Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыстың театр сахнасына дәстүрлік театрдан мүлдем басқаша, жаңа театр өмірге келді. Бұл келген «Айтатыны жоқ, айтқысы да келмейтін, айта да алмайтын, айтуға дәрмені де жетпейтін, тіпті айта қою ниеті жоқ, алайда айтуға міндетті!» (С.Беккет) «Абсурд театр» ( Theater of The Afsurd ) еді. 1961 жылы жаңа театр жөнінде маңызды зерттеу жазған М.Эсслин оларға арнап осындай мағынадағы ат қойған. Бұл пьесалардың авторы мыналар: С.Беккет, Э.Ионеско, А.Артур, Ж.Гент, Х.Пинтер (2005 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының иегері).
Батыстың сонау Аристотельден бастап жүйеге түскен театр дәстүрінде сюжет баяндау басты орында тұрады. Трагедия немесе комедия болсын, тіпті кейін пайда болған араласпа театрларда да сюжетке құрылған оқиға сахнадағы уақыт пен кеңестіктің бірлігін қалыптастырады. Бұл бірліктің түп дәнекері болып тіл тұрады. Содан да дәстүрлі театрда баяндау қашанда басты фактор. Белгілі бір оқиғаны қайшылықтарға тоғытып, сан құбылтып, ширықтырып кеп бір түйінге жинақтайтын мұндай театрда уақыт көбінесе оқиғаға қажет ретінде ғана көзге түседі, кеңістік пен уақыт бір-бірінен екі елі ажырамайды, тіпті ұқсамаған уақытқа соғатын шегіністі баяндау, қыстырма баяндау, монолог дегендердің өзі де оқиға жүріп жатқан сол кеңістіктің белгілі қажеттілігін қанағаттандыру үшін ғана пайдаланылады.
Өткен ғасырдың 50-жылдарында жаңа театр дәстүрлі театрдың дәл осы «уақыт пен кеңістіктегі ажырамас бірлігін» терістеумен ортаға шықты.
Бұл туралы М.Эсслин: «Абсурд театр көтерген тақырыбымен парықтала бермейді. Жерлод, Айнолин, Саракрот, Сартр мен Камюлардың басым көп сахналық шығармаларының тақырыбы да өмірдің мән-мағынасыз, құлазыған жұтаңдығын, мұрат пен сенімнің азғындауын бейнелеген. Десе де, бұл драматургтер мен «Абсурд театр» арасында үлкен айырмашылық бар. Жоғарыдағы драматургтер анық дәлдік, қатаң логикалық пайымдауымен адамзаттың тастанды болған, сүреңсіз, құлазыған көңіл-күйін сөз етеді. Ал «Абсурд театр» әлгіндей ақылдық танымның сүзгісі мен логикалық пайымдау дегенді қажет етпейді. Мұнда анықтап алуға тиісті түйін: Сартр, Камюлар дәстүрлік формаға жаңа мазмұн берсе, «Абсурд театр» одан бір қадам алға басып, жеткізілетін мазмұн мен оны жеткізетін форманың жаңа бірлігін тапқан», — деген.
