Ұлттың ұлы мұраты тілінде

Ұлттың ұлы мұраты тілінде

Ықылым заманнан бері қазақтың қағанағы қарық, сағанағы сарық болған бір уақыт – тәуелсіздік алған шағы. Бұған ақтаңдаққа толы тарих куә. Ал осы тәуелсіздікке біз қалай жеттік? Тәуелсіз ел болу жолында төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтың тағдыры талай таразыға түскен шақта өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, бар қиындықтан аман алып шыққан және бәрінің басын қосқан ұлы күш – ол – қазақтың тілі. Шындық осы. Бұл жерде ел басына күн туғанда етігімен су кешкен ата-баба ерлігін жоққа шығарып, түбегейлі тәрк етуден аулақпыз. Бірақ бір нәрсе анық, ол – қай уақыт болмасын, қазақты осы күнге жеткізген ұлы рухты биік болмыстың артында қазыналы қарт – Қазақ тілі – Ана тіліміздің тұрғаны.

Ұлтымыз ұлы мұратына жетіп, тәуелсіздік таңы атқанына енді ғана отыз жыл толды. Отыз жыл деген адам өмірімен өлшегенде ұзақтау көрінгенімен, ұлт ғұмыры тұрғысынан алғанда тым қысқа, қас қағым сәт. Адам айтса нанғысыз небір зұлматты бастан кешкен қазақ осы күнге аман жетсе, ол итжандылығынан емес, ұлтымыздың бар болмысын құшағына сыйғызған ана тілі мен өлмейтін, ештеңемен өлшеуге келмейтін асқақ рухының жанкештілігінен. Неге ана тілді алдымен айтып отырмын? Өйткені қайда, қашан болса да, ұлт рухының тірегі – тілі. Кез келген ұлтты рухынан айырып, тіпті жер бетінен жойып жіберу үшін оның тіліне шектеу қойып «шабуыл жасап», жан-жақтан қысым қылса жетіп жатыр… Осы тұрғыдан алғанда алмағайып уақыттың аласапырандарында шыңдалып, төрт құбыласы тең болмаса да, әлемдік тілдерден кем болмай бізге түгел жеткен (бұл күнге жетпеген, тіпті ұмыт болған тіл қаншама?!) асыл қазынамыздың қадіріне жете алып жүрміз бе деген зіл батпан сұрақ көкейді теседі де тұрады. Оған себеп те жоқ емес. Ата заңға айпарадай қылып «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазып қойғанымызбен, әлі күнге дейін іс жүзінде орыс тілдің ыңғайына жығылып, ол аз болғандай ағылшын тіліне қарап аузымыздың суы құри беретіні тағы бар. Тіпті үш тілділікті дәріптегенде «шепті бұзып, шектен шығып» балабақшаға дейін міндеттеп, ағылшынша, орысша, қазақша (қазіргі тіл үйрету реті осындай) оқыта бастадық. Неге? Басты себеп, жаттанды болған бодандықтың жетпіс жылы ғана емес, біреудің қаңсығын таңсық көріп, өзіміздің асылды мансұқтай беретін көрсеқызарлығымыздан. Оның үстіне бодандық қамытына бойы үйренген кейбір алғы буынның ұрпақ алдындағы парызы мен борышын өтеуге келгенде кежегесінен кейін тартып тұратын енжарлығынан. Мұның бәрі бүге-шігесіне дейін отбасындағы тәлім-тәрбиеден көрініс тауып, тамыры тереңге кеткен жымысқы ойдың немесе не болса да кезінде көрерміз деген немқұрайлылықтың кесірі. Ондай отбасының ұрпағы да өз ұлтының тіліне пысқырмайтын, өзінің кім екенін білмейтін, тегін танымайтын мәңгүрт болары хақ. Мұндайда қазақ «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп қысқа қайырады. Бірақ осы мәселенің тегін тектеп, түбін түптесек ұлттың болашағына шабылатын жай балта емес, айбалтаның жатқанын анық көреміз. Осындайда Шыңғыс Айтматовтың «Найман – Ана» әңгімесі еріксіз ойға оралады. Еркіне қоймай жаңа сойылған малдың жас терісінен кепеш кигізген соң ол кепкенше жаны көзіне көрініп, рухы бидайдай қуырылған бейшара құлдың адамдық болмысынан ажырап бара жатқандағы қорқынышты күйі көз алдыңда көлбеңдейді. Құлындағы дауысы шыққан шарасыз күйін тез ұмытып, қасына адам жолатпақ түгілі, басына қол тигізбейтін бейбақты сен аяғанмен, ендігі жерде ол сені танығаны былай тұрсын, жанына жақындатпайды да. Ана тілімізге қатысты мәселеде біз де осындай күй кешіп отырғанымызды айқайлап айтпасақ та, іштей мойындауға тура келеді. Аға буынның бәріне күйе жақпақ ойымыз жоқ, ел үшін шырылдап, ана тілдің аманатын арқалап жүрген азаматтар ат төбеліндей ғана болса да, бар! Ол рас. Бірақ шындықты айтпауға да қақымыз жоқ.


