Қазіргі қоғамның жай-күйі, бағыт-бағдары жайлы пікір айту, болжам жасау аса қиынға соғып тұр. Ауылдан көшіп – қалаға, қағаз бен қаламнан көшіп – компьютерге етене ене бастаған жұрт құлықсыз нарықтың құрығына түсіп, ұлттық құндылық пен халықтық қазынаға, ұлттық рух пен салт-санаға көңіл бөлмеуге айналды.
Ғасырлар бойы қатталған ұлы мұрасын бүгін мен болашақтың игілігіне айналдыру үшін ұрпақ тәрбиесін басты назарға алу – ең киелі мұраттардың бірі екенін біліп, алдымен ата-аналардың бала тәрбиесіндегі мәдениетін арттыруға белді бекем бууға тура келді. Өйткені, «Баланың бас ұстазы ата-ана екені» әуел бастан ләзім дүние болса да балаға тәрбие берумен емес тіршілігін түгендеумен айналысып кеткен ата-анаға өз жауапкершілігін сездіру күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналды. Отбасы құндылығы, бала тәрбиесі жайлы ойлануға деген уақытты аяусыз жұтып жатқан постиндустриялық қоғамның дауылында әлдеқайда ығып, әлдеқайда сабылып бара жатқан жоқпыз ба деген ойдан шоши бастағанда жылт еткен сәуле оянды. Біртұтас тәрбие бағдарламасына аналарға, әкелерге қолдау көрсетуге бағытталған арнайы мектептер құру жоспары енгізілді. Сондай тегеурінді идея, айқын мақсаттың біріне негізделген іс-шара Тұздыбастау ауылындағы әл-Фараби атындағы №31 орта орта мектебінде өтті.
«Мен сенің өміріңнің жалғасымын» деп аталған әкелер форумы мемлекеттік гимнмен басталып, спикерлердің «әп, бәрекелді!» дегізер салиқалы баяндамасына ұласты. Тұздыбастау мешітінің имамы Нұржан Керімбеков әке болмысындағы имандылыққа, адами қасиеттерге басымырақ тоқталса, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің өкілі Меруерт Мәулетқызы бүгінгі альфа ұрпақтың негізгі ерекшеліктерін және соларды тәрбиелеуде әкеге қажет басты ережелерді атап өтті. Алты жасында аңға ертіп, он жасында оқ жондырған әке тәрбиесі биік рухтың берік діңгегі болғандығын атап өтіп, әкелермен сұрақ-жауап өткізді.
Жиналғандарды бірлестік жайлы ақпараттандырып, шығарған кітаптарымен, мағыналы өнімдерімен таныстырып өтті. Мектептің тарих пәнінің мұғалімі Амантұр Сағатжан баланың бағбаны «ата-ана» деген ұғымның қадірін арттырып, олардың саналы, салиқалы болуы жолындағы басты қағидаттарды тізіп берді. Аудандық Қазақ тілі мен әдебиет пәні ассоциациясының мүшесі, мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Әйгерім Досбосынова материалдық байлықтан да жоғары – отбасы құндылығы бар екенін естен шығармау керектігіне тоқталды. Әкелерді бала өміріне араластыру, баламен сапалы, саналы уақыт өткізудің жолдарын жіктеп берді.
Форум барысында мектеп психологтары Жанар Нұрметова мен Мая Қалқанова психологиялық тест алып, шараның мәнін ашатын тренинг өткізді.
Кері байланыс кезінде сөз алған қатысушылар әкенің статусын көтеруден ұтпасақ ұтылмайтынымыз анық екенін айтып, бала тәрбиесіне әкенің араласуы маңызды екенін ұғынғандарын жеткізді.
Форумды қорытындылаған білім ошағының басшысы Анаргүл Күлембекқызы уақыт тауып келген әкелерге алғысын білдірді.
Қазақта тек деген дүние бар, ісіне тәнті болған балаға «тегі жақсы екен», «тегіне тартқан» деп сүйсініп жатуы бекер емес. Яғни, әкенің қанымен берілген тәрбие бірінші айтылады. Әке тәрбиесін көрген перзент батыл болады, тағдырдың соққысына сынбайды, қиындыққа төзімді болады. Сондықтан бала үшін ісі де бар, тісі де бар, білегі де бар, жүрегі де бар әке тәрбиесінің орны орасан. Әкенің қас қабағы – баланың бас сабағы екенін ұқтыратын іс-шаралар білім ошағы тарапынан алдағы уақытта да жалғаса бермек. Әкеге қарап ұлдың, шешеге қарап қыздың өсуімен сабақталып жатқан тәрбие дәстүрі жұмыла көтергенде ғана оң нәтижесін берері сөзсіз.
М.Бөлек