Биыл барша адамзат болмысы сынға түскен күрмеулі де күрделі жыл болды. Ауру кірді – әлек кірді. COVID-19 дерті туралы түрлі қауесет мың құбылып, қоғамдық дискурстың басты тақырыбына айналды, соның салдарынан адамдар арасында үрей, күмән және мемлекеттік мекемелерге деген сенімнің жоғалуы белең алды. Пандемия адамдардың өмір салтын түбегейлі өзгертті.
Әлемнің барлық аумағындағы қауымның тұрмысы жаңа арнаға бұрылды, оқушылардың білім алуы, қоғамдық кездесулер, жұмыс, демалыс, тіпті саяхаттау талабы қайта қаралды. Жер шарының әр тұрғыны түрлі шектеуге тап болды, соның бәрі қоғамның іс-әрекетін тежеп тастады. Оқушылардың көбі сабағын онлайн оқуға мәжбүр, сондықтан үлкен топқа мүше екенін ұмыта бастады. Жеке немесе іскерлік мақсатта адамдармен кездесу де онлайн форматқа ауысты. Егде жастағы адамдар оқшауланып, отбасымен қарым-қатынасын үзіп алды. Компаниялар, отбасылық кәсіпорындар, жас кәсіпкерлер немесе көшедегі саудагерлердің жұмысы тоқтап, табыс көзінен айырылды.
Әлемнің бар елінде мамандар жұмыс ауыстырды немесе бұрынғы жұмыс орнында жалақысы азайды, тіпті жұмыстан шығып қалды. Әлі күнге дейін пандемия тұтынушылар, бизнес иелері мен түрлі қауымдастық өкілдеріне экономикалық залал келтіріп, қатты алаңдатып отыр. Көп адам індет құрбаны болды.
Азаматтардың түсінігінде үкіметтің жұмысы көбіне күнделікті ауру жұқтырғандар санын тіркеу, атқарылған шараларды түсіндіру мен насихаттау және вакциналау науқанын бастау, оны жүргізу сынды шаралардан көрінеді, мұның бәрі әлеуметтік желілерде жан-жақты талқыланды. Сол себепті COVID-19 демократиялық шешімге қатер төндірді, төндіріп те келеді. Қоғам болып вирусқа қарсы күресуге де кесірін тигізеді, себебі әлеуметтік медиадағы жалған ақпарат, фейк жаңалық пен астыртын келісім теориялары індетті ауыздықтау шарасына кедергі болады.
Ал біздің Талғар ауданы бойынша келіп түскен соңғы мәліметтерге сүйенсек ауданымыздағы эпидахуал тұрақты деп айтуға әлі ерте. Өткен аптада 8 адамнан індет анықталып, арнайы жұқпалы ауруханаларға жатқызылған. Оның біреуі сиптомсыз болса, жетеуінде індеттің нақты белгілері анықталған. Жыл басынан 6211 адамнан індет белгілері анықталып, тиісінше ем шараларын қабылдаған. «Қазіргі уақытта індетке қарсы қамданыс қарқынды жүргізіліп, екпе егу жұмыстары жалғасын тауып келеді. Қоғамдық орындарға «Ashyq» қосымшасы арқылы кіргізіп, індет жұқтырған жандармен байланыста болған әрбір адамның денсаулығы жіті бақылауда»,- деп хабарлайды аудандық санитарлық эпидиемиологиялық станция басшылығы.
Осылайша, бір жылға жетер-жетпес қысқа ғана мерзімде дөңгеленген дүниенің дидары өзгергеніне куә болдық. Осы сындарлы кезеңде сынақтан жеке тұлға ретінде де, жалпы қоғам ретінде де шыңдалып шығатынымызды сезіндік. Олай болса, өзіміз бен жақындарымыздың амандығы үшін әлемді жайлаған індетке бей-жай қарамайық!
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»