Сөз басында бірден атап өтейін, меніңше, Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған. Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен, біздің береке-бірлігімізді сынға салады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы – шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсетеді. Мұны өздеріңіз өте жақсы түсініп отырсыздар.
Бірінші құрылтай Жалпыұлттық референдумнан кейін шақырылды. Содан бері, міне, бір жыл өтті. Бұл Әділетті Қазақстанды құру жолында айрықша маңызы бар тарихи кезең болды. Біз Ата заңымызға әділдік рухын сіңіре отырып, конституциялық реформа жасадық. Бұл өзгерістер мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түсті. Сонымен қатар, еліміздің ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарын айқындап берді. Биліктің басты институттары қысқа мерзім ішінде мүлде басқаша сипатқа ие болды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайды. Осының бәрі еліміздің саяси құрылымын орнықты және тиімді етіп қайта құруға септігін тигізді. Барынша әділ, ашық әрі бәсекеге лайық жүйе қалыптасты. Кейбір адамдар реформалардың табысты боларына күмәнмен қараған еді. Бірақ біздің бағдарымыз өзгерген жоқ. Ауқымды саяси жаңғыру жоспарын рет-ретімен жүзеге асырдық. Бәріміз бір ел болып орасан зор жұмыс атқардық. Қазақстан осыдан 2-3 жыл бұрынғы, тіпті, бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгерді. Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік. Қазақстан – осы геосаяси аймақта саяси жүйесін қысқа мерзім ішінде түбегейлі өзгерткен бірден-бір мемлекет. Тың өзгерістердің арқасында саяси реформалардың Қазақстанға ғана тән ерекше үлгісі қалыптасты. Келешекте де оның мән-маңызы арта бермек. Алайда қолда бар жетістікке тоқмейілсіп отыруға болмайды. Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар. Жалпы, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек. Ал түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді.
Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен, өзі үшін жасауға тиіс. Мұны елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін қолға алуымыз керек. Ашығын айтсақ, біз кейде өз өмірімізден гөрі жұрттың пікіріне көбірек мән береміз. Тіпті бұл әдет қанымызға сіңген деуге болады. Әрине қазақтың қонақжайлығы – жақсы қасиет. Бірақ үйдің іші-сыртын қонақ келгенде ғана ретке келтіру дұрыс емес.
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиіспіз. Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай? Мен бүгін осыған қатысты ой-пікірімді ортаға салғым келеді. Біз қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыруымыз керек. Бұл – маңызды міндет. Біз алға үздіксіз қадам басуымыз керек. Елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажет. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекеттілігіміздің тұғырын бекемдейміз. Олай болмаса, даму көшінің соңында қалып, ақырында құрдымға кетеміз. Жалпы, қандай да бір құндылықты Жарлықпен немесе Заңмен орнықтыру мүмкін емес. Мен мұны өте жақсы түсінемін. Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осылайша олар ұлттың рухын жаңғыртуда. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді. Біз – аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өзіміз үлгі көрсету арқылы дәріптеуіміз керек. Жастарымыз көп сөзге құмар, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болмауға тиіс. Оларды осындай теріс әдеттерден қашық болуға үйретуіміз керек. Жақында ірі қалаларымызда су тапшылығы пайда болды, тұрғындар наразылығын білдіріп жатыр. Бұл да орынды. Осы түйткіл – әкімдердің жұмысындағы нағыз олқылық. Оны тез арада түзету керек. Әкімдердің қолынан келмесе, тиісті шешімдерді қабылдаймын. Негізгі мақсат – табысты болып көріну емес, шын мәнінде табысты мемлекет болу. Бұл мызғымас қағида болуға тиіс. Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет. Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды – Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады. Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз Адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты Адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс. Енді осы жұмыстың нақты бағыттарына тоқталайын.
БІРІНШІ мәселе. Мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажет. Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол. Сондықтан оның танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек. Мен жақында Ассамблея сессиясында еліміздің Геральдика белгілерін жетілдіру қажеттігі туралы айттым. Алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні – әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет. Аймақтық нышандарды әзірлеу және бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей етіп, ретке келтірген жөн. Енді мемлекеттік наградалар мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Бұл саланың қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар.