Осы орайда ана тілімізге қатысты тағы бір шетін мәселені айта кеткім келеді, өйткені «Айтпаса сөздің атасы өледі». Қазіргі ата-аналарды, (жай мысал ретінде) шартты түрде қазақ тілді және өзге тілді деп екі топқа бөліп қарасақ, баласын балабақшаға берген, қазақы қалпынан ажырағысы келмейтін ата-ананың баламның тілін түсіне алмай жүрмін деген зор мұңы бар. Сіз бен біз мұның талайына куә болып жүрміз. Қазір көптеген бала айналасына ойын бір тілде (ана тілімізде ғана емес, үйретіліп жатқан кез келген үш тілдің біреуінде) және анық жеткізе алмайды. Кеше алғашқы сабағын:
«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!» – деп бастайтын бастауыштың баласы бүгінде ұлттық болмысы оянып, рухы шаттанар шақта болсын, болмасын үш тілде сабақ оқуға мәжбүр. Өкініштісі сол, мұны да мақтан көріп тағы бір дүбара буынды өз еркімізбен өсіріп отырмыз. Ой-санасы әлі қалыптастпаған былдыр тілді баланың ұлтына деген ұлы сезімдерін ояту үшін ана тілімен сусындатқанның орнына, бір жолда бақандай үш тілді үйретіп жатырмыз. Сөз реті келген екен, мұндай «мықты тәжірибе» бізде ғана екенін де айта кетейік. Сондықтан оның ойы да қойыртпақ, тілі де дүбара, түп санасы да түсініксіз. Ал өзі қазақ бола тұра қазақша білмегені былай тұрсын, баласының да қазақша білмейтінін айтып мақтанатын өзге тілді бір топ бар. Өкінішке қарай бұлар қазақ тілінің де, қазақтың да болашағы шамалы, тіпті жоқ деп ойлайды. Сол себепті қағынан жеріп, балаларын өзге тілді балабақша мен мектептерге беріп, баласының болашағын қазақтың елінен, тілінен емес, өгей елден, өзге тілден, жат жерден көреді. Міне, біздің қазіргі қасіретіміз де осы.

Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Тілдің міндеті — ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау.

Ахмет Байтұрсынұлы

Дұрыс, әлемдік даму үрдісінен қалмай өркениетке жету – бәріміздің басты арманымыз. Алайда сол биікке ана тіліміздің асыл қазынасын арқалап жетсек қандай ғанибет?!… Алайда құдайға құлшылық ету үшін арабша білу керек, ғылым-білімді игеру үшін тек ағылшынша, орысша, жалпы өзге тілдерді ғана білу керек деген соқыр сана бізге қайдан қалыптасты? Айналайын-ау, адамдарды ұлт пен ұлысқа бөліп, оған тіл берген Құдайдың өзі емес пе еді! Ендеше ол неге қазақша ұқпайды? Білім-ғылымды қазақша игеруге не кедергі? Сонда барлық ілім-білім өзге тілде ғана болса, қазақты да дәл солардай дара ұлт қылып жаратып, ордалы ел қылып, қазыналы тіл беріп, оны Ана тілім дегізген Құдай қателесті ме?! Дәл осы жерде ғаламның ғажайыптарын ұқтырып, өркениетке жеткізер технологияны үйретер қазақша кітаптар жоқ, маман жетіспейді деп өтірік уәж айтып, шулап шыға келудің еш реті жоқ. Біз қазақша сөйлеспесек, көрген-білгенімізді қазақша хатқа жазып қалдырмасақ, баланың тілін ана тілінде сындырмасақ, оған қазақ тілін үйретпесек, оның ой-санасын қазақша қалыптастыра алмасақ бізге қажет ғылым-білімді қазақша үйрететін кітап пен білім-ғылым аспаннан түсе ме, жерден шыға ма? Өркениетті пәленше деген елдегі әлен деген ғұламаның бәлен деген кітабы бар немесе түген деген ғалымы бірдеңе деген технология ойлап тауыпты деп түк пайдасы жоқ өтірік-шынды көпіріп отырмай (бұл да бір қасірет), болашақ ұрпақтың алдындағы бір парызымыз ретінде, ең болмаса, соларды өзіміз қазақшалауға болмай ма? Аударма саласындағы айтулы мамандар осыны мықтап қолға алса, оны ел болып қолдаса қазақ тілінің шұрайы кез келген аударманың шырайын кіргізетініне еш шүбәм жоқ. Бірақ бұған да «болмайды» мен «жоқ-жоққа» еті өліп кеткен сүйексіңді әдетіміз мойын бұрғызбайды. Мұны да мойындағанымыз абзал.


