«Адал азамат» – ұлт болашағының іргетасы

«Адал азамат» – ұлт болашағының іргетасы

Адам өміріндегі ең үлкен бақыт — ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Бар жақсылығын баларына көрсетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі, саналы болып есеюіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің де болашағы жарқын болмақ. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты отырысында сөйлеген сөзінде Абай мұрасына сүйене отырып, «Адал азамат» тұжырымдамасының маңызын айрықша атап өтті. «Президентіміздің «Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек»деген сөзі барша білім саласы өкілдеріне ортақ қағида болуға тиіс. Ұрпаққа берілетін білімнің мазмұны мен тәрбиенің бағыты бір арнада тоғысқанда ғана біз саналы да салиқалы тұлғаны қалыптастыра аламыз. Адалдық – қай заманда да адам баласының ең асыл қасиеті болған. Сондықтан біз жас ұрпаққа тек білім ғана беріп қоймай, ойына парасат, бойына ізгілік дарытуымыз керек.

Талғар ауданында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары арасында тәжірибе алмасуға бағытталған мазмұнды семинар өтті. Іс-шараның басты мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың бойында «Адал азамат» құндылықтарын қалыптастыру, сондай-ақ тәрбие-білім беру процесіне инновациялық және практикалық технологияларды енгізу арқылы педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру болды. Семинарға Талғар аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, Талғар қаласындағы жеке балабақшалардың әдіскерлері мен тәрбиешілері, сондай-ақ №2 «Бөбек» балабақшасының педагогтері қатысты. Семинардың алғашқы сөзін Талғар аудандық білім бөлімінің бас маманы Гүлім Қайратқызы алып, «Адал азамат» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы мазмұнды баяндама жасады. Презентация барысында бағдарламаның негізгі бағыттары, оның мектепке дейінгі ұйымдарда іске асырылу тетіктері және күтілетін нәтижелері жан-жақты талқыланды.

Балабақша меңгерушісі Ермаганбетова Мейрамкүл Сағынжанқызы өз сөзінде жас ұрпақты адалдыққа, жауапкершілікке, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге баулудың маңызын атап өтті. Ол мектепке дейінгі кезең – тұлғаның іргетасы қаланатын аса жауапты шақ екенін ерекше жеткізді.

Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің алтын арқауы

Семинар аясында ұйымдастырылған ашық іс-әрекеттер қатысушылардың қызығушылығын тудырды. «Еркем-Ай» мектепалды тобының тәрбиешісі, педагог-модератор Самал Қанапияқызы Күнбасова «Мұражайға саяхат» атты ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін көрсетті. Шараның мақсаты – балалардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру, тарихи мұраларға қызығушылығын ояту. Балалар ұлттық бұйымдармен танысып, олардың шығу тарихы мен маңызы туралы мағлұмат алды. Ал «Күншуақ» ересек тобында тәрбиеші, педагог-сарапшы Ғалия Сейтқалиқызы Актанова «Асқар – аспанның кішкентай ұшқыштары» атты іс-әрекет арқылы адалдық, ерлік, жауапкершілік қасиеттерін дамытуға бағытталған жұмысын ұсынды. Балалар ойын арқылы батылдық пен Отанға деген сүйіспеншілікті сезінуге мүмкіндік алды.

Отбасы мен тіл тәрбиесі – адалдықтың бастауы

«Гүлдер» старшая тобында тәрбиеші, педагог-модератор Ирина Юрьевна Мисирова «Моя семья» атты ашық іс-әрекет өткізді. Сабақ барысында отбасы құндылықтары, ата-анаға деген құрмет, адалдық пен сыйластық ұғымдары кеңінен қамтылды. Балалар өз отбасы туралы әңгімелеп, жанұядағы жылылық пен сенімнің маңызын түсінді. Табиғатты аялау бағыты бойынша «Көбелек» мектепалды тобында тәрбиеші, педагог-модератор Ирина Олеговна Луковенкова «Юные друзья природы» атты іс-әрекет ұйымдастырды. Балалар табиғатқа қамқор болу, қоршаған ортаны қорғау секілді маңызды құндылықтарды меңгерді. Тіл мәдениетін дамыту мақсатында «Балдырған» ортаңғы тобында музыка жетекшісі, педагог-модератор Шахизада Сәкенқызы Отунчи «Дыбыстар әлеміне саяхат» атты қызықты сабақ өткізді. Музыкалық аспаптар арқылы балалардың есту қабілеті мен өнерге деген қызығушылығы арттырылды.Ал педагог-логопед, педагог-модератор Ксения Фаритовна Сабиржанова «Язык — ключ к дружбе» атты ұйымдастырылған іс-әрекет арқылы мейірімді сөздердің достық орнатудағы рөлін көрсетті. Балалар жағымды қарым-қатынастың, сыпайы сөйлеудің маңызын тәжірибе арқылы ұғынды.

Педагогтердің кәсіби дамуы – басты міндет

Семинар аясында педагог-психолог Жұмаш Латипа тренинг өткізіп, педагогтердің кәсіби күйзелісінің алдын алу, өзара ынтымақтастықты нығайту бағытында тиімді жаттығулар ұйымдастырды. Қатысушылар белсенділік танытып, тәжірибе алмасу алаңында өз ой-пікірлерімен бөлісті. Іс-шара соңында кері байланыс ұйымдастырылып, семинарға қатысушы педагогтер өз әсерлерін ортаға салды. Олар ұсынылған тәжірибелердің практикалық маңызы зор екенін атап өтті. «Адал азамат» құндылықтарын бала бойына сіңіру – балабақшадан басталатын ұзақ әрі жүйелі жұмыс. Бұл бағытта өткізілген семинар педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, ортақ мақсат жолында бірігуге мүмкіндік берді. Өйткені адалдық, жауапкершілік, мейірімділік пен отансүйгіштік секілді қасиеттер ерте жастан қалыптасқанда ғана қоғамда әділетті, саналы, рухани бай ұрпақ өсіп шығады. Ал мұндай игі істің бастауында – білімді де білікті педагог тұр.

Г.Тұрсынқожа