Қос отбасының қуанышы

Қос отбасының қуанышы
Бүгінгі күні «Nur Otan» партиясы жүйелі жұмысын жаңғырту мақсатында түрлі ауқымды шараларды іске асырып келеді. Әсіресе, «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» сынды партиялық жобалар қарқынды қолға алынған. Бұл жобалардың негізгі мақсаты – мемлекетіміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және тұрақты қамқорлық көрсету, ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға жәрдемдесу.
Ілкімді бастама аясында көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасыларды қолдау бағытында түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі -Белбұлақ ауылдық бастауыш партиясының бастамасымен жүзеге асып жатыр. Қашанда халыққа қамқорлық танытып, округтегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созып, қолдау көрсетіп отыратын Белбұлақ бастауыш партия ұйымы бұл жолы ауылдағы аз қамтылған бірнеше отбасына көмір түсіріп берді. Бүгінгі күні біздің ауданымызда ғана емес, еліміздің көптеген аймақтарында көмір тапшылығы сезілуде. Жұрт көмірдің кезегін тәуліктеп күтуде. Қоңыр күздің әлі бір айы бар болғанымен ауа-райы тосын мінез көрсетіп, жұртты әбігерге түсіруде. Қыстың қамын жаз ойлағандар ертерек қамданса, бейқам жүрген тұрғындар үшін бүгінгі отын тапшылығы уайым тудыруда. Соны ескерген Белбұлақ ауылдық округінің әкімі, Белбұлақ бастауыш партия ұйымының төрағасы Нұрбол Досымбаев «Нұр Отан» партиясының «30 игі іс» акциясы және «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары аясында Бірлік, Белбұлақ ауылдарында тұратын жалғызбасты анаға және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасына көмір түсіріп берді. Бұл игі іске ауыл кәсіпкерлері қолдау көрсетіп, демеушілік жасады. Жылу – үйдің берекесі екені рас. Күннің суығында маздатып пеш жағып, көмірдің рахатын көріп отырған қос отбасы ауыл әкіміне және жомарт жүректі азаматтарға алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын білдіруде. Қайырымды істің қашанда қайыры бар. Ауылдастарына қамқорлық танытқан азаматтарға «Алла разы болсын!» дедік біз де.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»