ТАЛДЫҚОРҒАННЫҢ БАҒЫ ДА, СОРЫ ДА – АЛМАТЫ

ТАЛДЫҚОРҒАННЫҢ БАҒЫ ДА, СОРЫ ДА – АЛМАТЫ

Журналистер үйінде болған кездесуде Айдос Сарым осылай деді. Оның айтуынша, кез келген елді мекеннің қасында үлкен мегаполистің болуы, әрине, тиімді. Алайда ауыл халқына көкөністің шығуы емес, Алматыдағы кептеліс пен автобус мәселесі қызығырақ. Талдықорған тұрғындарының интеллектуалдық деңгейі, ақыл-ойы, потенциалы және амбициясы басқа қаланың адамдарымен салыстырғанда өте тұйық. Ең жаманы осы. Амбицияның төмендігі талғамның төмендігіне әкеп соғады.

Өз ойын осылай өрбіткен саясаткер облыс атауын ауыстырмаса бұл мәселе шешілмейтінін айтты. Мәселен, бүгінде ақпарат құралдары Талдықорғанда болған оқиғаны Алматы облысында орын алды деп ұсынуға әуес. Яғни, Талдықорған қаласы дегеннен гөрі Алматы облысы деген атау басымырақ. Нәтижесінде, облыс орталығының имиджіне кері әсер етуде. «Мұндай кемшіліктің  орнын толтырудың бір шешімі – Алматы облысы атауын «Жетісу облысы» деп ауыстыру керек», – деді Айдос Сарым. Сонымен бірге, студенттердің санасында «Талдықорған «скучный» қала» деген кертартпа түсініктің қалыптасып алғаны жасырын емес. Осылай ойлайтын жастар көбейсе ешқандай даму болмайды. «Менің айтарым, Талдықорғанның басқа қаладан ерекшеленетін тұсын табу керек. Мысалы, І. Жансүгіров атындағы ЖМУ студенттерінің бәрі Ілиястың өлеңін жатқа біледі деген сияқты. Қоғамның қалаға деген сүйіспеншілігін ояту, қаладан кетпеуге деген ықыласы көрсету – басты мәселе. Сол арқылы кәсіпкерлікті дамытуға болады», – деді Айдос Сарым әңгімесін ары қарай жалғап.

Саясаткердің ойынша, Талдықорғанды дамытудың екі әдісі бар. Біріншісі, ауылшаруашылығын дамытумен, екіншісі, туризмге көңіл бөлу арқылы. «Әр қазақ Балқашқа, Алакөлге суға түсіп, демалуды Хантәңірі шыңына барып-қайтумен тең көруі керек. Мысалы, Оксфорд – 651 әдеби туындының ортасы. Осы арқылы туризм саласын дөңгелетіп отыр. Ал Талдықорған туралы жазылған шығарманы әлі оқымаппын. Театрларда заманауи туындыларға көп назар аударған жөн. Қоғаммен байланыстыра отырып қойылым ұсыну – заман талабы», – деді ол.

Жиында саясаткер қазақтың дамуына кері әсерін тигізіп жүрген менталитетті атады. Ол – бәрін бірден жасау. Мысалы, ғалымдар шам ойлап тапса, оған 2000 тәжірбие жасайды. Содан кейін барып тұтынуға шығарады. Ал біз бірінші мәрте жасағаннан ойлап табу немесе араласпау керек деген ұстанымдамыз. Жаңа дүниеден қорқамыз. «Көтере алмайтын шоқпарды белге байлама дейміз. Негізі тырысқан абзал. Сонда ғана еліміз дамиды. Әр адамда менен басқа ешкім жоқ, мен болмасам бұл қаланың күні қараң деген түсінік болсын», – деді А. Сарым.

Ақпарат ЖЕТІСУ газетінен алынды

Думан КЕҢШІЛІК