«Қағазсыз газет» атанған Қазақ радиосы

«Қағазсыз газет» атанған Қазақ радиосы

Бір ғасырлық тарихы бар Қазақ радиосының қалыптасуы, Қазақ елін радиоландыру ісінің бір көрінісі – граммофон мен пластинкаларды тарату мәселесінен басталған. Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық Кеңестің төрағасы болған С. Пестковский «Советская степь» газетінде (1939 ж. 4 қазан) жарияланған тағы бір естелігінде: «1919 жылдың желтоқсанында ревком атынан Кеңестердің VII съезіне Мәскеуге А. Байтұрсынов екеуіміз бардық. Съезден соң біз Ленинмен кездесуге сұрандық» деп, кездесуге Ахмет Байтұрсынұлымен бірге барғандығы жайлы айтады.

Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесінің 1921 жылғы 29 қыркүйектегі шешімінің Республикалық радионың дүниеге келуіне тікелей әсері болды. Қазақтың сол кездегі астанасы Орынбор қаласынан 1921 жылдың қазан айынан бүкіл Республикаға трансляция тарай бастады.
Міне, халық мүддесі үшін жанын пида еткен асқар таудай арыстарымыздың бірі Ахмет Байтұрсынұлындай ардағымыздың арқасында жер-жаһанды шарлаған радио үні қазақ даласына осылайша жете бастады. Бүгінде хабарларын тәулік бойы тарататын Қазақ радиосы-еліміздің ең ірі ақпарат жүйесі.Ұлттық арна республикамызда ғана емес, Ресей, Қытай,
Өзбекстан мен Қырғызстанның шекаралас аймақтарына да жетіп жатыр. Мен өзімнің Қазақ радиосының мерейтойына арнайы дайындаған «Ғасыр құрдасы Қазақ радиосы» екі томдық жинағымды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, ұлағатты ұстаз Намазалы Омашевтың кіріспесімен бастап, 1931 жылдан бастап Алматы қаласында Қазақ радиосының ісінің әрі қарай дамығаны жайлы айтқан болатынмын. Оның ішінде Алматыда алғаш радио директоры болған Айтпай Хангелдиннің мақаласы қаз-қаз аяғынан тұрған ұжымның ісін ұйымдастыру, алғашқы болған қиындықтар жайлы егжей-тегжей айтқан ой-толғамы сол кездерді көз алдыма келтіргендей болды. Алғашында соңғы хабарды газет бетінен оқып, бара бара әдеби әңгіме, әзіл-оспақ оқыған редакторлар екі сағаттық эфир уақытын толтырып жүрген. Кейін әншілерді тікелей әуе толқынынан ән салдырып, күйшілерге күй тартқызып, музыканттар әртүрлі аспаптарда классикалық музыканы ойнап, әр өнерпаз, ақын-жазушылар атсалысқан.
1948 жылға дейін тікелей әуе толқынында өнер көрсеткен оркестрлер, хор ұжымы Мәскеуден үнтаспа жазатын аппараттар, ленталар келген соң шығармаларын үнтаспаға жазып, фонотекаға өткізе бастаған. Драма театры мен музыка театрының, опера театрының әншілері өз спектакльдерін үнтаспаға жаза бастады. Осылай фонотека толыға бастады.
