешек ұрпақ иманжүзді, арлы болып өспей ме?
Бүгінгі қыз – келешек ана. Арлы әйел, ардақты ана болу үшін орамалын таққан қыздарды көрсек, тіксенбеуіміз керек. Керісінше діни құндылықты өмірде алып жүрген саналы ұрпақтың өсіп келе жатқанына қуанғанымыз жөн.
Дана ЕРЛАНҚЫЗЫ,
«Тұран» университетінің
4-курс студенті