ҚҰЛАҚҚАП, ТЕЛЕФОН, КАПЮШОН….

ҚҰЛАҚҚАП, ТЕЛЕФОН, КАПЮШОН….

Адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін аузымыздан тастамай үнемі айтамыз. Десек те соңғы кезде күрт артып кеткен жол-көлік оқиғаларынан қаншама адам зардап шегіп, арты орны толмас оқиғаға да ұласуда.  Жү­генсіз жүргізушілердің жол қа­уіп­­сіздігі мен жолда жүру мәдениетін сақтамауы, жылдам­дық­ты шамадан тыс асырып, қар­сы бетке шығып кетуі, масаң күйде және ұялы телефоннан көз алмай көлік жүргізуі жол апатының азаймауына себеп болып отыр. Жазатайым жағдайлардың орын алуына тек көлік тізгіндеген азаматтар ғана емес кінәлі жаяу жүргіншілер де кездеседі. Оның ішінде балалар да бар. Құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындардың басым бөлігі белгіленген жолақтан өтпей жолды кез келген жерден кесіп өтеді екен. Жолдың қауіпсіздігін емес өзінің ыңғайлылығын басты орынға қояды. Белгіленген ережені сақтамау әсіресе мектеп жасындағы балаларға өте қауіпті. Жолдың қалыпты қозғалысы көбінесе балалардың жол бойында қалай болса солай жүріп, доп қуалайтыны, қалтарыстан жолға шыға келетіні, велосипедпен, мопедтен, скутермен ойқастап жүруі салдарынан бұзылады. Мұның бәрі мектеп жасындағы жеткіншектердің жол ережесі туралы білімдерінің аздығын білдіреді.

Бұл мәселені шешудің негізгі жолы – жол қозғалысы ережелеріне дұрыс дайындау және үйрету. Жалпы жол қауіпсіздігі тура­лы айтқанда, біз нені бақы­лай аламыз, нені бақылай алмайтынымыздан бастауымыз керек. Қыркүйектен басталатын жаңа оқу жылы  жолда екі есе сақ болуды талап етеді. Себебі мектеп оқушылары, әсіресе бастауыш сыныпта оқитындар көшеде қалай жүруді толық білмейді.балалар жол қозғалысына қатысушылардың ең осал тобына жататындықтан олардың жол белгілеріне, ережесіне немқұрайлы қарауларына негіз жоқ. Оқыс оқиғалар көп жаңдайда кешкілік уақытта орын алып жататындықтан осындай сәттерде абай болған жөн.

Балаларды жол ережесін оқуға мәжбүрлеу де қиын, тіпті ата-аналардың өзі жол ережесін дұрыс түсіндірмейді. Бұл бәрімізге ортақ мәселе болғандықтан білуге тиіс деген басты ережелерді топтастырып ұсынып отырмыз.

ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖҮРУГЕ БОЛАДЫ?

Қалада жаяу жүргіншілер тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүру керек. Жақын маңда тротуар болмаса, велосипед жолымен жүру қажет. Мұндай жағдайда барынша жол шетімен жүріп, велосипед немесе самокаттан абай болған жөн. Егер көшеде тротуар болмаса, жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.

Қай жерде жүруге болмайды?

Жаяу жүргіншілердің жүруіне тыйым салатын белгі (ақ-қызыл фонды шеңберде жүріп бара жатқан адамды қиғаш сызған) тұрған жерде жүруге болмайды. Веложол және веложолақпен де еркін қозғала алмайсыз. Сондай-ақ жаяу жүргінші автомобиль жолына шықпауы қажет.

Жолдан қай жерден өтуге болады?

