Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы наурыздың 3 жұлдызындағы №826 жарлығына сәйкес ауыл-ауылды аралап, апта сайын тұрғындармен кездесіп, халқының хал-ахуалымен жете танысып жүрген аудан әкімі Таңат Айдарбеков осы жолы ат басын Нұра ауылдық округіне қарасты Өстемір ауылына бұрды. Мұнда да айтылар ой, қордаланған мәселе аз болмағаны белгілі. Тұрғындардың жанайқайынан да құлақ тұнады.
Алғы сөзін аталған округтің жылдық бюджетімен бастаған әкім: «Салық түсімі бойынша 2023 жылдың жоспары – 46 млн 865 мың тенге болса, 2023 жылдың 3 тоқсанында орындалғаны – 55 758 869 тенге, пайыздық көрсеткіші 114%. Оның ішінде:
1. «Төлем көзінен салық салынбайтын табыстардан ұсталатын жеке табыс салығы» бойынша 2023 жылғы жоспар
6 млн 700,0 мың теңге, бүгінгі күнге орындалганы 25395 149,1 теңге түсіп
221,5% орындалды.
2. Жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық жоспар 1 300,0 мың теңге, орындалғаны 949526,1 теңге, 73% орындалды.
3. Елді мекендер жерлеріне алынатын жер салық жоспар 1 млн теңге, орындалғаны 1 275 368,0 тенге түсіп,
127,5% орындалды.
4. Жеке және заңды тұлғалардан көлік көлік құралдарына салынатын салык жоспар 33 млн 101 мың теңге, бюджетке түскені – 25 млн 725 мың тенге, 77% орындалды», – деген ақпармен бөлісіп, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына 8 154 000 теңге бөлініп, Нұра және Туғанбай ауылына балалар ойын аланын орнату жұмыстары жоспарланғанын жеткізді. Айтуынша, екі ауылға балалар аланын орнату үшін конкурс арқылы – 6 269 760 тг каржы карастырылғанымен жұмысты атқарушы мердігер компания ЖК «BAGDAR» белгісіз себептермен жұмысты орындаудан бас тартуына байланысты келісім шарт тоқтатылып, порталға қайта шығарылған.
Ал «Туғанбай ауылына Чаймерденов көшесі бойынан тағы да қосымша балалар алаңын салуға 0,08 сотық жер беріліп, кұжаттары рәсімделді. Осы ауылдан ФОК салу үшін 1,350 га жерге қарастырылып, кұжаттары рәсімделген. «Сонымен қатар Туғанбай ауылынан мектептің жанынан КАРТЕЛ байланыс торабын орнату үшін 0,02 соток жер беріліп, құжаттары дайындалған. Жақын арада құрылғылары орналастырылып, іске қосылды.
Өстемір ауылындағы Камарова көшесі мен Нұра ауылының Дәулетқұл көшесінің бойынан арнайы күрес залын салуға жер бөлініп, құжаттары рәсімделді». Сондай-ақ қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмысы қызу жүріп жатқан Нұра ауылындағы №12 орта мектеп қаңтар айында қалыпты жұмыс жағдайына оралатыны айтылды.
«Бәйдібек қалтарысының тұрғынымын. Бізге керегі – электр бағаналары. Кеше жарық жанғаннан бастап балалардың сабағын оқыту үшін қолшамдарды қоса жағамыз. Ал көшенің жарығы туралы айтпай-ақ қояйын. Сондықтан біздің аумаққа тарансформатор қойып берулеріңізді сұраймыз. Данияр Күнгейұлына өтініш те жазғанбыз. Әне-міне деумен келеді. Жолымыздың да жайы жырғап тұрған жоқ. 9 жыл айтап жүріп қолымыз әрең жеткен балласты қазір барып көрсеңіздер сіздер шошисыздар. Оның сол жерге төселгеніне бір жыл да болған жоқ. Әрқайсысының өз көшесі бола тұра шаңын аспанға шығарып бүкіл ауыл малын сол жермен айдап өтеді. Келіп көріңізші деп ауыл әкіміне де айттық. Абылайға да айттық. Неге жұмыс істемейсіздер?» – деген Лауриа Қоңыратованы қоштағандар көп болды. Умарахон Дуссимметова, Адима Танекеновалардың да айтпағы – осыған ұқсас мәселелер.