Музыка саясатының қалыптасуына Мәскеуден жолдамамен келген Қазақ ССР-ының еңбек сіңірген қайраткері Борис Ерзакович келіп, музыка редакторы әрі пианист болып орналасты. Игорь Воробьев, Марзуанова, Үрия Тұрдығұлова, Рахилям Альхамова, Тәмті Ибрагимовалар ән айта жүріп, редакция ісіне араласты. Қазақ драма театрының актерлеры: Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбековтер жұмыс арасында келіп, тікелей эфирге ән салып тұрды. Қали Жантілеуов, Бөкей Наушабаев, Әбікен Хасеновтар күнбе-күн күйлерін ойнап тұрды.Радионың жанынан орыстың халық оркестрі, орыс хоры, қазақ хоры, симфониялық оркестр құрылды. Алғашқы дикторлар деп әдеби жағын оқуда атсалысқан Жағда Өгізбаев, Шәкен Айманов, Қалибек Қуанышбаев, Иса Байзақов, Зәмзәгүл Шәріповаларды атауға болады. Саяси тақырыпты диктор ретінде Шәкен Айманов оқыды.Диктор Мина Сейітованың есімі Қазақстан дикторлар мектебінің қалыптасу кезеңімен сәйкес келеді. Ең алғаш соғыстың басталғанын Левитан Мәскеу радиосынан хабарлаған болса, Мина Сейітова Қазақ радиосынан тұңғыш хабарлап, өзі де жылап-еңіреген еді. Соғыстың жүріп жатқанын, біздің әскерлердің жеңіске жеткенін үнемі хабарлап, елге сенімді түрде жеткізіп отырды. Ал жеңіс сәтіне дейінгі аралықта Совинформбюро мәліметтерін қазақша хабарлаған ӘнуарбекБайжанбаев болатын. Әнуарбек аға көп жыл бойы Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарып, майдақоңыр үнімен қалың қазақтың жүрегін жаулап алған хас шебер еді.
Дикторлар: Ермек Серкебаев, Жәнел Асқарова, Асыл Рақымжанова, Жаңыл Аяпбергенова, Қатира Әзімбаева, Шәрипа Бейсекеева, Сара Омарходжаева, Мәмбет Сержанов, Мырзабек Қуатбеков, Сауық Жақанова, Мұқағали Мақатаев, Зияда Бекетова, Омархан Қалмырзаев, Геннадий Марюхин, Раиса Аманбаева, Ұлжан Пармашқызы, Әмір Жұмабаев, Гүлжан Қайыржановалар аға буын болса, олардың соңынан ерген Әбдірәлі Бөлебай, Болат Біжібаев, Болат Масин, Мейірхан Қожантаев, Тоқсын Құлыбеков, Шолпан Ахметова, Бүркіт Бекмағамбетов, Әмина Сыздықова, Аманжан Серіков, Шолпан Байғабылқызы, Сайлау Нұрғазин, Айман Ақшалова, Бақытжан Атагелдиев, Нұрлан Өнербаев, Сәуле Құрмантаева, Құрманғазы Дінасыловтар сол майталмандардан үлгі-өнеге алған, мол тәжірибе жинақтаған өз ісінің маманы бола білді.


Радио басшылығында, сондай-ақ әр саладағы редакцияларды басқарған Мадат Ақылбайұлы Аққозин, Тоқтар Бейісқұлов, Бек Дәулетбаев, Абай Өтегенов, Кенжебек Есімов, Нығмет Жанділдин, Сәркен Оспанов, Қасымхан Ерсарин, Қуаныш Орманов, Мадрид Рысбек, Төлепберген Тобағабылов, Мақсұтбек Майшекин, Өмірбек Байділдаев, Мансұр Сағатов, Ілия
Жақанов, Төрехан Тасболатов, Тұрғынбек Шопанов, Мұқай Байсейітов, Өмірзақ Жолымбетовтың есімдері жалпы қазаққа мәшһүр.
Қазақ телерадио комитетінің жанынан ашылған эстрадалық-симфониялық оркестрдің әншілері Рашид Мұсабаев, Суат Әбусейітов, Зейнеп Қойшыбаева, Ескендір Хасанғалиев, Люция Төлешова, Венера Қармысованың есімі Қазақ радиосы мен телеарнасының арқасында тарих қойнауынан, алтын қордан орын алды.