Ең қауіпсізі — бағдаршам бар қиылыстан өту. Егер жақын жерде бағдаршам болмаса, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі деп аталатын «зебрамен» жүрген жөн. Егер бағдаршам немесе жаяу жүргіншілер өткелі жоқ болып, жолды тек кесіп өтуге тура келсе, қауіпсіздікке баса мән бере отырып, тіке (90 градус) өту қажет. Жолдың екі жағы да анық көрінетін тұстан өткен абзал. Ірі қалаларда жаяу жүргіншілер көпірі және жерасты өткелі болады. Олар бәрінен қауіпсіз, жолдан өткенде ерінбей осылармен жүрген дұрыс.

Жолдан қалай өту қажет?

Автомобиль екі бағытта жүретін жолдан өтердегі басты ереже мынау: жолға шығар алдында солға қарап, қауіпсіз екеніне көз жеткізіңіз, ал жол ортасына жеткенде оң жаққа қарау қажет. Көшені қай жерден кесіп өтсеңіз де, осы ережені естен шығармаңыз.

Ал үлкен даңғыл немесе бір жақты көшеден өтерде автобус немесе веложол бар-жоғына мән беру керек. Егер бар болса, жолға шығарда екі жаққа да қарап, келе жатқан көлік жоқ екеніне көз жеткізіңіз!

Егер бала велосипед немесе самокат мініп жүрсе, жолдан өтерде одан түсу (түсіру) керек.

Бағдаршамға бағын!

Реттелетін қиылыстан өтерде әркім бағдаршамға бағынуға тиіс. Жасыл жанғанда жүріп, қызыл жанғанда тоқтайды. Бірақ жасыл жанды екен деп жолға жүгіріп шығуға болмайды. Алдымен екі бағыттағы машиналардың тоқтағанына көз жеткізіңіз.

Жол қозғалысын реттеуші әрекетін біл!

Қалада бағдаршам үнемі жұмыс істеп тұрмайды. Кейде оларды жол қозғалысын реттейтін полицей ауыстырады. Олар қиылыста тұрып, қызыл таяқшамен қайда жүру керек екенін көрсетеді.  Егер жол реттеуші сізге қарап тұрса немесе оның арқа тұсында тұрсаңыз, жүрмейсіз. Ал бүйір жағында тұрсаңыз, жүруге болады. Таяқ ұстаған қолын алға созып тұрса, полицейдің арт жағынан ғана өте аласыз.

Сондай-ақ тұрған автомобиль немесе басқа кедергінің тасасынан жолға бірден шығуға болмайды. Алдымен жолға қарап, қауіпсіз екеніне көз жеткізген соң ғана жүру керек.

Құлаққап, капюшон және қара киім

ҚР жол ережесінде құлаққап тағуға және капюшон немесе қара киім киюге тыйым салынбаған. Бірақ бұлар жолда қауіпті болуы мүмкін.

Капюшон жаяу жүргіншінің жолды көру бұрышын тарылтады, сол үшін жолға жақындағанда оны шешу қажет. Құлаққап туралы да осыны айтуға болады. Жұртқа мүлде құлаққап тақпа деу қиын, бірақ жолдан өтерде оны алып, жан-жаққа назар аударған абзал.

Ал қара киім түнде, әсіресе қараңғы көшелерде қауіпті болады. Үстіне тұтас қара киім киген адамды жүргізушілер көрмей қалуы мүмкін. Егер қара киім кисеңіз, жарыққа шағылысатын элемент таққан дұрыс болады. Жолдан өтерде смартфон жарығын жағуға болады, бірақ ол мәселені толық шешпейді, жолда аса сақ болу керек.

Көлікті адам басқарып отырғанымен темірдің аты темір. Қажет кезде тежегіші істен шығып, рөлде отырған адам игере алмай, оқыс оқиғаға тап болуы әбден мүмкін. Сондықтан балалар жолдан өтерде абай болғаны абзал. Көшеде болатын қауіпті жағдайдан сақтандыру, жол жүру ережелерін үйрету – әрбір ата-ана мен ұстаздың тұрақты, үздіксіз жұмысы деп білген жөн.