Талғар ауданының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Д.Батталгазиевпен сұхбат
– Даулет Алтанұлы есептен шығару куәлігі дегеніміз не және ол қандай жағдайда беріледі?
– Есептен шығару куәлігі – сайлаушының дауыс беру күні өзінің тіркелген сайлау учаскесінде болмайтын жағдайда, басқа жерде дауыс беруіне мүмкіндік беретін құжат. Бұл куәлік сайлаушылар тізімі жалпыға танысу үшін ұсынылған кезден бастап, сайлау күніне дейін, сайлаушының уақытша болатын жері өзгерген жағдайда, оның жеке өтініші негізінде беріледі.
– Есептен шығару куәліктерін беру тәртібі қалай жүзеге асады?
– Аудандық сайлау комиссиялары есептен шығару куәліктерін алдын ала бөліп, дауыс беру күніне дейін он алты күннен кешіктірмей учаскелік сайлау комиссияларына тапсырады. Сайлаушы өтініш берген кезде комиссия мүшесі сайлаушылар тізіміндегі «ескертпе» бағанына куәліктің берілгені туралы белгі қойып, оның бес таңбалы сериялық нөмірін, берілген күнін жазып, қол қояды. Өтініштің өзі сайлаушылар тізіміне қоса тіркеледі және азаматты тиісті учаскедегі тізімнен шығаруға негіз болады.
– Қандай жағдайда есептен шығару куәлігі берілмейді?
– Егер азамат басқа сайлау округінде немесе сол елді мекеннің ішіндегі өзге сайлау учаскесінде дауыс бергісі келсе, оған есептен шығару куәлігі берілмейді. Сондай-ақ жоғалған куәліктер қалпына келтірілмейді және олардың дубликаттары берілмейді.
– Дауыс беру күні есептен шығару куәлігін пайдалану тәртібі қандай?
– Сайлаушы дауыс беру күні өзімен бірге есептен шығару куәлігін алып келіп, көрсетеді. Сол кезде учаскелік сайлау комиссиясы оны нақты болатын жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізеді. Есептен шығару куәлігі негізінде тізімге енгізілген азамат тек қағаз бюллетень арқылы дауыс береді.
– Есептен шығару куәліктерін беру қашан тоқтатылады?
– Бұл құжаттарды беру дауыс беру күнінің алдындағы жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де тоқтатылады. Сондықтан азаматтар өтінішті алдын ала беріп, уақытты өткізіп алмауы қажет.
– Сайлаушыларға айтар тілегіңіз?
– Сайлау – әр азаматтың конституциялық құқығы әрі жауапкершілігі. Өз таңдауыңызды жасап, ел болашағына бейжай қарамай, белсенділік танытуға шақырамын. Барлық рәсімдер заң талаптарына сай, ашық әрі әділ түрде ұйымдастырылды.
Сұхбатыңызға рахмет!