Жалпы Қазақ радиосында «Дикторлар», «Режиссерлар бөлімі, «Соңғы хабарлар Бас редакциясы», «Насихат» редакциясы, «Шалқар» бағдарламасы, «Әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясы», «Балалар және жастар Бас редакциясы», «Спорт» редакциясы, «Ауыл өмірі» редакциясы, «Меншікті тілшілер қосы», «Шет елге хабар тарату Бас редакциясы», «Достық» редакациясы, «Музыка хабарлары Бас редакциясы», «Алтын қор бөлімі», «Техникалық бөлім» жұмыс істеді. Әр редакциясының қызметкерлері қайтсем әуе толқынын жақсартамын деген оймен күш-жігерін аямай жұмсап, жақсы нәтиже шығара білді. «Музыка хабарлары Бас редакциясы» құрамында еңбек еткен: музыка саласының мамандары ‒ Қалқаман Жүнісбеков, Әшірхан Телғозиев, Райхан Оразбақова, Раушан Айтжанова, Қазина Нұрқанова, Гүлмәзия Жанахметова, Қарлығаш Оңалова, Көрік Омарбекова, Орынбасар Дөңғабақ, Мұхамедқұл Смағұлов, Серғазы Тұрсынбаев, «Соңғы хабарлар Бас редакциясында» еңбек еткен журналистер: Мария Лебедева, Сүлеймен Ақтаев, Руслана Құдайбергенова, Үмітжан Балтаева, Махмет Түменбаев, Жолымбет Кейкелов, Диас Омаров, Ерлан Бекхожин, Дүкеш Байымбетов, Любовь Шашкова, Сергей Пономарев, Бақберген Табылдиев, Гүлсара
Қабланова, Қайрат Мұсақұлов, «Насихат» ­редакциясында еңбек еткен Төрехан Тасболатов, Ахметқали Әлімбай, Шапағат Дәулиева, Балзия Мирфаизова, Мейрам Байғазин, Әнапия Әмірина, «Әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясының» рухани хабарларын тыңдаушыға әсерлі жеткізе білген Төлепберген Тобағабылов, Дүйсенбек Қанатбаев, Дінәш Нұрмұхамбет, Темірхан Момбекұлы, Сайлаубай Тойлыбаев сынды өз ісінің майталмандарын атау абзал. «Режиссерлар» тобынан Көкенай Камалиев, Бибігүл Қайрақбаева, Шәмшия Тайырова, Мұрат Ыбыраев, Айша Таумурзина, Игорь Астафьев, Құмарбек Сыдықов, Алтынбек Халықов, Тоқтарбек Қамшыбай, Әбдіхалық Досмағамбетов, Фарихан Атханова, Базаркүл Балмағамбетова, Захида Қырықбаева, Ақбол Үдербаева сынды майталмандардың еңбегі зор еді.
«Балалар және жастар Бас редакциясында» Қасымхан Ерсарин, Нұрахмет Жорабеков, Кемелбек Шаматай, Құдиярбек Ағыбаев, Мәруа Бұржымбаева, Иманбай Жұбаев, Сәбит Сүлейменов, Қатира Жәленова, Кенжебай Жармұханбетов, Қымбат Әбілда, Лаура Барлыбаева, Қаршыға Есімсейітова сынды журналистер балалар мен жасөспірімдерге, сондай-ақ жастарға арнап, қызғылықты хабарларды әрдайым ұсынып, көпшілік қошеметіне бөленді.
«Меншікті тілшілер қосын» басқарған журналистер: Манап Шәкенов, Гүлжан Мұхамадиева Қазақстанның түкпір-түкпірінен тілшілеріміздің жаңалықтарын жинақтап, әуе толқынына ұсына білді, тер төкті. Әр өңірден хабар беріп тұрған журналистер: Ғалия Балтабай, Сәбит Сүлейменов, Кәрім Бахриденов, Жарасбай Сүлейменов, Қалыбек Атжанов, Жанмұрат Жанайдаров, Бақыт Шырынбеков, Сағат Батырхан, Есенгелді Сүйіновтер еңбектің үлгісін көрсете білді.

