Дүниедегі мамандық атаулының төресі –ұстаздық. «Мұғалім мамандығы -барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстазға жүктелген міндет ауыр деуге болады. Ол шыдамдылықты, біліктілікті, мейірімділікті қажет ететін мамандық .
Өз мамандығын сүйетін, өмірінің 32 жылын балалар біліміне арнаған жанның бірі Талғар ауданы Ақдала ауылындағы «№44-і жалпы білім беретін орта мектебінің» химия-биология пәнінің мұғалімі Сейфолдаева Бибігүл Бөшенқызы.
Жетісу облысы Ақсу ауданы Арасан-Қапал ауылында туған Бибігүл орта мектепті үздік аяқтағаннан кейін өзі таңдаған мамандығы бойынша оқуға түседі.1991 жылы Абай атындағы Мемлекеттік педагогикалық университетін бітіріп, алғашқы еңбек жолын Алматы облысы Райымбек ауданы, Ақсай орта мектебінде химия пәнінің мұғалімінен бастады.1991-2008 жылдары ол осы білім ордасында педагог-ұйымдастырушы, оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 2008-2017 жылдары Талғар ауданы №1 қазақ-түрік лицейінде химия пәні мұғалімі,Талдыбұлақ ауылы, Қ.Әбдіғұлов атындағы №34 орта мектеп –гимназиясында әлеуметтік педагог, 2018 жылы тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, химия-биология пән мұғалімі болып қызмет істеді. 2019 жылдан бері Бибігүл Ақдала ауылы №44 жалпы білім беретін орта мектепте химия-биология пәні мұғалімі лауазымы бойынша жұмыс жасап келеді.
Ерен еңбегі ел алдында еленген, ол бүгінде бірнеше марапаттың иегері. Атап айтқанда, 2019 жылы «Bilge» халықаралық инновациялық шешімдер орталығы ұйымдастырған Ұлттық « Bilgen» олимпиадасының дипломымен және Құрмет грамотасымен марапатталды. 2022 жылы Халықаралық білім мен ғылым қолдау орталығының «Мың бала» интелектуалды республикалық химия және жаратылыс тану пәндері бойынша өткен оқушылар олимпиадасында қосқан үлесі үшін Алғыс хатқа ие болды Осы жылы Республикалық «Өрлеу» ПШДО шығармашылық ізденіс, кәсіби шеберлігі үшін Құрмет грамотасымен, Халықаралық білім мен ғылым қолдау орталығының «Эрудит»интелектуалды орталығы педагогтар арасында өткен «Жаңашыл мұғалім-2022» атты І Республикалық олимпиадаға қатысып, 1 дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сондай – ақ өткен жылы жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігін жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге арнаған табысты еңбегі үшін Алматы облысының білім басқармасының Құрмет грамотасына, 2022 жылы адал қызмет атқарып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін Талғар аудандық білім бөлімінің мақтау қағазына ие болды.Ал биыл Yessenov University ұйымдастыруымен І Республикалық ғылыми жобалар конкурсында оқушы жетістігі үшін Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар 2022 жылы Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының оқу-әдістемелік кеңес мақұлдауымен «Химиялық есептерді шешу жолдары» авторлық бағдарламасы баспадан шығарылып, республикалық деңгейде іс- тәжірибесі таратылды. Облыс әкімдігінің алғысына ие болған Бибігүл бүгінде 3 қыз, бір ұлдың бақытты анасы, немерелердің асыл әжесі. Жолдасы Дәулеттің орнын жоқтатпай, түтінін түзу шығарып қолындағы қарт енесіне қамқор болып, әулеттің үлгілі, сыйлы да сүйкімді келіні болып отырған жайы бар.
«Мұғалімнің бойында балаға деген мейірім , сенім болу керек. Талап қоя отырып, оны жетелеу, бағыт беру, шаршамай еңбек ету», – дейді білімді ұстаз. Қазіргі балалар өте жан жақты,ақпаратты көп алады. Балалармен әміршілдік қарым қатынас емес, ынтымақтастық, ,адами қарым- қатынаста болсаң, анағұрлым тез тіл табысасың. Алдымыздағы әр оқушыны жеке тұлға ретінде қарауымыз керек. Ұзақ жылдардағы тәжірибеме сүйенсем, ең бастысы баланың жүрегіне жол табу,сенім білдіру, үнемі шәкірттерге дұрыс бағыт беру, олардың көзқарас, ой пікірлерімен санасып отыру. Білімге деген қызығушылығын, құштарлығын арттыру. Ал ол үшін ең бірінші өз мамандығыңды сүйе білуің керек. Балалармен жұмыс жасау маған өте ұнайды. Мектепте балалардың ортасына барғанда отбасылық немесе басқада қиындықтықтарды,тіпті ауырып тұрғанымды ұмытып кетем. Шаршайтын кездер де болады. Бірақ мамандығыма көңілім толады. Әсіресе шәкіртерің еңбегіңді бағалап, құрметтеп, алғыстарын білдіріп жатса одан артық марапат жоқ деп ойлаймын. Тәрбиенің бастауы, негізі отбасында қаланады. Тәрбиесі жақсы бала басқа ортада болса да өзін солай ұстайды. Кейбір ата аналар балаларын орынсыз қорғап, баланың өзі жасаған қателігіне сыни тұрғыда қарауға мүмкіндік бермей жатады. Сондықтан ата-аналар мектеппен тығыз байланыста болып, баланың білімді, тәрбиелі азамат болып қалыптасуына ат салысу керек. Өзім тәрбиелеп жатқан шәкірттерім түрлі олимпиадалар, байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ол мен үшін үлкен бақыт, мақтаныш.Еңбегімнің жемісі деген осы шығар. Әлі де оқушыларым биік белестерден көріне берсе деп тілеймін, сол үшін ерінбей еңбек етудемін. Ұстаздық жолда талай әріптестермен танысып, бірлесе жұмыс істедім. Кәсіби шеберлігімізді бірге шыңдадық. Оларға деген алғысым шексіз. Қазіргі таңда жұмыс жасап жатқан Ақдала ауылында № 44 орта мектептің директоры Алигожаева Гүлназ
Мәлікқызына және осы мектеп ұжымындағы әріптестеріме ұстаздық жолда қажымас қайрат және ел мақтарлық білімді шәкірттерінің көп болуына тілектеспін»,-дейді Бибігүл Бөшенқызы. Ұстаз – ғылымға жетелейтін маман ғана емес, адамды рухани байытатын тұлға. Олардың басты мақсаты – келер ұрпаққа тәрбие беру. Еліміздегі барлық ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, шәкірттеріңіздің құрметі мен алғысына бөленіңіздер, өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстарыңыздың жемісін жеңіздер демекпіз!
Сәуле Құрмантаева