Тазалық – өмір салтымыз

 

Елімізде экологиялық жағдайды жақсартуға, аумақтарды көгалдандыруға және табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Игі бастама аясында көшелер мен саябақтарды тазарту, ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар, еріктілер мен мемлекеттік қызметшілер қатысатын жаппай сенбіліктер ұйымдастырылуда. «Таза Қазақстан» акциясы қоршаған ортаны таза ұстап, жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға үндейтін игі дәстүрге айналды.

«Таза Қазақстан» акциясы Талғар ауданында да кең көлемде өткізілуде. Мемлекеттік қызметшілер, еріктілер мен жастар сенбіні күтпестен, бейсенбі күні Талғар ауданы Алатау ауылдық округіне қарасты Береке ауылындағы аумақты тазалау жұмыстарына белсенді қатысты. Бұл өңір табиғаты көркем, туристік маңызы зор аймақтардың бірі. Мұнда «Ақбұлақ» курорттық-туристік аймағы мен «Atletico Madrid» футбол академиясы орналасқан.

Экологиялық шараға 100 мемлекеттік қызметші, 100 ерікті мен студент жастар қатысып, белгіленген аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді. Аудан әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара дәстүрлі «Таза бейсенбі» акциясы аясында өтті. Жалпы көлемі шамамен 2 гектар аумақ тазартылып, қыс мезгілінен бері жиналған қоқыстар шығарылды.

Іс-шара барысында қатысушылар «Тазалық – өмір салтымыз!» деген ұранды бірге айтып, аудан әкімінің орынбасары Оразхан Қасқабаевтың ақжарма тілегінен кейін жұмысқа кірісті.

– Талғар ауданы – туристік аймақ. Мұндағы табиғаттың әсемдігін сақтап, оны келер ұрпаққа таза күйінде жеткізу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Біз экологиялық акцияларға үнемі қатысамыз. Негізгі мақсатымыз – ауданның тазалығын сақтау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу. Мұндай игі істер жас ұрпаққа үлгі болады деп сенемін, – деді Оразхан Қасқабаев.

Сенбілік жоғары көңіл күйде өтіп, нәтижесінде 20 тонна қоқыс шығарылды. Осындай тазалық шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.
Г.Тұрсынқожа