Күңірендік, күйіндік күллі қазақ елі! Арыстай азаматымыздан айрылдық. О, дүниеге аттандырдық. Əлем егілді, жүректері езілді. Қала, облыс орталықтары мен аудандарда тіпті шағын ауылдарда ықылас білдіріп жатты. Мың алғыс! 19 шілде. Қаралы күн. Мəнерлеп сырғанаудан əлемдік ареналарда қазақ елінің абыройын асырып жүрген ұл – Денис Тен қапияда қаза тапты.
Суық хабар тез тарады. Сенбеуге тырыстық. Сенуге тура келді. Жай түскендей. Амал қанша, арда ұл небəрі 25 жасында жарық жалғанмен қош айтысты. Қандықол қаскөйлердің қылмысы — қалың қазақтың, əлем спорты жанкүйерлерінің қабырғасын қайыстырды. Қазақ спортының өткеніне көз салсақ өкінішіміз аз емес. Өкпемізді кімге айтамыз? Ай-күннің аманында абыройымызды асырып жүрген азаматтарымыздан айырылып қалған кезіміз қаншама. Қайсыбірін айтайық. Еске алсақ, елімізде спорт жұлдыздарына жасалған қастандықтар жетерлік. Қастандық па, əлде кездейсоқ болған қылмыс па, бəрін бірдей ажырату оңай емес. Жұмбақ жағдайда дүниеден озған дүлдүлдеріміз де бір дүрмек. Жақында ғана кəсіпқой боксшы Жанқош Тұраровты нысанаға алып, қару кезінген сəттің видеосы да жұрттың жүрегін ауыртты. Алаш жұрты ұлының амандығын тіледі. Бір жылдары бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимовтың соққыға жығылғанын көріп, жанымыз ауырған. 2009 жылы ауыр атлет Илья Ильин де Алматыдағы кафелердің бірінде жарақат алып, ауруханаға жеткізілген еді. Спортшы тез айығып, қастандық болғанын растаған жоқ. Қазақстан ұлттық құрамасында доп тепкен Дмитрий Бяков та 2003 жылы ауыр жарақат алып, бір ажалдан аман қалған. 25 жасқа толған туған күнін тойлаған футболшының мерекелік дастарханы қанға бөкті. Мейрамханада отырған қонақтарымен болған дау-жанжал соңы оқыс оқиғамен аяқталды. Дмитрий жүрек тұсынан жарақат алып (пышақ бірнеше жеріне сұғылған), ауруханаға ауыр халде түсті. Футболдағы мансабын жалғастырмақ түгіл, аман қалуы екіталай еді. Тəжірибелі дəрігерлер спортшының өмірін сақтап қалды, тіпті футболмен шұғылдануына да жол ашты. Жасыл алаңға екі жарым жылдан кейін оралды. Бұл аралықта одан жақын достары мен жан жары да теріс айналып үлгерген еді… Дмитрий 11 нөмірлі жейдеде жарақатынан жазылғаннан кейін де жоғары ойын өрнегімен көзге түсті. Əсіресе жанкүйерлер 2007 жылы Алматыда өткен Португалияға қарсы ойында соққан голын ұмыта қоймаған болар. Бұл кей қазақ спортшыларына төнген қауіптің бірсыпырасы ғана. Денистің қазасынан кейін белгілі спорт журналисі Нұрғазы Сасаев спорт жұлдыздарына жасалған қастандықтар жайлы жанайқайын жазды.
– Осы ұры-қарылардың спорт жұлдыздарын да нелері бар екен, ə?! Қаншама спортшымыз қанды қол қарақшылардың қолдарынан қаза тапты. Өкініштісі, бəрі де жұмбақ күйінде қала берді. Мұстафа Өзтүрік, Əбдісалан Нұрмаханов, Ермек Серіков (жас боксшы) сынды саңлақтар да белгісіз қаныпезерлердің қолдарынан қайтыс болған жоқ па еді? Бекзат Саттархановтың да мезгілсіз қазасы да шешуі табылмаған жұмбақтай… Тағы кім бар (өздеріңіз қоса жатарсыздар), тұрлаусыз мынау фəниден озған?! Ал соққыға жығылып, оның аныққанығы ашылмай жүргендері қаншама?! Марқұм Əбілсейіт Айханов ағамыз да қапелімде соққыға жығылғанын айтып еді. Ермахан мен Илья да осындай келеңсіздікті бастарынан өткізген жоқ па еді?! Дзюдошы Ислам Бозбаевты да аяғынан атып кетіп еді ғой (Содан кейін көсіле сілтей алмай қойды)… Қазақ спортындағы осы бір «тылсым дүние» қашан тиылады?! Қанды қол қарақшылар табылмай, өмір жалғаса бере ме?