«Шет елге хабар тарату Бас редакциясын» көп жыл басқарған Сәркен Оспанов, Олжабай Мұқанов, Төлеухан Кенжебаев, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Фатима Бегімбаева, Мұқай Бәйсейітов, Совет Масғұтов, Бибігүл Мәтенова, Айгүл Ысқақова, Гүлнар Төлегенова, Сәруар Қабдразақова, Әшірхан Телғозиев, Жеңіс Ақпамбетов, Сара Латиева, Гули Исламовалар шет елден келген хабарларды қорытып, Қазақстанның жаңалықтары мен жетістіктері жайлы тың хабарларды дүниежүзіне таратып отырды, саяси қателікті кешірмейтін, аса жауапкершіліккке толы жұмысты мінсіз атқарған жандар осылар. «Спорт» редакциясында спорт комментаторы болып талмай еңбек еткен Диас Омаров, Өмірзақ Жолымбетов, Владимир Толчинский, Василий Феклюнин, Диас Ахметшәріп, Гүлмәрия Барманбекова, Әнапия Әмірина, Лаура Барлыбаева, Ерлан Бекхожин сынды журналистердің еңбегі өлшеусіз еді. «Ауыл өмірі» редакциясында миллиард астық алып жатқан астықты ауылдарға, мыңғырған мал өсіріп, ел абыройын, байлығын арттырып жатқан еңбеккерлердің насихаттап, науқан қызған кезде арнайы іссапарларға шығып, тың мәлімет жеткізетін және өз ісін сүйген жуналистеріміз ерен еңбектің үлгін көрсетті. Тұрғынбек Шопанов, Абай Өтегенов басқарған бұл редакцияда Гәкку Балтабаев, Юрий Филиппов, Бағдат Мүптеке, Ерлан Қожакелдиев, Сағынғали Өтеалиев, Шаршархан Төрегелдиев, Қалыбек Атжанов сынды журналистер ауыл өмірінің тынысын дер кезінде жеткізіп тұруға асығатын. Алғашында «Насихат» редакциясы, кейін «Қоғамдық-саяси хабарлар Бас редакциясын» болған ұжымда шындықты айтуға құштар, халқына жақын, танымы терең, мұраты биік азаматтар еңбек етті. Атап айтсақ, Анатолий Мулин, Төрехан Тасболатов, Құсман Игісінов, Абдолла Сүлеймен, Оңғар Өмірбек, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Шапағат Дәулиева, Ахметқали Әлімбай, Әнапия Әмірина, Сағынғали Өтеалиевтардың есімі ел есінде.
«Достық» редакция халықтар достығын паш етіп, алыс-жақын мемлекеттерге хабар тарата білді. «Достық» радиостанциясының басшысы Ен Гын Цой болды. Редакцияның мақсаты- еліміздегі саясат, экономика, ауылдағы тұрмыстық-әлеуметтік даму, мәдениет пен білім жайлы іуе толқынынан көбірек насихаттау болды. Неміс, ұйғыр, корей, түрік, әзербайжан, татар, ағылшын, түрік тілдерінде хабар жүргізілді, әлі де бұл іс жалғасуда. Жалпы Қазақ радиосы ‒ Қазақстанның өркендеуіне, достықтың нығаюына, радионың алтын қорын толықтыруға көп күш жұмсап, соның нәтижесінде биік белестерге жеткен ақпарат ағыны.
