Жуырда «AMANAT» партиясының Талғар аудандық филиалының депутаттық фракция отырысы өтті. Күн тәртібінде сумен, электрмен жабдықтау бойынша аудан әкімінің орынбасары Қаспақбаев Оразхан Өмірханұлының есебі тыңдалды. Онда ауданымызға қарасты елді мекендердегі электр жарығының және ауыз судың жетіспеушілігі туралы айтылып, өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы сөз қозғады. Ауыз судың тапшылығы ауданымызға қарасты ауылдардаң өзекті мәселелерінің бірі. Бесағаш ауылындағы халықтың жағдайын жұрт жақсы біледі. Жаз мезгілі келгенде бір тамшы суға зар болған жұртшылық талай рет өз наразылықтарын ашық білдірген. Сапасыз тартылған су құбыры қыс мезгілі жеткенде жарылып, есігінің алды көк тайғақ болатын тұздыбастаулықтардың мұңы өз алдына. Ауданымыздың қай ауылын алып айтса та ауыз суының азабын тартып отыр. Аталған мәселелердің шешімін қарастырған О.Өмірханұлы осы саладағы олқылықты жою үшін көптеген жұмыстар атқарылатынын атап өтті.
Аудандық газбен жабдықтау және жылумен қамту объектілеріндегі жағдай туралы, сонымен қатар 2024-2025 жылы жылыту маусымына дайындығы туралы «Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-нің міндетін атқарушы Айбек Ақылжанов баяндама жасады. Ауданымыздың газбен жабдықтау және жылумен қамту саласының өзекті мәселелері туралы ашып айтқан А. Ақылжанов аймағымыздағы Нұра сынды мүлде көгілдір отын жетпеген ауылдарға газ тарту, ескірген жылу жүйелерін жылыту маусымы жетпей жаңарту сынды маңызды мәселелерді талқылады.
«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» атты 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысандар Белбұлақ ауылындағы №10, Нұра ауылындағы №12 орта мектептері мен Панфилов ауылындағы №4 бала бақшаның күрделі жөндеу жұмыстары бойынша Талғар аудандық білім бөлімінің бас маманы Рустембек Мыңбаев та баяндама жасады. Баяндамада ауданымыздағы үш ауысымды мектептердің мәселесі қаралып, осы оқу жылының жетістіктері мен олқылықтары сөз болды. Сонымен қатар жаңа оқу жылының дайындығы және балаларды оқу құралдарымен толық қамтамасыз ету жағы сөз болды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттығына сайлау жөніндегі сайлау науқаны кезінде жиналған сайлаушылардың ұсыныстарын орындау бойынша депутаттық фракция мүшелерінің атқарған жұмысы туралы аудандық мәслихат депутаттары Ж. Айтқалиев, Р. Кусекбаев, А. Абилхайырұлы да есептік баяндама жасады.
Зорагүл Әбдіқадір