Халықтың әлеуметтік жағдайы мен мемлекеттің экономикалық әлеуетін дамыту ісі әртарапты жүрсе де оның басы функциясы деп САЛЫҚТЫ айтуға толық негіз бар. Яғни мемлекеттің материалдық мүддесі мен қоғам өмірінің айрықша аясының тоғысатын жері — салық органы, қазіргі МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ.
Өткеннен тарқатсақ, 1991 жылдың 25 желтоқсанынан бастап елімізде «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» Заңға негізделген салық жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл заң салық жүйесін құрудың қағидаттарын, салықтар мен алымдардың түрлерін, олардың бюджетке түсу тәртібін белгілеген тәуелсіз мемлекеттің алғашқы құжаты еді. Экономикамыздың нарықтық жүйеге көшу кезеңінде басқарудың барлық жүктемесі салық қызметіне түсті. Ал 2002-2008 жылдары Қазақстан Республикасының заңнамасына алғашқы кодификацияланған актілердің бірі болып Салық кодексі қабылданды. Осы жерде Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып Салық кодексін қабылдағанын атап өткен жөн. Салық кодексі ең алдымен бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай туғызып, мемлекет пен салық төлеушілердің мүдделерін оңтайлы үйлестіруге бағытталды. Қазір елімізде үшінші Салық кодексі қолданыста. Ол 2017 жылдан бастап енгізілген. Бұл заңнама мемлекеттік аппарат пен бизнестің либералды салық салумен бірлескен жұмысының нәтижесі. Ел үкіметінің 2014 жылғы 14 тамыздағы № 933 қаулысына сәйкес салық қызметі, кеден қызметі және экономикалық тергеу қызметі органдары Мемлекеттік кірістер комитетіне біріктірілді. Бүгінгі нарықтық экономика кезінде салықтық қызметтің маңызын, соның негізінде пайда болатын салықтық-құқықтық қатынастардың жұмысын білу оқырман үшін қажетті ақпараттың бірі екенін ескеріп, кәсіби мерекеге орай Талғар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Едгар Лесханұлы Лесхановпен болған сұхбатты ұсынамыз.
– Едгар Лесханұлы, сізді және басқарма ұжымын алдымен 14-тамыз – Мемлекеттік кірістер комитетінің құрылған күнімен құттықтаймын. Мақсаты айқын, жұмысы жүйелі органның жетістігі мен оң нәтижесі молынан болсын. Жалпы салықтық бақылауды ұйымдастыру жолдарын тұрақты түрде дамытып, әрқашан жаңа әдістермен түрлендіруді жетекшілігіне алатын мекемелердің бірі ретінде Талғар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасын атап өтсек, қателеспеген болар едік. Мақаламызды биылғы жартыжылдықтағы жұмыстарды сараптаудан бастасақ?
– Құттықтауыңызға және біздің басқарма қызметі туралы мақала жазу туралы бастамаларыңызға алдымен алғысымды білдіремін. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 тамыздағы №933 «Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының ведомстволары туралы» қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетін біріктіру жолымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қайта ұйымдастырылды. Осындай ауқымды органдар бір комитет астында кіріктірілгеннен кейін жұмыс көбейіп, талап жоғарылады. Дегенмен, Талғар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерін жете білгендіктен жұмысымызда жүйелілік бар деп толық сеніммен айта аламын. 2025 жылдың 1 жарты жылдығын жақсы көрсеткішпен аяқтағанымыздың өзі сөзіме дәлел бола алады. Мысалы, үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығындағы салықтар мен түсімдердің болжамы ойдағыдай орындалды. Мемлекеттік бюджетке 46 639,2 млрд. теңге салық түсіп, пайыздық көрсеткіш артты. Оның ішінде: республикалық бюджетке қойылған болжам өз деңгейінен артып, 22 616,2 млрд. теңге түсім түсті. Жергілікті бюджетке қойылған болжам да орындалды, 24022,9 млрд. теңге түсім түсті. Аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының тіркеу есебінде 3 846 заңды тұлға, 15 336 жеке кәсіпкер және 287 364 жеке тұлға бар. Осындай жетістіктерге аудан экономикасының өсуінің және салықтық әкімшілендіруді жақсартудың, қосымша резервтерді табудың арқасында қол жеткіздік.
– Басқарма жұмысы мен қызметкерлеріне тоқтала кетсеңіз?
