1992 жылы 4 маусым күні Қазақстанның мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Гимн бекітілді. Тәуелсіз елдің дәл осы атрибуттары мемлекеттің бірегейлігі мен егемендігін бейнелейді. Рәміздер күні 2007 жылдан бері тойланып келеді. Конституциялық заңмен бекітілген мемлекеттік рәміздер еліміздің айрықша белгілері болып табылады.
Мемлекеттік рәміздер – ұлттық байлығымыз, ел тарихына, мемлекеттік тілге, мәдениет пен салт-дәстүрге деген терең құрметтің қайнар көзі.
Отан тағдырындағы ең маңызды сәттерде бізді біріктіредін де мемлекеттік рәміздер. Ол – мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясатты негізге алатын құндылықтарды бейнелейді. Бұл – ашықтық, бейбітшілік, еркіндік, тәуелсіздік және келісім. Ортасында шаңырақ бейнеленген алтын күн, қалықтаған қыран сұлбасы мен Елтаңба бейнеленген көк байрақ еліміздің барша азаматтарына ортақ шаңырақтың нышаны ретінде әлемге жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасын паш етті.
1992 жылдың басында мемлекеттік рәміздерді таңдау үшін Жоғарғы кеңес президиумы жұмыс тобын құрып, арнаулы шығармашылық комиссия тағайындады. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов, Серікболсын Әбділдин, Серік Әбдрахманов және тағы басқа қайраткерлер кірді. Осыдан кейін бүкіл Қазақстан көлемінде Елтаңба, Ту, Әнұран нұсқаларына конкурс жарияланды. Бір ғана тудың өзіне 600 адамнан 1 200 нұсқа түссе, Елтаңбаның 245 жобасы, әнұранның 750 үлгісі байқауға қатысты.
Эстетикалық сипатымен де, тарихи, саяси, экономикалық символизмге сәйкес келуі бойынша да үздік туынды ұсынған байқау жеңімпаздарын қазір халық мемлекеттік нышан авторлары ретінде таниды.
Олар: Ту авторы — Шәкен Ниязбеков. Елтаңба авторлары — Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов. Сонымен қатар Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әнұран авторлары ретінде — әуенін жазған Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидің есімі тарихта қалды. Үздік мәтінге жарияланған байқауда Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты. Кейін, яғни, 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Таңдау ел арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әніне түскен еді.
1956 жылы сазгер Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылық бірлестігінен шыққан туындының бастапқы мәтінін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңдеді.
2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан Парламенті жаңа мемлекеттік әнұранды бекітті. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. 2007 жылы 4 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл елдігімізді нығайта түсетін мерейлі мереке екеніне назар аударды.
«Осы мерекеге орай біз жаңа ғана еліміздің бас байрағын көтердік. Көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы. Аспан түстес көк байрағымыз – біздің мақтанышымыз. Спортшыларымыз туымызды талай рет жеңіс тұғырына көтерді. Жақында қазақтың қайсар қыздары Эверестке шықты. Туымыз әлемнің ең биік шыңында тағы да желбіреді. Алда Олимпиада ойындары келе жатыр. Намысты өрендеріміз Париж төрінде туымызды тік ұстайды деп сенемін», – деді Президент.
Мемлекет басшысы байрағымыз аспандаған сайын ұлт мерейі асқақ болатынын айтып, туды тәуелсіздігіміздің тұмары әрі ынтымағымыздың бастауы деп атады.
«Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір тудың түбінен табылған. Бірлігін бекем ұстаған, елі мен жерін қорғаған. Байтақ даланы көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына мирас еткен. Сол аманатқа адал болу – ұрпақтың ұлы мұраты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Рәміздер күні мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысқан Талғар ауданының әкімі Т.Айдарбеков барша талғарлықтарды айтулы мерекемен құттықтады:
«Елтаңба, Ту мен Гимн – еліміздің тарихынан сыр шертетін, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер, тәуелсіз мемлекеттің басты символдары. Қыран бүркіттей күш-қуатымызды бейнелей желбіреген байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатса, тұлпар тұрпатты Елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымыз бен шаңырағымыздың беріктігін паш етуде. Бабалардың ғасырлар бойғы арманын ұлы болашаққа асқақтата көтерген «Менің Қазақстаным» атты Әнұранымыз әрбір қазақстандықтың жүрегін елжіретіп, бірлік пен татулыққа үндеуде.
Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін! Тәуелсіз еліміздің көк Туы аспанымызда желбірей берсін!» Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, мызғымас негіздерінің бірі. Ендеше, азат елдің бірден-бір нышаны саналатын рәміздерімізді құрметтеп, қастерлей білу – бүгінгі, ертеңгі ұрпақтың парызы.
Материалды дайындаған
Зорагүл Әбдіқадір