Ауыл аманаты – ауылдағы нақты нәтиже


Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігі нақты іспен көрініс табуда. AMANAT партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан жоба ауыл кәсіпкерлігін дамытып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.
Бағдарлама аясында жеке кәсіпкер Мейірғали Аднанов құрылыс материалдарын өндіретін кәсіп ашып, кірпіш пен бетон бұйымдарын шығаруды жолға қойған. Жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкерге жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріліп, қажетті өндірістік қондырғылар мен бетон дайындау жабдықтары сатып алынған.
Бүгінде кәсіпорында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс қарқыны да жоғары — күніне шамамен 2000 кірпіш дайындалады. Айына орта есеппен 60 мың өнім шығарылып, оның ішінде түрлі кірпіштермен қатар жолға төселетін төсемтастар да бар.
Кәсіпкер сапаға ерекше мән беретінін атап өтті. Шикізат мұқият таңдалып, өндірілген өнімнің беріктігі мен ұзақ мерзімге шыдамдылығы қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, сұраныс тұрақты. Өнім тек Жаңалық ауылында ғана емес, көршілес елді мекендерде де жоғары сұранысқа ие.
Бұл жоба – «Ауыл аманаты» бағдарламасының ауыл экономикасын дамытудағы тиімділігінің айқын дәлелі. Ауыл тұрғындары үшін ең маңыздысы – тұрақты табыс пен жұмыс көзінің қалыптасуы.
Алдағы уақытта кәсіпкер өндіріс көлемін ұлғайтып, қосымша балық және құс шаруашылығын дамыту жоспарын да қолға алмақ. Бұл өз кезегінде ауылдағы кәсіпкерліктің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.
Ауыл дамыса – ел дамиды.