Қазақ халқының ұлттық және рухани құдылықтар турасындағы танымы мен сенімі ерекше. Ұлттық құндылықтарды қадірлеп, қастерлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізсе, діннің адам мен қоғам арасын жалғастырушы, жарастырушы және үйлестіруші қасиетін жете түсініп, оны жан мен тән тазалығын сақтайтын, парасат тағылымдарын демеуші, адамға үлгі-өнеге беретін, пейілге мейірім ұялататын рухани күш ретінде бағалаған.
Ұлттық құндылықтар – олардың тарихи өзіндік ерекшелігі Отан, тіл, тарих, өнер, әдебиет және тағы басқалар сияқты көрініс тапқан қандай да бір этностық қауымдастық өкілдерінің рухани идеалдарының жиынтығы.
Әр ұлттың дүниетанымы, ойлау түрі, темпераменті, ұлттық санасы және т. б. белгілі бір жолмен үйлеседі. Жалпыадамзаттық құндылықтар ұлттық құндылықтарға да тән орнықтылық және тұрақтылықпен сипатталады. Ұлтқа және жеке тұлғаға қатысты менталитет бастапқыда әдеттегі-эмоционалды түрге ие болды деп айтуға болады, тек экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуға негізделген құндылықтардың пайда болуымен ғана ол көп қырлы дүниетанымдық сипатқа ие болады. Ұлттық менталитет адамның рухани және материалдық құндылықтарын тарихи іріктеу нәтижесінде қоршаған әлемге қарым-қатынас жүйесінде көрініс табады.
Ал рухани адамгершік тәрбие – белгілі бір мақсатқа қол жеткізе білетін мақсатты, жүйелі, ұлттық көзқарасты, сенімді, парасатты, мінез- құлықтағы адами тәртіп пен рухани дағдыны қалыптастыратын жалпы азамзаттық тәрбиенің құрамдас бөлігі. Адамгершілік тәрбиенің бүкіл жүйесі гуманистік мазмұнға толы, рухани негізде жеке адамның жан- жақты дамып жетілуіне бағытталған.
Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп. Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Иман-қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым.
Халқымызда «Жиғаныңа сенбе – иманыңа сен»; «Иманды адам – арлы адам, Имансыз адам – сорлы адам»; «Имандылық қастерлі қасиет»; «Имандылық – ізгілік негізі» деген секілді тұрақты сөз тіркестері мен мәтел сөздер жетерлік.
Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға қайта оралу және оларды кеңінен насихаттау арқылы біз бүгін жалған, жат діни ағымдарға тосқауыл қоя аламыз.
Ислам дінінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан халық, ең ақыры өз діні мен дәстүріне күмәндана қарайтын кездерге де жетті.
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген ата дінімізге бет бұрып, имандылық пен бірлікті ту етіп көтерейік. Бізді еліміз бен жеріміздің тыныштығы мен болашағы, тәуелсіздігіміздің баяндылығы мен халқымыздың ынтымағы, асыл дініміздің бірлігі мен көркеюі – әрқашан да ойландырады да толғандырады, сол үшін бәріміз «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» атсалысып, аянбай еңбек етейік.
Ақжол Асанов,
«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының» бөлім бастығы.