Ұлттық құрылтай – ел болашағына бағытталған маңызды басқосу

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтай – елдің рухани, әлеуметтік және білім саласындағы өзекті мәселелері ашық талқыланған маңызды алаң болды деп есептеймін. Ауыл мұғалімі ретінде бұл жиында көтерілген бастамалар мен ойлар біз үшін аса құнды.
Ең алдымен, құрылтайда білім сапасын арттыру, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту, мұғалім мәртебесін көтеру мәселелерінің қозғалғаны қуантады. Ауылдағы ұстаз тек білім беруші ғана емес, ол – тәрбиеші, бағыт беруші, кейде тіпті психолог. Сондықтан мұғалімнің еңбегі әрдайым қолдауға лайық. Құрылтайда осы жайттардың назардан тыс қалмауы – мемлекет тарапынан ұстаздарға көрсетілген сенім деп білемін.
Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды сақтау, ана тіліміздің мәртебесін нығайту, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухты сіңіру мәселелері де кеңінен айтылды. Бұл – ауыл мектебі үшін ерекше маңызды. Себебі ауыл баласы ұлттық салт-дәстүрге жақын өседі, ал мектеп сол құндылықтарды біліммен ұштастырып, саналы азамат қалыптастыруы тиіс. Құрылтайда айтылған әлеуметтік әділдік, жастарды қолдау, ауылды дамыту туралы ойлар да көңілге қонымды. Ауылда сапалы білім мен тәрбие болса, елдің ертеңі де нық болады. Сол себепті құрылтайда көтерілген ұсыныстардың нақты іске асуына ауыл ұстаздары үлкен үміт артады.

Ұстаз ретінде бұл бастамаларды қолдай отырып, өз еңбегімізбен ел дамуына үлес қоса беруге дайынбыз.

Бахыт Арыстанбек, ұстаз
Талғар ауданы