Түптеп келгенде, мұндағы түйін «Болмыс» деген сөздің мазмұнымен тіке қатысты. Соған дейін «Болмысшылдыққа» жақын аталатын біраз жазушылар прозада әлгі «жеткізілетін мазмұн мен оны жеткізетін форманың жаңа бірлігін» тапқан болатын. Айталық, Ф.Кафка өмірдің мағынасыз, мәнсіз, сүреңсіз тұсын өзге жазушылардың стильнен мүлде бөлек тәсілмен жеткізген. Оның 1917 жылы жазған «Ауыл дәрігері» әңгімесі «Абсурд театр» алыстан үндеседі. Бұл әңгімеде «әлде бір ауру тосып отыр» деген хабар жетіп дедектеген ауыл дәрігері қысты күні сапарға шығуға қамданады. Ол мініс атын зорықтырып өлтіріп алғанын, енді шанаға шегер ат жоқ екенін біледі. Не істерін білмей, үй алдында сенделіп жүріп қалады. Осы тұста дәрігердің өзі де танымайтын атшысы пайда болады да, әлгінде ғана бос тұрған қорадан оқыранған бір атты алып шығып, дәрігердің алдына тартады. Дәрігер әлденеден алаңдайды да, сапарға шыққысы келмей қалады. Бірақ, ол бірден әлгі сырқаттың үйінің алдынан бірақ шығады. Үйге кіргенде төсекте жатқан, ешбір ауру белгісі жоқ баланы көреді. Отбасындағылардың бәрі ауру мен оны айнала қоршап алған. Дәрігер ары тексеріп, бері тексеріп науқас баладан ештеңе таппайды. Бала оны өзіне жақын тартып «мен аурумын» деп сыбырлайды. Содан барып дәрігер оның денесінен құрттары құжынаған жарақат табады. Бала дәрігерге «Мен өлейінші!» деп жалынышпен қарайды. Осы кезде әлгінде мініп келген аты терезені тұмсығымен түртіп ашып, үйге басын кіргізеді…
Прозадағы бұл «түйсік» театрға ауысқан тұста, өзгеше мәнер пайда болды. Бұл туралы М.Эсслиннің: «Егерде жақсы пьеса керемет ойластырылған сюжетсіз болмайды десек, онда мына пьесада («Абсурд театр» айтады) сюжет немесе соған жақын нәрсе кездеспейді; Егерде жақсы пьесаның өлшемі тартымды образдар мен ондағы іс-әрекеттің дәлдігі десек, онда мына пьесада ол да жоқ; Бұлар өз көрерменіне қатып семген, тоңазыған дүниенің сызын сыйлайды. Пьесада анық аңғарылатын тақырып болады, оның басталу, шарықтау, аяқтау тұсы болады десек, онда мына пьесада басталу да, аяқталу дегенде болмайды; Егерде жақсы пьеса айна сияқты адам характерін ашады, дәуір мен салттың ерекшелігін ескереді десек, мына пьесаларда көрермен көбінде әңкі-тәңкі қалады, оларды қиял мен түске ұқсас түйсік шырмап алады», — деген.
«Годотты тосу» да бұл түйін айқын көрініс табады. Айталық, Годот деген кім? Годотпен екі қаңғыбастың ортасында қандай байланыс бар? Екі қаңғыбас Годотты неге тосады? Годот неге келмейді? деген сұрақтар бастан ақыр көлденеңдеп қалмайды. Пьесаның тұтас құрлымы да осы сұрақтардан тұрады. Ал ол сұрақтарға бастан ақыр жауап жоқ. Содан да кейбір сыншылардың «Абсурд театр» «жым-жырт» театр деп атайтыны бар.
Мұндағы ерекшелік «Абсурд театр» тілге жаңа көзқараспен келгендігінде. Ал оның тасасында дәстүрлік таным-түйсікке мүлде ұқсамайтын дүниеге көзқарас жатыр. Бұндай дүниеге көзқарастың бір парасын кезінде А.Камю былай түсіндірген: «Ақылдық таныммен түсіндіруге болатын дүние, қалай дегенмен де, көңілге қуаныш ұялататын дүние болып қалады. Алайда, ғалам туралы әлгі қиял мен шуақ сөніп қалса, адам өзін құла дүзде жалғыз тұрғандай сезіне бастайды. Сапарының да мән-мағынасын, мақсатын да білмейтін, мекенінен айырылған, сергелдең болған біреуге айналады. Оның бойынан үміт деген біржола сөнеді. Адамның мұндай өзі мен өмірінің арасына сызат түскендей болуы, актер мен сахнаның бір-бірін жатырқап, алыстауы – түптеп келгенде, әлгі біз айтқалы отырған құлазу». Дәл осы арада М.