Неге қанышерлер ұсталып, тиісті жазасын алмайды… – деп жазды facebook желісіндегі жазбасында.
Қандықол қаскөйлердің қолынан жарақат алған, періштесі қағып аман қалған спортшыларымыз жайлы аз-кем айттық. Ал қаза болғандары ше? Қапияда бұл дүниеден озған боздақтарын жоқтап, боздап елі қалды. Қазақ спорты көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өткендері қаншама?…
Əбдісалан Нұрмаханов (1936-2002). Қазақ боксының қара нары – Əбдісалан Нұрмаханов болса, атасы – Шоқыр Бөлтекұлы. Əлемді мойындатқан Əбдісалан Шоқыр негізін қалаған мектептің түлегі, ізбасары еді. КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1966), Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Қазақстанның 10 дүркін чемпионы (1957 – 1967), КСРО чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (1957, 1962 ж.ж.), КСРО халықтары спартакиадасының екі мəрте қола жүлдегері (1959, 1967), Азия-Африка ойындарының жеңімпазы (1963) болды. Осыншама жетістікке жетіп, қазақ елін танытқан тұлға кісі қолынан қаза табады деп кім ойлаған?!… 2002 жылдың 14 маусымында Алматыда даңқты боксшы, білікті бапкер мəңгілік сапарға аттанды. Қандықол қарақшы Əбдісалан Нұрмахановқа ту сыртынан оқ жаудырған.
Бексейіт Түлкиев (1955-1998). 1998 жылдың сəуір айында қазақтың біртуар ұлы Бексейіт Түлкиев көз жұмды. Қандықол қаскөй таеквондодан 6 дан иегеріне көлігін тұраққа қойып жатқанда пышақ сұққан. Спортшы жантəсілім етті, артында жылаған жұрты қалды. Ал қылмыскер ұсталмай кетті. Мұстафа Өзтүріктің ізбасары саналған тұлғаның тағдыр жолы шорт қиылды. Бексейіт жалғыз таеквондо ғана емес, жекпе-жек түрлерінің бірнешеуін еркін меңгерген жан еді. Бүгінде спортшы атында түрлі жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Таеквондо спортының елімізде дамуына өлшеусіз үлес қосты. Бексейіт Түлкиев спортшы ғана болған жоқ, танымал суретші де. Кескіндеме өнерінің шебері 89 тарихи тұлғаның басын қосып əйгілі «Ұлы көш» картинасын салды. Бұл сурет Алматыдағы Президент резиденциясында сақтаулы тұр. Сондай-ақ «3амандастар», «Əке», «Ата-баба жері», «Суретшінің түсі», «Əже», «Əкені майданға шығарып салу», «Түсіру алаңы» секілді кескіндемелік туындылары да көпшілікке танымал.
Мұстафа Өзтүрік. Туған халқын сүйіндіріп, сүйсінткен тау тұлға, тар дүниенің тарансасынан талайлы тағдыры ерте түсірген тарланбоз — Мұстафа Өзтүрік.Атамекенін аңсап жетіп, топырағын сүйіп туған елімен табысқан есіл ерді абайсызда ажал алып кетті. Кей деректерде, оның қастандықпен
уланып, бақилық болғаны жазылады. Кіндік жұртынан аққа оранып, аруланып аттанып Түркиядағы əкесінің жанына жерленді. Өзтүріктің жалғызы еді. Артынан ерген қарасы да жалғыз. Біз білсек, Германияда тұрады. Ал, атажұртта ардақты ұлдың даңқы қалды.
Асқар Шайхиев (1963-2000). Самбо күресінен əлем чемпионы атанған Асқар Шайхиев 2000 жылдың мамыр айында кісі қолынан қаза тапты. Үйіне жақындап қалған азаматқа белгісіз біреулер оқ атқан. Төрт оқ та тиіп, спортшы жантəсілім етті. Асқар əлем чемпионы ғана емес, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері, Əлем кубогының иегері болды. Көптеген халықаралық турнирлерде топ жарды. Спорттағы мансабын аяқтағаннан кейін жаттықтырушы, Батыс Қазақстан облыстық дзюдо федерациясының атқарушы директоры болып қызмет атқарды. Сайыпқыран самбошының ұстаз ретінде шəкірттеріне бергенінен берері көп еді. Амал не, сұм ажал ол күнге жеткізбеді. Бір өкініштісі, Асқардың жаттықтырушысы болған Батыр Қуанышев те Асқардан кейін көп ұзамай қаскөйлер қолынан қаза тапты. Бүгінде Батыс Қазақстанда самбодан Асқар Шайхиевті еске алуға арналған облыстық, республикалық жəне халықаралық жарыстар ұйымдастырылып келеді.