Қазақ жаман, қазақ жалқау деген жаттанды жаман сөзді де баланың құлағына құйып, санасын бұзып жаман және керенау тартқызып, көк жалқау қылып жүрген өзіміз. Иә, бұл біз кереметпіз деп құр мақтана берейік деген сөз емес, тек әрекетке байланған берекеттің бар екенін ұқтырмайтынымызды айтқым келеді. Бұл – біздің басты кемшілігіміз. Әйтпесе қазақ тілінің шұрайы кез келген ғылым мен білімнің шырайын кіргізуге жететініне еш күмән жоқ және осыны жас буынның санасына сіңіре білсек, ана тіліміздің алар асуы да, шығар биігі де, тұрар тұғыры да асқақ әрі нық болары анық. Тәуелсіздіктің шын тірегі де, елдің шын тілегі де ана тіліміздің асқақ айбыны екені сөзсіз. Бірақ осыны ұғатын уақыттың біразынан оңбай ұтылып қалған жоқпыз ба деген сумақай ой жылт еткенде түлкі бұлаң уақыттың жалт беріп, ештеңеге мойын бұрғызбайтыны жасырын емес. Қазақ үнінің жаршысы, тілінің жоқшысы болған Алаш қайраткерлерінің еңбектерін ақтарсақ, бүгінгі таңда біз бекер айтыс жасап жүрген талай мәселенің шешімі табылып, барлығының түйіні тарқатылған. Онда қазақтың тілі мен болашағына қатысты түйткілді мәселелердің барлығы көтеріліп, орамды ой, өрелі өсиеттер айтылған. Басқа-басқа, дәл тілімізге келген істен гөрі сөзге үйір боп кеткен біздің айтып, талқылап жүргендеріміз солардың бір пұшпағы ғана. Сондықтан әлі күнге дейін қазақ тіліне қатысты барлық мәселеде өжеттік танытып, өткір шешім шығарғанның орнына, итіс-тартысқа салып, «аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешіп жүрміз. Біз баспасөзде, әлеуметтік желіде, кез келген ақпарат құралдарында қызыл кеңірдектесіп тек салдарды талқылап жүргендіктен, жоғарыда айтылған мәселелердің түйінін тарқатып, шешімін тауып, нақты іске көшетін уақыттан да көп ұтылып қалдық. Осы қалпымызбен зар илеп, запар шегіп, өзара мұңымызды шағып отыра берсек әлі қанша уақыт жоғалтарымызды Құдай білсін… Олай деуімізге сіз бен бізге аян жүз себеп бар…
Мемлекеттік тіл туралы заң бар, іс-қағаздарын қазақша жүргізу үшін шығарылған қаулы-қарар да аз емес. Ана тілге қатысты мәселені сала мамандары ғана емес, аузы дуалы атқамінерлер де тереңнен қаузап, қолдан келгенше қозғап жатады. Бірақ неге іске келгенде табанымыздан тартып тобан аяқтанып қаламыз? Неге елдігіміздің тірегі болған ана тіліміздің туын тіктеп, тұғырын нықтауға енжарлық танытамыз? Басқасын айтпағанда, неге қазақ тіліне қырын қарайтын қазақ көбейді?… Таусылмайтын негелер тізегі… Сонда сан ғасыр бойы зарығып жеткен тәуелсіздігімізді алып, бөркімізді аспанға атқан шақта ертең отар тілде ойлап, орысша сөйлеп, ағылшынша сайрап ата тегімізден ажыраймыз деп қуандық па?! Әрине, жоқ!

Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғандығынан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.

Ахмет Байтұрсынұлы

Ендеше ғаламдану үрдісі қарқынды жүріп жатқан тұрлаусыз уақыттың жетегінде жұтылып кетпей, болашақта төрт құбыласы түгел Қазақ елі болып қалу үшін әуелі ана тілдің айбынын асырып, орта деңгейінде қалдырмай, шын мәніндегі орда тілі дәрежесіне жеткізу, бүтін тіліміз бен бүкіл ділімізді болашақ ұрпаққа бүлдірмей жеткізу – біздің басты парызымыз. Бұл мәселе төңірегінде әрқайсысымыз әрдайым ойлануға тиістіміз.
Бітпеген немесе бітіре алмаған, бітіргіміз келмеген шаруаның бәрін уақыттың еншісіне қалдыра беретін мәймөңке мінезден арылып, мезгіл мекенінен еншімізді алатын сәтті жіберіп алмайық!

Жанбота Сұлтанмұратқызы