БҮГІНІҢ БҮКТЕТУЛІ ӨТСЕ, КЕЛЕШЕГІҢ КЕСПІРСІЗ

БҮГІНІҢ БҮКТЕТУЛІ ӨТСЕ,  КЕЛЕШЕГІҢ КЕСПІРСІЗ

Бәрінің бұлақ бастауы бір.

Адам да солай.

Қысқа тіршілікте адам баласының үмітке толы өміріне нәр беріп тұратын үш қана күретамыры бар десек қателеспейміз. Ол күрематырлар: Кеше, Бүгін және Болашақ.

Бұл үшеуі бірігіп тарихты құрайды. Тарих ешкімнің еншісі болмаса да  бірде-бір басы жұмыр пенде тарихқа немкетті қарай алмайды. Бүгінгі болып жатқан жаңалықтар да ертеңгі күні тарихқа айналатыны сондықтан. Тарихи дамудың қатал талқысында  қазақи болмысты  сақтап қалудың, келер күндерді төл қадір-қасиетіңмен қарсы алудың  бірден-бір кепілі қоғамды тәрбиелеу екенін жете түсінген сәт келгенін өмір өзі дәлелдеп жатыр, дәлелдей де бермек.

Бүгінгі  сөз азаттығы да, ой азаттығы да шектелген қоғамда  адамның рөлін ойнауға барынша тырысып жүрген жандар осы мәселе жөнінде ойланар ма екен бір сәт дейсің кейде.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдар ғасырлар тоғысқан, жаңа мыңжылдықтар орын алмастырған, заманалар ауысқан кезеңге дөп келді. Ауылдан көшіп – қалаға, қағаз бен қаламнан көшіп – компьютерге етене ене бастаған жұрт әлі де табалдырығынан  енген жаңа әлемге бой үйрете алмай, тіршілік толқынымен ілесіп кете барды…  Құлықсыз нарықтық экономика ұлттық құндылық пен халықтық қазына,  ұлттық рух пен салт-сана, дін мен тіл деген қасиеттерді көлеңкеде қалдыра берді. Адам баласының сырт сыны сүрленіп, күнделікті нәпақасын табуға жұтылған сайын  тұлғалық тереңдік пен табиғи тепе-теңдік «үйлесім» тізбегінен үзіліп бара жатқаны ащы да болса шындыққа айналды.  Бұл әрекет көптің ертеңі, өзінің, өзгенің баласы көрер күні, атар таңы қандай болар екен деп болжалды біржолата жоқ қылады, бүгінің бүктетілумен өтсе-дағы, келешегің де кеспірсіз кейіпке ие деген ойды ақиқатқа біртіндеп айналдыра береді ….айналдыра береді.  Өзін-өзі алдаумен өткен ғұмыр иесі, терепішті тағдыр иесі ел-жұрт, болашақ жайлы, оның іішінде ұлттың бар айшықты болмысы – АНА ТІЛІ жайлы қайдан ойлансын…

Бір ауыз өтіріктің адам тағдырын қалай өзгертетінін бейнелейтін Дулат ағаның «Сүйекші» повестінің санаға салар салмағы тым ауыр-ақ. Тұңғыш, Аманат, Кеңкелес, Диуана, Үндемес секілді есімдерді арқалаған адамның тағдыры – адамгершіліктің азаюы, адамзаттың азғындауына байланысты екенін еріксіз мойындайсың. Шындықты шырқырамай-ақ шымбайыңа батырып жеткізе салған жазушының шеберлігіне қайран қаласың. Мына бір үзіндісінен-ақ, арғы бергі дүниені бірақ ақтара салғанын байқауға болар.

«Адам тозаққа да үйренеді» деген рас екен-ау, әйтпесе қорымды қимау, қорымға бауыр басып, оның сұп-суық сұсты бейнесі көзге ыстық көрінуі деген – ойға оғаш, құлаққа жат нәрсе ғой. Бұл қабірлердің көбісін өзі қазған, оған бәрі таныс. Кім ақымда, кім лақытта жатыр, — өзгені ұмытса да, бұл есінде, тіпті қай молада жатқан марқұмның артында қалған жанашыры берем деген уәдесін жұтып, ақырет парызын аттап кетті – ол да жадында…». Сүйекшінің кеудесінде кір-қоқыссыз, таза өмір сүремін, еш нәрсеге қарамастан бақытты өмір сүремін деген ниетке қадалып тұрған зәкір жоқ екенін көріп қалай қапаланбайсың…

Шіркін-ай дейсің.

Барынша дендеп бара жатқан  рухани мәңгүрттікке  қарсы күресудің амалы қайсы деген сұрақ жүрегінде иманы бар қай азаматты мазалп жатыр екен деген үмітке толы сұрақ тауады кеудеңде.

Технократтық даму ұлттық  атаулының бәрін кеміріп, жалмап, обып, құртып бара жатқаны мынау. Ішіңнен шыққан балаңа «біз осындай болып едік» деп  нандыра алмайсың. Ал, өзіндік қасиеттен айрылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениетін, тілін, болмысын сақтап қалған ұрпақ қана. Өткеннің асылдары болашақ ұрпақтың жан-жүрегін жылытуы үшін қол жалғап жіберетін бірден-бір өажет тұлға – үйдегі АТА-АНА емес пе?

Тәрбие басы – тал бесік. Баланың бас ұстазы  – ата-ана десек  олар неге бейқам, неге немқұрайлы.

Адам өмірінде ең маңызды орын алатын рухани байлық пен материалдық қажеттіліктің бағасын таразыға тең қойса, қайсысы басым түсетінін  бір таразыласа – сол ата-ана  нақтылауы керек еді.

Қоғамның бұзылуы мен түзелуінде ең негізгі рөл атқаратындар  – ата-аналар. Бүгінгі қоғамдағы жағдай – кешегі ата-ананың жемісі. Сондай-ақ бүгінгі ата-ананың тәрбиедегі еңбегі – ертеңгі жаңа қоғамның көрінісі. Атам қазақты «не ексең соны орасың» деуіндегі сыр осында жатыр. Ата-ана – жаңа ұрпақтың ұстазы мен бағбаны болғандықтан «ата-ана» деген ұғымның қадірін арттырып,  олардың саналы, салиқалы болуы жолында   толымды нәтижелер көрсетсе, тіліміз де өз тұғырына отырар еді.  Халықтың ғасырлар бойы қатталған ұлттық  мұрасын ұрпақ игілігіне айналдыру, қазақы отбасы үлгісін заман ағымына сай бейімдеп, жаңартып ұсыну мәселесіне келгенде керітартпалыққа салынбасақ, ұтарымыз көп болар еді…

Өз қанатың болмаса өзгенің қанатымен ұша алмайтынымызды қашан түсінер екенбіз….

Абай атамызға құлақ түрсек: «Баламды медресеге біл деп бердім, Шен алсын, шекпен алсын деп бермедім…» — деуі арқылы  адамның борышы шен — шекпен емес, тәрбие арқылы туған халқына қызмет ету дегенді меңзегенін ескеру қажет. Ендеше елдігімізді ерте қамдаймыз десек, «Бір жылын ойлаған күріш егеді, он жылын ойлаған ағаш егеді, ал жүз жылын ойлаған бала тәрбиелейді», деп айтылғандай, құрсақтан берілетін тәрбиенің орны бөлек екенін ескерген жөн. Сонда осы тәрбиемен бармақтай болса да берілген білімнің қоғам үшін өлшеусіз қазына болып оралатыны да сөзсіз.

 

 

М.Мәулет