Мәселенің мән-жайын бағамдаған аудан әкімі келесі жылы жоба жасалып, сараптамаға жіберіліп, ақша сұралатынын, сосын жаңа трансформатор қойып, бағаналар қойлатынын жеткізді. «Өлмегенге өлі балық жолығар» дегендей, қырқына шыдаған халық оған да шыдар. «Айтылған сөз – атылған оқ», ендеше ет құлағымен естіп кеткен тұрғындар жанайқайын Т. Айдарбеков те жерде қалдырмайды деп сенеміз. Бір қызығы, тұрғындардың сөзінше, бұрынғы трансформаторды біреу ұрлап кетпесін деп үйге апарып қойдым деген осы округтің эксәкімі Сейтқұл Донбаевтың қылығы түсініксіздеу көрінді…
Бұл ретте ауыл тұрғындарының мәселесіне қанық аудандық мәслихаттың депутаты Жәнібек Жұмабекұлы Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбек Ақылжановтың ауыл тұрғыны айтқан трансформатор мен бағаналар жайынан хабары бар екенін айтып, олардың биыл қайта қойлатынын жеткізді.
Округ тұрғыны Темірхан Өміртаев ақсақал жеткізген өзекті мәселе талайдың көкейінде жүрген көп сұрақтың жауабын білуге арналды. «Өткенде кездескенде Бәйдібектегі тәртіп туралы, елдің жағдайы туралы сізге егжей-тегжейлі айтқанмын. Бірақ қазір сізден сұрағым келетіні мынау: Біздің ауданда арыз жазсақ оған бір жылдан кейін жауап бере ме? Бәйдібекті ақпан айында су басып кетті. Мен сол кезде ауылдық округтің әкімі Даниярды және Ақтолқынды 04.30-да ояттым. Бірақ 09-да келген Абылай деген азамат мені жағадан алып сүйреп, «сен арақ ішіп алып неге оятасың?» деп қысым көрсетті. Ауылдың учаскелік полициясына арыз жаздым. Оған 3 айдан кейін жауап әрең келді. Одан кейін аудандық әкімшілік аппаратқа шағым жаздым. Оның жауабы осы айдың 11-інде ғана қолыма тиді. Сонда барлығы 7 айда жауапты зорға алдым. Сосын Қонаев қаласы әкімшілігінің адамдарына көрсеттім. Олар президент әкімшілігіне жазыңыз немесе сотқа бер дейді. Ал ауылдық округте отырған қыздар біз оған жауап беруге міндетті емеспіз дейді. Енді қайда барып, кімнен не сұраймыз? Тіпті не пайда көргелі жүрсің деп өзімізді кінәлайды. Айтсақ, ауылдың жайын айтамыз…» – деп өз құқының аяқасты болғанына ашулы. Сондай-ақ ауыз судан тартышылық көріп отырған тұрғындардың жайын айтып: «Бір көшеде 3-ақ үй арнайы тартылған құбырдан су аламыз. Егер ол көшеден 10-нан артық үй су алатын болса қысым жоғалады. Бәйдібекке су жүрмейді. Неге? Осының бәрін атқамінерлерге айтсаң «халық жауы» қылып алады…» – деп өздері тұрғындар тарапынан айтылған мәселеге дер кезінде жауап бермейтін атқамінерлердің атқарылған іске деген жауапсыздығы мен тұрғындарға деген қарым-қатынасының төмендігін тілге тиек етті.
Ауыл ішінің тазалығына көңілі толмаған аудан әкімі тұрғындарды күл-қоқыстарын арнайы мекемемен келісіп, тазалыққа мән беруге шақырды. Бірақ бұл турасында тұрғындардың да айтар өз уәжі бар болып шықты. Мәселен, А. Танекенова әкімшілік тарапынан арнайы сенбілік ұйымдастырылса оған шықпай қойған ешкім жоқ, тек ондай шаруаны ұйымдастыратын адам жоқ екенін ашық айтты. «Міне, Данияр Күнгейұлы өзі отыр ғой, өмірі жұмыс істемейді. Істей ме, істесін, істемей ме, орнын босатсын!» – деген талап қойды. «Ертең-ертең» деген жақауратқан жауаптан жалыққан халықтың жан ашуын түсінуге де болады. Өйткені сан сауал қойып, нақты бір жауап ала алмайтын, айтқан сөзі далаға кетіп, естір құлаққа жетпейтін халық барар жер, басар тау іздеп шырылдап отыр.