Асқар Қоханов (1963-2008). Қазақстандық танымал кикбоксшы аса ауыр салмақта əлем жəне Азия чемпионы атанған Асқар Коханов та қапияда қаза болды. Land Cruiser Prado автокөлігімен бағдаршамға тоқтаған Асқар Қохановқа қара түсті ВМW көлігімен келген жендеттер оқ жаудырған. Спортшы ауруханаға жеткізілгенмен, дəрігерлер аман алып қала алмады. Асқар Қоханов кикбокстың Қазақстанда дамуына үлес қосқан тұлғалардың бірі еді. 45 жасында жарық жалғанмен қоштасты.
Бектас Əбубəкіров (1972-2001). Бокстан КСРО жəне Азия чем пионы, Атланта Олимпиадасына қатысушы Бектас Əбубəкіров те қандықол қарақшылар қолынан қаза тапқан спортшылардың бірі. Қанды оқиға 2001 жылдың ақпан айында Қарағанды қаласындағы Офсайд дəмханасында болған. Достарымен демалып отырғанын күткен қаскөйлер дəмханадағы адамдарды шығарып, Бектас отырған үстелге «Калашников» автоматымен оқ жаудырған. Спортшы мен достары оқиға орнында қаза тапты. Боксшы 29 жаста ғана еді.
Ермек Серіков (1989 – 2009). Ермек Серіков ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алған ең жас боксшылардың бірі болды. Жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның үш дүркін чемпионы атанып, 2005 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен əлем біріншілігінің күміс жүлдесін иеленді. Талантты боксшының қарымын байқаған жаттықтырушылар Ермекті 2009 жылы Миланда өтетін əлем біріншілігіне апармақ ниетте болған. Алайда 2009 жылдың тамыз айында ол қандықол қарақшының қолынан қаза тапты. Ермек Серіков жастайынан-ақ қатарластарының алды болған. Шаршы алаңның шаңын қаптырып жүрген жас боксшы қарсыластарының көбін уақытынан бұрын нокаутпен ұтып жүрген. «Қазақтың Тайсоны» деген лақап атқа ие болған талантты боксшыны кəсіпқой боксқа ауысқан Геннадий Головкин бірге жаттығып, тəжірибе жинауға шақырған. Болашақ əлем чемпионымен өткізген бір айында Ермек көп нəрсені үйреніп қайтады. Тіпті Геннадий Головкиннің промоутерлері жас талантты жібергісі келмей, кəсіпқой боксқа ауысуын да қалаған. Бірақ Ермектің алдымен Геннадий Головкин секілді əлем немесе Олимпиада ойындарының тұғырында көріну туралы арманы болған екен… Ермек Серіков 2009 жылы, небəрі 20 жасында дүниеден озды. Жасындай жарқ еткен қазақ боксшының жарық жұлдызы ерте сөнді. Туған қаласы Шахтинсктегі мейрамханалардың бірінде басталған дау-дамайды жастар қала сыртында шешуге ұйғарады. Белгіленген жерге еш алаңсыз жеткен спортшыға белгісіз біреу оқ атқан. Ауыр жарақат алып, көп қан жоғалтқан боксшыны дəрігерлер аман алып қала алмаған. Ал боксшыны бақилыққа аттандырған қандықол қарақшы екі жарым жылдай уақыт өткеннен кейін Ресейде ұсталып, Қазақстанға жеткізіледі. Ол кінəсін толықтай мойындамағанымен, 7,5 жылға бас бостандығынан айырылады. 2013 жылдың қаңтар айында Владимир Щепин түрмеде жүрек талмасынан қайтыс болған. Шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмаған Ермек Серіков спорттық мансабында 150-ге жуық кездесу өткізген екен. Жеті рет қарсыласымен тең жұдырықтасқан. Қаскөйлер қолынан қаза тапқан спортшылар аз емес. Допты хоккейден КСРО-ның 19 дүркін чемпионы Марат Жексенбаевқа (1996 ж.) да қылмыскерлер өзінің пəтерінде 20 жерінен пышақ салып өлтірген. Ауыр салмақ дəрежесі бойынша кикбоксингтен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Ерхан Садықовтың (1995 ж.) мəйіті де өзінің жеке көлігінен табылды. Иə, тəуелсіздік алғаннан бергі кезеңнің өзінде қылмыскерлер қолынан қаза тапқан спорт саңлақтары біршама. Біз танылып, əлемдік аренада қазақ елінің абыройын асырып үлгергендеріне тоқталып өттік. Тіпті кейбірінен нағыз шеберлігі мен тəжірибесі толысқан кезінде көз жазып қалдық. Енді бірінен ағалық ақылын айтып, шəкірт тəрбиелер шағында айырылдық. Амал қанша? Бақұл болыңдар, боздақтар!
Дайындаған: МЫРЗАХАННЫҢ Бақтияры.