«ЕКІНШІ мәселе. Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту өте маңызды. Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Бұл істе ел тарихының көп томдық жинағы басты рөл атқарады. Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады. Сондықтан мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осыған арнайы тоқталдым. Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің бір топ ғалымдары жұмыла кірісті. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақты әзірлеу үшін біраз шаруа атқарылды. Жиналған материалға енді стилистикалық және ғылыми редакция жасалуы керек. Сондай-ақ жинақты бірыңғай үлгіде безендірген жөн. Еңбекте осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауы қажет. Оған соңғы кезде ашылған тарихи жаңалықтар түгел енгізілуі керек. Қарама-қайшы мәліметтер болмауға тиіс. Сондай-ақ төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Бұл тізім еліміздің ішінде және шетелде жалпыұлттық бірегейлігімізді айшықтайтын басты ұстынға айналмақ. Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек.
ҮШІНШІ мәселе. Біз мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз қажет. Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн. Сыртқы істер министрлігі жанындағы «КazAID» халықаралық даму агенттігі осы жұмысқа ұйытқы болуға тиіс. Көптеген мемлекетте мұндай ұйымдар ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті насихаттайды. Сол арқылы мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды. Кәсіпкерлердің әлемдегі беделін арттыруға көмектеседі. Жаңа ғана Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова ұлттық құндылықтарды дәріптейтін кәсіпкерлерді қолдау қажеттігін атап өтті. Бұл да – өте орынды бастама. Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек. Мысалы, өзіміз іргесінде отырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бай тарихымыздың символы саналады. Оның ұлт руханиятындағы орны ерекше екенін білесіздер. Осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілген. Мен мұны қолдаймын.
Қазақтың тағы бір ерекшелігі – көне дәуірден бері келе жатқан өмір салты. Өзге елдер бізді көшпенділердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – халқымыздың басты брендінің бірі. Келесі жылы менің шақыруыммен Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл қадам ұлттық спортты дамыта түсуге зор мүмкіндік береді. Сондықтан, байрақты бәсекені жоғары деңгейде өткізуіміз керек.
ТӨРТІНШІ мәселе. Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Жалпы, дүние жүзіндегі әр ұлт – бірегей. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Табысқа жету үшін жоспарымыз қол жетпес қиялға не болмаса жалаң сөзге емес, нақты іске негізделуі керек. Сонда ғана оның бәрі жұртқа түсінікті, анық болады. Яғни, «Қайтсек табысты елге айналамыз?» деген сұрақтың жауабы айқын болуға тиіс. Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді. Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамдағы тағы бір келеңсіз және өзекті мәселе болып тұр. Мұндай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алуы керек. Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады. Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы екенін айтқан. Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді. Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды, тіпті, жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Бұл – анық нәрсе. Десек те, ата-аналар баланы мемлекет, Үкімет не қоғам үшін емес, ең алдымен, өзі үшін дүниеге әкеледі. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс. Сол сияқты мектеп те – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет. Мен ұрпақты еңбекқорлыққа, бизнес жүргізу шеберлігіне баулу мәселесі жөнінде үнемі айтып жүрмін. Мәселен, кейбір көрші елдердің жастары шетелдерге барып, белсенді түрде кәсіппен айналысады, дүкен ашады, ұлттық тағамдарын дәріптейді, қысқасы, нәпақасын табады. Осындай әрекеттерден біздің жастарымыз да үлгі алса, жаман болмайды. Әрине, бұл – елден кетіп, еңбек ет деген сөз емес, бұл – ең бастысы, еңбектің жақсы-жаманы жоқ деген сөз. Әр мәселені әбден саясиландырып, бос сөз қумай, қол қусырып қарап отыра бермей, нақты жұмыспен, қаражат әкелетін заңды іспен шұғылдану керек деген сөз. Мен былтырғы Құрылтайда ұрпақты еңбекке баулуға қатысты бірқатар тапсырма бердім. Соның негізінде мектептерге еңбек сабағы қайтарылды. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруымыз керек. Сондай-ақ біз ел болып қарапайым еңбек адамын қадірлей білуіміз қажет.
Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту. Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек.
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Әрбір адам жауапсыз қадамның арты бүкіл елге қасірет әкелуі мүмкін екенін терең түсінуге тиіс. Барлық салада, барлық деңгейде жауапкершілік болса ғана, ісіміз оңға басады. Шын мәнінде, сын сағатта кімнің кім екені анық көрінеді. Елге жаны ашитын адам қиын жағдайға тап болған жұртқа нақты іспен көмектесуге дайын болады. Өкінішке қарай, қазір қоғамды ішінен ірітетін жағымсыз дүниелер көбейіп бара жатыр. Өздерін, тіпті, Алпамыс батыр сияқты ел қорғаны санайтын қылмыс әлемінің серкелері, яғни криминалдық топ басшылары бар. Көптеген адамдар, әсіресе, жастар соларға қатты еліктейтін болды. Ел ішінде арзан бедел жинап жүрген алаяқтар аз емес. Олардың бәрі – халықтың санасын улайтын секта өкілдері. Бір қарағанда олар елге жанашыр болып көрінеді. Ал түптеп келгенде, психологиялық айла-тәсілдермен жұртты адастырады. Қоғамға жалған құндылықтар таратып, көпшілікті тура жолдан тайдырады. Мұның бәрін идеологиялық қоқыс немесе мүлдем қажеті жоқ ақпарат деуге болады. Біз өркениетті ел ретінде халқымыздың дүниетанымына жат нәрселерге қарсы тұруға тиіспіз. Ол үшін, ең алдымен, оқу-ағарту жұмысын күшейтуіміз керек.
БЕСІНШІ мәселе. Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту. Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет. Креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды. Бұл жүйе озық құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет. Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ, ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек. Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын. Жақында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қазақ мәдениетін TikTok платформасында насихаттау жолдары қарастырылып жатқанын айтты. Мен мұны қолдаймын. Жастар жиі пайдаланатын әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу – дұрыс қадам.
Қазір батыс елдерінде «анти-инфлюенсер» деген қозғалыс бірте-бірте қалыптасып жатыр. Бұл қозғалыс интернет басылымдар арқылы азаматтарға, жастарға тарайтын барлық ақпаратқа, деректерге, әсіресе, жалған мағлұматтарға, яғни, fake news-қа зор күмәнмен қарайды, яғни адамдардың санасын жаулап жатқан, тіпті оларға имандай сенуге болатын идеология секілді құбылыстарды жоққа шығарады. Біздің елімізде де жалған ақпарат тарататын басылым-сымақтар бар. Бұл – құпия емес. Олардың артында нақты қалталы адамдар, тіпті, ықпалды елдер бар. Ал жаңа қозғалыстың негізгі мақсаты – дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, ең алдымен, бұл әдебиеттегі, сондай-ақ ақпарат саласындағы дәстүрді сақтау. Сондықтан біз де әлемде болып жатқан осы жаңа үрдіске назар аударғанымыз жөн. Бұл үрдістер бүгінде түрлі ақпаратпен идеологиялық тұрғыдан уланып жатқан қоғамды сауықтыратын күшке айналуы әбден мүмкін.
Жалпы осындай маңызды істерге, соның ішінде кітап шығару ісіне Қазақстан Жазушылар одағы белсене атсалысуы керек. Бір ай бұрын ұйымның кезекті құрылтайы өтті, жаңа Төраға сайланды. Бұл – көрнекті қаламгер Мереке Әбдешұлы Құлкенов. Жақында мен онымен кездестім, қазақ әдебиетінің болашағы, дамуы туралы әңгіме болды. «Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін.
«АЛТЫНШЫ. Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуге тиіс. Қоғам тынысы әрдайым назарда болуы өте маңызды. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет. Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Түптеп келгенде, бұл – тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеудің кепілі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы, өзегі – осында. Қазір әлеуметтік зерттеу жүргізу үшін түрлі мекемелерге қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ, жұмыс жүйелі емес, сондықтан нәтижесі күмәнді болып шығады. Бұл жұмысты бір жерден ұйымдастырып, кешенді түрде жүргізу керек.