Хайдегердің «Поэзияда өмір сүр» деген қанатты сөзін еске алмай тұра алмаймыз. Адам ең әуелі тілде өмір сүреді. Дегенмен адам құлазып, рухани мекенінен айрылған шақта, алдымен тілдегі әлгі мекенінен айырылады. Ой мен тіл ажырамайтын бір нәрсе емес, қайта ой тілден, адам үнінен ажырайды. Э.Ионескодың «Тақырбас әйел әнші» пьесасының бірінші көрінісінде Симит ханым күйеуі екеуі отырғанда, тоғыз бөлектен тұратын ұзын сонар сөз сөйлейтіні бар. Осы сөздердің арасында Симит мырза туралы сегіз рет «Газет оқып отыр, ерінін ғана жыбырлатады» дегені болмаса, ханымның бұл сөздерінің кімге бағыттап айтылып жатқаны мүлде түсініксіз. Ол сөздерді монолог деуге де келмейді. Сөз мүлде орнын таппай далаға кетіп жатқандай әсер береді. «Годотты тосуда » Поззо Бақтыбекке сөз сөйлеуді әмір еткенде, оның шұбалаңқы сөзі кімге, не айтып жатқаны да мүлде түсініксіз болып кетеді. Х.Пинтердің «Жаңа пәтерші» пьесасында да үй күтуші әйелдің сөзі де дәл жоғарыдағыдай, оның келіп отырған қонаққа айтып жатқаны немесе жиһаз тасып кіріп-шығып жүргендерге айтып жатқаны белгісіз, бас аяғы жоқ былшыл болып шығады.
«Абсурд театр» сөз жоғарыдағыдай мағынасыз дүниеге айналып қана қоймай, сол сөздерді сөйлеген адамдардың өзі бірінің сөзін бірі түсіне бермейді, тіпті бірін-бірі тоспай бас басына сөйлейді. Сөздері де біріне-бірі қайшы кеп жатады. Айталық, Э.Ионескодың жоғарыдағы «Тақырбас әйел әнші» пьесасының алғашқы көрінісінде, сөйлеп жатқан әйеліне Симит мырза ара тұра сөз кірістіріп қояды. Ол сонда «Боби Осим екі жылдың алдында өлген» дейді, содан біраз өткен соң, «Оның өлгеніне жарым жылдан асты-ау деймін» деп қояды, одан барып «Боби Осим үш-төрт жылдың алдыында өлді емес пе? Ол ханымымен қай кезде некеге тұрған еді?», — деп сұрайды. Одан барып «Олардың баласы жоқ қой, әйелі енді жалғызсырайтын болды ғой»,- дейді. Сәл өткеннен кейін «Ханым тағы тұрмысқа шығып жатса, әлгі екі баланы – ұл мен қызды қайда апарады екен?», — дейді. Осы сөздерден кейін көрермен айтылып жатқан Боби Осимнің бір адам, әлде бірнеше адам екенін білуден қалып, дал болады. Х.Пинтердің «Үй қараушы» пьесасында да осындай, тал десе терекке тиіп жататын сөздер баршылық. Бұлар диалогтан гөрі бас-басына сөйлеуге қатты ұқсайды.
Мұнда диалог дәстүрлі театрдағыдай оқиғаның қажеті үшін емес, қайта көрерменге кейіпкердің сол мезеттегі болмысын нақпа-нақ көрсету үшін немесе уақытты көрнектілендіру үшін қажет. Бұндай пьесада оқиға мен уақыттың бірлігі айқын ажырайды да, адам өмірінің сәт сайынғы болмысы көрнектіленіп шыға келеді. Көрермен де, кейіпкер де енді қайтып уақиғаның құлы емес, қайта өмірдің тасадағы болмысына үңілушіге айналады. «Абсурд театр» осы қасиетінен ой түйген М. Эсслиннің: «Мағынадан айырылған дүниеде ауыздан шыққан сөздің өзі араның ызыңы сияқты бірдеңеге айналып қалады», — дейтіні бар.
«Абсурд театр» осы ерекшелігімен айғай-шуға толған осы заманғы дүниедегі адам баласының көкірегінде жасырынған құлазу мен жалғыздығын, жан ұшыра жанталасқандағы үнсіздігін өз дәуіріне тән образбен көрсеткен.
Басы, жалғасы бар
Ардақ Нұрғазы
Материал Әуезов театрының сайтынан алынды