– Қазір Талғар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында 7 бөлім, барлығы 40 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Олар күнделікті жұмыс ырғағын бір сәтке де бәсеңдетпей, өздеріне жүктелген міндеттерін зор жауапкершілікпен атқарып келеді. Бекітілген құрылымға сәйкес бөлінген салық төлеушілермен жұмыс бөлімі, заңды тұлғаларды әкімшілендіру бөлімі, жанама салықтарды әкімшілендіру бөлімі, өндірістік емес төлемдерді және дара кәсіпкерлерді әкімшілендіру бөлімі, есепке алу, талдау және ақпараттық технологиялар бөлімі, берешекпен жұмыс бөлімі, құқықтық және ұйымдастыру жұмысы бөлімі сынды 7 бөлімнің мамандарының мақсаты айқын. Мемлекеттік бюджетті толықтыру мақсатында қойылған жоспарды дер кезінде орындау үшін басқарманың мамандары өз білімдерін арттыруды ұмыт қалдырмаған. Қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында ұжымда тұрақты түрде салық заңдылықтарын және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді оқып-үйрену, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту бойынша техникалық сабақтар өткізіліп тұрады. Жұмысқа келген жас мамандар мен салық төлеушілерге тәжірибелі қызметкерлер ақыл-кеңес беріп, жол көрсетіп отырады. Олар салық заңнамасын түсіну, заңнамаға енгізілген өзгерістерді білу, салықтық әкімшілендіру, камералдық бақылау, уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара бірлесіп атқарған іс-қимылдар нәтижесінде болжамның артығымен орындалуына елеулі ықпал ету бойынша біліктіліктерін арттырып отырады.
– Жақында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды бекітті. Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы салық төлеушілер хабарланып отыра ма?
– Жаңа Салық кодексі азаматтар мен бизнес үшін оңтайландырылып, әділетті салық төлеуге ынталандыруды көздегендіктен мемлекеттік қызмет алу кезінде салық төлеушілер үшін жайлы жағдай жасау біздің мекеменің басты бағыттарының бірі. Салық кодексіне енгізілген өзгерістер туралы салық төлеушілерге бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы да ақпараттандырылады. Оның ішінде, аудандық «Алатау жұлдызы» газеті өздеріңіз де үнемі қолдау көрсетудесіздер. Ал келер жылдан бастан іске асатын заңның негізгі жаңалығына көшейік. Жаңа салық кодексінің негізгі жаңалығы – салық есептілігінің көлемін 30 пайызға қысқартып, салық санының 20 пайызға азаюы, КТС пен ҚҚС дифференциациясы, қолданыстағы арнаулы салық режимдерін оңтайландыру, сән-салтанат салығын енгізу. Мәселен, бірыңғай жер салығы қысқартылып, жеке төлемақылар бойынша мөлшерлемелер мен алымдардың саны кемітілді. Корпоративтік табыс салығы 20 пайыз деңгейінде сақталады. Десе де сараланған салықтық мөлшерлеме түсінігі де бар. Мәселен ең жоғарғы мөлшер ойын бизнесі мен банктерге (бизнес субъектілерін кредиттеуді қоспағанда) – 25 пайыз қойылған. Ал әлеуметтік салалар, білім беру, медицина, мәдениет және спорт салалары үшін 2026 жылы 5 пайыз мөлшерінде белгіленіп, 2027 жылы 10 пайызға дейін ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме қалады. Жаңа Салық кодексіндегі өзгеріске сай ҚҚС-тің базалық мөлшері 12 пайыздан 16 пайызға өседі. Денсаулық сақтау саласы үшін төмендетілген мөлшер қойылды. ҚҚС аталған сала үшін 2026 жылдан бастап — 5 пайыз, 2027 жылдан бастап – 10 пайыз деңгейінде болады. Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу мөлшерлемесі 0 пайыз болады. Жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Мемлекеттің дамуында маңызды рөл атқаратын салық жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізу оңай емес. Дегенмен салық жүйесін жетілдіру мақсатында бүгінде барлық мүмкін шаралар қолға алынған. Біздің міндет — ел болашағы жолында ауқымды әрі айқын еңбек ету.
– Сұхбатыңызға рахмет. Еліміздегі экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елде қабылданған заң нормаларын мүлтіксіз орындау, елдің мүддесін қорғауда атқарып жатқан жұмыстарыңызға тек жаңа серпін мен сәттілік тілейміз.
М.Бөлек