Бізге сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажет. Бұл құрылымдар сапалы әрі сұранысқа ие интеллектуалды өнім ұсынуға тиіс. Еліміз идеологиялық дербестігін сақтау үшін мұның айрықша мән-маңызы бар. Сараптама орталықтары еліміз егемендік кезеңінде жүріп өткен жолдың әр бағытын зерттеуге тиіс. Кемшіліктердің себеп-салдарын анықтау қажет. Үкімет жаңа жоспар жасағанда осы факторлар ескерілуі керек. Ғылым мен зерттеуге негізделген саясат табысты болады.
ЖЕТІНШІ мәселе. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз. Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз. Облыстардың ішкі аумақтық-әкімшілік құрылымында ойланатын тұстар бар. Біз былтыр Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құрдық. Бұл шешім аймақтардың дамуына тың серпін берді.
«Аманат» партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергенін білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым. Әрине, бұған арнайы дайындық керек. Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарауымыз керек. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе.
СЕГІЗІНШІ мәселе. Мен қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты біраз сын-пікірлер бар екенін білемін. Олардың басым көпшілігі орынды. Қазіргі таңда біз мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Негізгі міндет – жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру. Бұдан бөлек, аудан және ауыл әкімдерін сайладық. Облыстық мәслихаттарға сайлау аралас жүйе арқылы, ал аудан мәслихаттарына тек бір мандаттық қағидат бойынша өтеді. Алдағы жұмыс – ауқымды. Біраз уақыт қажет екені түсінікті. Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы. Соңғы кездері мен бірқатар кадрлық өзгерістер жасадым. Бұл ретте, ешқандай науқаншылдыққа, мемлекеттік қызметшілерді, жоғары лауазымды тұлғаларды жаппай қызметтен босатуға жол берілген жоқ. Ең алдымен, олардың іскерлік қабілеті мен тәжірибесі ескерілді. Сондай-ақ жас, білікті азаматтар бірқатар маңызды министрліктің тізгінін ұстады. Әрине олардың тәжірибесі, соның ішінде өмірлік тәжірибесі аз екені сөзсіз. Бірақ бұл – уақытқа байланысты мәселе. Бастысы, олардың бойында еліміздің жарқын болашағы үшін адал қызмет етуге қажетті білім, ерік-жігер бар» Басшылық құрамды жаңарту жұмысы жалғасын табады. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық. Ал олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес. Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу әлдеқайда маңызды. Барлық мемлекеттік қызметшілерге осыны айтқым келеді. Сондай-ақ жасалған реформалардан кейін Қазақстан Президенті мемлекеттік басқарушы, яғни Конституцияда көрсетілген 7 жылдық мерзімге халықпен өзара келісімшартқа отыратын менеджер ретінде қызмет етеді. Президент – әулие емес, халықтан биік тұлға емес.
Баршаңызға мәлім, қазір Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты көптеген архив материалдары зерттелуде. Бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шығып жатыр. Жақында сол құжаттардың ішінен «авторы Жүсіпбек Аймауытұлы» деп көрсетілген шығарма табылды. Мұны екі дерек көзі растап отыр. Өлеңмен жазылған туындыны сол кезде тәркіленген Алаш зиялылары еңбектерінің бір бөлігі деуге негіз бар. Онда ұлттың жаны ешқашан өлмейтіні жырланған. Шын мәнінде, қазақтың қайсар рухы ешқашан сынбаған. Керісінше, әрбір қиындық жұртымыздың жігерін жанып, халықты шыңдай түскен. Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайды. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, әлемдегі өз орнымызды айқындаймыз. Қазақ елінің Адал азаматтары болып, Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз. Осымен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын қорытындылайық. Былтыр Ұлытауда, биыл киелі Түркістанда бас қосып, елдік мәселелерді талқыладық. Ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ – Атырау облысы. Ондағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Мен Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын осы шежірелі аймақта өткізуді ұсынамын. Елімізде лайым жақсылық көп болсын!
www.akorda.kz