Сонымен қатар тағы да зират мәселесі көтеріліп, қайтқан адамдарды жерлегенде де белгіленген орынға белгілі біртәртіппен қойылса деген тілек айтқан тұрғындар орайын тауып ораза айтта, құрбан айтта жиналған пітір-садақаның есебінен болса да зират аумағын қоршап берсе деген ниетте. Өйткені қайтқан адамды әркім қалаған жеріне жерлеп, ашық-шашық жатқан аумақты мал жайылып айран-асырын шығарғанына наразы жұрттың бұл тілегі де орынды. «Бұрын адам қайтқанда мен әкімдікке телефон шалып, жерді ЖКХ-ның жігіті барып көрсететін. Қазір ол да жоқ. Жақында бір адам қайтып оған орынды мен көрсеттім. Сонда бұл не болды? «Айдай салдан аз өлді, көре салдан көп өлдінің» керін киіп отырмыз. Әркім білгенін істеп, қалаған жеріне қайтқан адамын қоя берсе не болады?» – деген ақсақалдың да айтқанының жаны бар. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзге тоқтаған халықтың көтеріп отырған бұл мәселесі де сөз жоқ маңызды.
Осыдан бөлек қоғамдық көліктің, жолдың, жарықтың, мектеп пен балабақшаның т.б. қордаланған көп мәселесі айтылып, осының бәрі мәмілемен шешілсе деген ниеттегі тұрғындардың бар үміті аудан әкімінде. Апта сайын ауылдарды аралап, елмен бетпе-бет кездесіп жүрген аудан әкімі де бұл мәселеде үнсіз қалмайды деген үмітпен тарқасқан халықтың айтқандарының бәрі ойдағыдай шешілеріне деген сенімі аз. Өйткені осыған дейін де «Күлтөбенің басында күнде жиын» болғанымен, қордаланған мәселелері көңілдегідей шешіле қоймаған соң шенеуніктерге деген сеніміне селкеу түскен бе, жиылған жұрттың да қарасы аз, сөйлегені де санаулы.
Ауылда балабақша жоқ екенін жеткізген Рая Мұхамеджанова осы күнге дейін алданып келе жатқанына қапалы. «Мен бармаған есік қалмады. Осы мәселені көтеріп жүргеніме қанша уақыт болды? 3-4 әкім ауысты. Ауданға дейін бардым. Алдағы 5-10 жылдықта балалар тағы көбейеді. Сонда жерге жауапты бала айтты «анамнан да үлкен анасыз ғой, кішкене алдай тұр деді» деген соң қайтып ол жаққа да бармайтын болдым. Шындық осы. Мәжбүрлікпен 4-5 баланы үйде бағамын. Ол дұрыс емес, бірақ амал жоқ. Ауылға ең болмаса 75-80 балаға арналған балабақша салғызып берсеңіз. Өзім үшін емес, ұрпақ қамы үшін сұрап жүрмін… Сосын мына мектеп қазірдің өзінде тарлық етеді. Ауылымызға жаңа мектеп те керек…» – дейді алданғаннан аузы күйген кейуана. Нұра ауылдық округінің атынан сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Жәнібек Туғанбаев көтерген мәселеге құлақ түрейік. Ел атынан сөйлеген депутаттың жеткізген мәселесі де елді елең еткізгені анық.
01
«1. Халықтың айтып отырған мәселесінің көбі орынды. Туғанбайда болған жиналыста ауыл әкіміне 2 тапсырма бердіңіз. Бірінші, электр жарығын, екінші су құбырын қосып бер, 10 күнде дедіңіз. Сонда мен 10 күнде үлгермейді дем айтқам. Бірақ Данияр Күнгейұлы 1 ай беріңіз деген. Сол жасалды ма? Одан бері 3 ай болды, жасалған жоқ.
