Мектептегі буллинг үшін ата-анаға айыппұл салынады – мөлшері жарияланды

Мектептегі буллинг үшін ата-анаға айыппұл салынады – мөлшері жарияланды

Оқу-ағарту министрлігі мектептегі буллинг үшін салынатын айыппұлдың көлемін жариялады

Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама «шағым → талдау → көмек жоспары → қадағалау үлгісі» тәртібі бойынша жұмыс істейді. Соның аясында арнайы антибуллингтік топтар мен кейінгі бақылау шаралары да қолданылады.

«Балаларға психологиялық қолдау көрсететін 20 орталық өз жұмысын жалғастыруда. Бұл орталықтар буллинг, зорлық-зомбылық және дағдарыс жағдайларына байланысты балаларға, ата-аналарға және педагогтерге көмек көрсетеді. Кеңес беру және шұғыл көмек тәулік бойы қолжетімді», – дейді министрлік мамандары.

Қазіргі кезде «111» байланыс орталығының QR-кодтары барлық мектепке орналастырылды. Балалар өз құқықтарының бұзылғаны жайында анонимді әрі жедел хабарлай алады. Арыз-шағым тәулік бойы қабылданады.

Буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік те белгіленген. Айыппұлдың көлемі – 10 АЕК (2025 жылы – 39 320 теңге), ал осы әрекет қайталанған жағдайда – 30 АЕК-ке (2025 жылы – 117 960 теңгеге) дейін артады.

Бұдан бөлек, қоғамдық көліктен балаларды түсіруге тыйым салынды. Бұдан былай, 16 жасқа дейінгі балаларды ересектерсіз мәжбүрлеп түсіріп кетуге болмайды. Ол үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.