«БАРЫС» БАҺАДҮРЛЕРІ ЕРЛЕДІ

«БАРЫС» БАҺАДҮРЛЕРІ ЕРЛЕДІ

Осыдан үш-төрт ай бұрын қаладағы «Атамекен» мейрамханасының ішінен ағайынды Медет және Дәулет Өсербай деген жігіттер «Барыс» спорт клубын ашқан еді. Міне, содан бері күрестің 7 түрінен 10-жаттықтырушы таеквандо, джиу-джитсу, кикбоксинг, грэпплинг, самбо, грек-рим, еркін күрес, қазақ күресі және жекпе-жек түрінен жас спортшыларды қабылдап, күрес өнерінің түр-түріне үйрете бастаған болатын.

Жақында ережесіз жекпе-жектен əлем чемпионы, джиу-джитсу күресінен спорт шебері Дəулет Өсербай мен жас жаттықтырушы Серік Сағиевтің шəкірттері Алматы қаласында өткен Ауған соғысының қаһарманы, соғыс кезінде жүректілігімен Ауған халқына белгілі болып, «қара майор» деген атқа ие болған Б.Керімбаевтің жүлдесі үшін əскери жекпе-жектен өткен республикалық турнирден екі алтын жүлдемен оралды. Жекпе-жек өнері қазақтың қанына біткен өнер емес пе? Жүрекшілік пен батылдықты қажет ететін осы спорт түрін серік еткен жас барыс Бекзат Салауатов (65келі) пен Азамат Қайратұлы (60келі) татами үстінде көкжал қасқырдай қарсыластарына тап-тап беріп, барлық жекпе-жектерін жеңіспен аяқтап отырды. Екеуі де жеңіс ең биік сатысынан көрініп, «чемпиондық» тəжді киіп қайтты. Ал самбо күресінен өткен Қазақстан чемпионатында 55 келі салмақта боз кілем үстінде арыстанша алысып, əдемі техникасы мен күреске деген жігерлілігін танытқан Заки Эльдар деген жас өрен чемпионаттың қола жүлдесін алып оралды.

«Барыс» клубының жас спортшылары 22 шілде күні Іле ауданында джиу-джитсудан өткен облыстық біріншіліктен де үлкен табыспен оралды. Осы жарыста жарқырай көзге түскен алты жасар Данияр Салауатов (19келі), 7 жасар Сағи Ислам (32келі), 11 жасар Балғабек Мағжан (36келі) деген балалар бас жүлдені иемденсе, Болат Жəнібек (22келі), Сағи Еркебұлан (36келі), Болат Қазбек (44келі) есімді жеткіншектер күміс жүлдені мойындарына іліп қайтты. Жүлделі үшінші орынды алған: Берік Салауатов (22келі), Нариман Алибеков (44 келі), Нариман Бағыбек (50келі) сынды балалар өздерінің болашақтарынан үлкен үміт күтуге болатынын дəлелдеп. Сөйтіп, алғашқы жарыстарын жеңіспен бастаған «Барыс» клубының спортшылары бұл сапардан олжалы оралды.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

«Талғар».