2. Бәйдібек ықшамаудаының мәселесі. Андас батыр көшесіне сол салынып жатқанда әкімге Нұра ауылының үстінен келе жатқан арықты қазып беріңіздер деп тапсырма бергенсіз. Өкінішке орай ол да айтылған күйде қалды. Міне, қазір жаңбыр жауып жатыр. Салдарынан үйлерді су алып жатыр. Халық шулайтындай да, айқайлайтындай да жағдай бар. Шынын айту керек, Данияр өз ауылымыздың адамы болғанымен, әкімшілік шынымен жұмыс істемейді. Ол рас. Бірдеңе болса автожол бөлімінің басшысы Асхат маған телефон шалады, әкімшілік телефон алмай жатыр, хабарын біліп берші деп. 3. Осыдан 2 ай бұрын ішкі істер департаментіне арыз жазғам. Мектептің артында 40 ағаш, оның ішінде мектеп аумағына кірмейтін 12 ағашты әкімшілікте жұмыс істейтін Абылай деген азамат өзі кесіп, Байсеркедегі ағаш тілетін мекемеге кестіріп, оның қаражатын қалтасына салмақ болды. Ол сонда қалай мемлекеттік қызметші болып отыр? Өкінішке қарай аудандық ішкі істер қызметінің басшысы келмепті, сол арызым әлі күнге тіркелмепті. Халық осының жауабын менен сұрайды. Мен не деп жауап беруім керек? Сондықтан сізден сұрайтыным, әкімшілікті жұмыс істету керек. Аудан әкімі күндіз-түні байланыста, ал ауыл әкімшілігі жым-жырт. Кешкі 8-ден кейін қандай жағдай болса да біреуіне хабарласа алмайсың. 5 күн болды, Дулатта біреудің үйін су алып кетті. Халық шулаған соң прокуратура мамандарымен барып қайттық. Өкінішке қарай су әлі ағып жатыр. 5 жерден су жарылып жатыр. «Асатай» жобасы мүлде дұрыс емес. Оразхан
Қаспақбаев мырза, сізге айтам. Төбеде тұрған су арнасының құрылғысын ой жерге апарып орнатты. Содан суды су сорғыштың қысымымен айдайды. Құбыр жарылмағанда қайтеді?! Ол күлетін нәрсе емес. 2014 жылдан бері қайда қарап отырсыздар? 4. Төле би ықшам ауданына 3 көше салынайын деп жатыр. Тәнеке көшесінде бір адам тұрмайды. Жолын салып тастады. Жоба дұрыс жасалмаған. Оның үстіне ол 2021 жасалып қойған, сол көшені жасауға тағы да тапсырыс беріп қойғансыздар. Ал Алматы көшесі 2 300 м. 15 шақты ғана үй бар. Сол жерлерге ғана жол салынуы керек еді, түгел жасап тастады. Осындай жағдайлардан кейін халық наразы болмағанда, кім наразы болады?» – деп көптің көкейіндегі көп мәселенің бетін ашып, түйінін тарқатты.
Тек аудан әкімі Таңат Айдарбековтің: «Қазақша айтқанда сүйектен өткізіп айттыңыз. Бұл жұмысты осы жігіттермен бірге немесе басқа адамдармен істейміз. Бүгінгі айтылған мәселенің бәрі хаттамаға енгізіледі. Бәрі жасалады, бірақ осы жылы емес. Мен келгелі бері бөлінген ақшаның жартысы осы округке бөлінген. Болашақта да, келесі жылға да қарастырамыз. Бүгінге дейін шыдап отырғандарыңызға да рақмет. Алда талай жұмысты бірге атқаратын боламыз», – дегені болмаса, депутат айтқан орынды мәселелерді үнсіз тыңдаған атқамінерлердің бірі де ләм демеді.
Бүкіл ауылға тән тағы бір мәселе – қаңғыбас ит. Ол туралы айтқан жұртқа шенеуніктер «сендерге ол иттерді Африкадан әкеліп тастаған жоқ» деп қыжыртқанымен, барлық ауылдардың бір бас ауруы екені ақиқат. Қайсыбір иттің көбейіп кетпесін деп артыннан аңдып отыратын жайы бар дейсің халықтың?! Дер кезінде ауланбайтын иттердің барлық жерде қаптап кеткені сонша, құқы адамдардан ары қорғалатынын «біліп алған» қуларға да бәрібір. Оның үстіне аудандағы ит аулайтын жалғыз бригаданың барлық ауылдағы иттерді ұстап, жайын жасап, катастрациядан кейін аяғын жерге тигізбей тасып жүретін де мүмкіндігі жоқ. Ал азабын тұрғындар тартады.
Ит сілекейінде болатын құтырық ауруының вирусы қапқан адамның денесінде кем дегенде 9 жылға дейін сақталатыны туралы бір дәрігердің аузынан естіп едім. Беті аулақ, ертең ит қапқаннан адам құтырса не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Оның үстіне иттің аты ит, қабарда адам таңдап жатпайтыны, ашықса адамдарға шабатыны тағы бар. «Ет сасыса тұз себесің, тұз сасыса не себесің?» дегендей, бар бәлені елге аударып езуге күлкі үйіріп кекеткен атқамінерлердің қылығына әлде ызадан, әлде таңданыстан біз де еріксіз езу тарттық. «Басы ауырмағанның Құдайменен ісі жоқ» екеніне тағы да көз жеткендей.
«Бәрін айт та, бірін айт», қыр арқасына тұрмыстың тауқыметі мен түйткілі батқан халықты ешкім алдай алмайды. Жақауратқан жаттанды жауаптан да, ештеңе шешпейтін жиыннан да жалыққан жұрттың жанарындағы «қойшы, құрсын, не бітер дейсің?!» деген күдік пен күмәнді көру ауыр…
Жанбота Сұлтанмұратқызы