Талдықорғанда ауыл әйелдерінің форумы өтті

Талдықорғанда ауыл әйелдерінің форумы өтті

Жетісулық іскер қыз-келіншектер Талдықорғанда бас қосты.  «Облыстық ауыл әйелдерінің» форумына әр аймақтан кәсіпкерліктің тұтқасын ұстап жүрген жандар келді. 200-ден аса қатысушы түрлі сала бойынша пікір алмасты, деп хабарлайды ТалғарАқпарат облыстық өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Жетістікке жетудің құпиясы, бизнесті басқару мен отбасы құндылықтарын талқылады. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев те қатысып, өңірдегі кәсіпкерлік әлеуетін таныстырды. Қазір облыста 122 000 шағын және орта бизнес субъектісі болса, соның тең жарымын қыз-келіншектер басқарып отыр. Басқосуда табысты еңбек етіп жүрген бірқатары өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ қаржы ұйымдары кәсіпкерлерге арналған бағдарламаларын таныстырды.

Жиында алғаш сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ақан Жылқышыбайұлы:

«Құрметті форумға қатысушылар, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың атынан сіздерге қош келіпсіздер деймін. Жиын жұмысына сәттілік тілеймін.  Өңірде  жаппай кәсіпкерлікті  дамыту  тиімді жүргізілуде.  Жалпы кәсіпкерлікті дамыту үшін  кешенді Жол картасы әзірленді. Бұл жерде  табысы аз, көпбалалы әйелдерді қолдау  ұмыт қалмаған. Көп балалы аналар, оқушылар мен студенттер  облыс орталығы Талдықорғанда қоғамдық көлікте тегін жүреді. Көп балалы аналарды баспанамен қамту  мақсатында  тұрғын үйдің  қазығы қағылды. Қоғамда әйелдер барлық салада қызмет атқарады. Ал жеке кәсіп ашып, жұмысын жүргізіп отырғандары қаншама?! Арамызда  ауылдық округтердің әкімдері, фермерлік шаруашылықтар басшылары, шаруашылық жетекшілері, әлеуметтік мекемелер директорлары,  ҮЕҰ өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары отыр.

Бүгінгі облысымызда бастау алған  форумның басты мақсаты — ауыл әйелдерінің  қол жеткізген жетістіктерін көрсету, бөлісу. Рухани жаңғыру міндеттерін, Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын жүзеге асыруға қосқан үлестерін көрсету болып табылады. Осының барлығын қамти отырып, жобаға қатысушылар қатарын көбейтуіміз керек. Өз отбасымыздың жағдайын жақсартып қоймай, елге көмегі тиіп жатса құба-құп қой. Кәсіпкерлікпен айналысушылар үлесі соңғы жылдары артты. Себебі, мемлекеттік  қолдау-көмек жасалып,  қайтарымсыз грант бөлінуде. Өңірімізде «Ауыл- ел бесігі» бағдарламасы қолға алынған. Қазір табысты бизнесті жүргізу үшін жақсы жағдай бар. Тек жұмыс істеу, тәжірибе алмасу және қиындықтардан қорықпау керек», -деді.

«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту. Әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы ауылда өмір сүру сапасы мен әл ауқатын арттыру. Бүгінгі пленарлық отырыстың күн тәртібіндегі мәселе. Ауыл әйелінің дамуына, жұмыспен айналысуына көрсетілетін мемлекеттік көмектен қалыс қалмаңыздар. Қазақтың әрбір қыз-келіншегі бүгінгі заманның ағымымен қызмет етіп, отбасының, бүкіл бір елдің ұйытқысы болуы тиіс деп ойлаймын. Қала мен дала арасындағы байланысты жалғауымыз керек. Тәрбиенің қайнары, ұлттық руxымыз әуелі ауылдан бастау алады. Соны насиxаттап, соны көрсетуіміз қажет! Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі ретінде мен де ауыл xалқының әлеуметтік мәселелерінің шешімін табуына аз да болса көмегімді тигізгім келеді. Білгенімді айтып, қыз-келіншектерімізге бағыт бағдар беріп, тәжірибеммен бөліссем деймін»,-деді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Қаракөз Сүлейменова.

Қазақстан ауыл әйелдерінің бірінші форумының делегаты, Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылдық округінің әкімі Б.Елеусізова әйелдердің қоғамдағы рөліне тоқталды.  Алматы облысында табиғи каучук өндірісі үшін бақбақ гүлін өсіру бойынша бірегей жобаны іске асырушы «Көк сағыз ТМ» ЖШС басшысы К.Мағзиева мен «Прогресс» жекеменшік политехникалық колледжінің директоры Ж. Телпекбаева өз жетістіктерімен бөлісті. Д.Теннің «Экоферма» жасыл технологиялар орталығының тәжірибесі көпшілікті қызықтырды. Ал диалогтық алаңда табысқа жеткен  түрлі жобалар жеңімпаздары шеберлік сабақтарын өткізді.  Кәсіпкерлік  сырын өзара талқылағандар мұндай басқосудың  пайдасы зор деп есептейді.

Айта кету керек, Қазақстан ауыл әйелдерінің екінші форумына  қараша айында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

Талғар-ақпарат