Қазақ радиосында еңбек еткен, Қазақ радиосына келіп, өнерлерін үнтаспаға жазып қалдырған небір адамдардың рухани байлығын сақтап отырған алтын қор қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз. Кезінде фонотека ісін басқарған Айзада Қондыбаева, Мәкен Арыстанбаева, Клара Артықбаева, Гауһар Ержановалар осы істің сапалы болуына атсалысты. Айзада Қондыбаева мен Шолпан Шоқбасовалардың есте сақтау қабілеті мықты еді. Кез келген үнтаспаны сұрағанда тұрған орнын, оның реттік нөмірін жадында сақтап, редакторға тез тауып беруге тырысатын. Фонотекада қызмет еткен Зоя Қарақасова, Ғазиза Ақылбекова, Әсия Қамысбаева, Айгүл Жұманова, Салтанат Әбжанова, үнтаспаны сандық тәсілге түсірген операторлар: Базарәлі Мүптеке, Ақмарал Қабылқұлова, Салтанат Чүкебаева, Гауһар Қозыбаева, Кенжегүл Елеусізова, Айгүл Ыдырысова, Алтын Бекболатовалар 111 мың фономатериалды толықтай көшіріп, үлкен іс атқарды. Қазіргі Қазақ радиосы мен Шалқар радиосындағы әуе толқынында еңбек етіп жүрген Оңғар Құралов, Бақыт Құтпанбаев, Сәрсенғали Жүзбаев, Жанар Оразымбетова, Гүлбағыш Бостанқызы, Еділ Анықбай, Мейрамгүл Нығметова, Гүлмира Нәлібай, Гүлназ Молдабергенова, Гүлнұр Омарханова, Толқын Сұлтанова, Бағдагүл Рахметовалар өз ісінің майталманы бола білген мықты журналистер. 1966 жылдың 1 қаңтарынан Қазақ радиосының «Соңғы хабарлар» редакциясының жанынан ақпаратты -сазды «Шалқар» бағдарламасы тұсауын кесті. Қазақ радиосының құрамындағы «Шалқар» бағдарламасы 1999 жылы жабылғанға дейін «Шалқар» арнасы атанып келсе, 2002 жылы қайта ашылғаннан кейін (2 жыл 11 айлық уақытша үзілістен соң) «Шалқар» ұлттық арнасы деген атау қалыптаса бастады.
Ал 2014 жылғы 10 ақпанда “Қазақстан” РТРК АҚ Басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанованың № 64-к бұйрығымен Радиохабар тарату Дирекциясы құрылып, оған 4 радио (Қазақ радиосы, «Шалқар» радиосы, «Астана» радиосы және «Classic» радиосы) енгізілді. Осы бұйрықпен «Шалқар» арнасы тұңғыш рет «ШАЛҚАР» РАДИОСЫ болып қайта құрылды.
Ал 2016 жылы 14 желтоқсанда «Қазақстан» РТРК» АҚ-нан өз алдына бөлек, құрамындағы 4 радиомен «Республикалық радио» ЖШС құрылғандығы хабарланды. 2017 жылы 30 қазанда «Республикалық радио» ЖШС атауы «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС болып өзгертілді. Сонымен, тек мемлекеттік тілде, қазақ халқының ұлттық-рухани құндылықтарын насихаттау бағытында хабарлар мен музыкалық шығармаларды эфирге беретін «Шалқар» радиосы бүгінде «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС құрамында хабар таратады. Ән мен күй, әдеби әңгімелер мен рухани, тарихи, танымдық дүниелерді көбірек насихаттайтын небір хабарлары, тікелей эфирлері бар иісі қазаққа, сондай-ақ жауқазындай өсіп келе жатқан ұрпағымызға берері ұшан-теңіз «Шалқар» радиосы мен Қазақ радиосының халыққа берері көп. Әлі де ізденіс үстінде шығармашылық жолын жалғастыруда.
«Қағазсыз газет» атанған, қазақ даласын ән-күйге бөлеген қос радиомызды, сондай-ақ Классикалық радио мен Астана радиоларын 1 қазан деп белгіленген төл мерекелерімен құттықтап, ғылым, білім, өнер, музыка, педагогика, экономика, заң сияқты алуан түрлі тақырыпты қозғайтын тарихи-танымдық, әдеби-музыкалық, интеллектуальдық хабарларды әуе толқынына дайындай отырып, ұрпақтарымызды асыл сөздеріңізбен тәрбиелей беріңіздер! Еңбектеріңіз жемісті, нәтижелі болсын! – демекпін.

Алтын Иманбаева
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты