Бала тәрбиесі отбасынан басталады

Бала тәрбиесі ата-ана үшін күрделі де жауапты іс. Қай халық болсын ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қараған. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек деген ойшыл ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі…» демекші ұрпақ тәрбиесінде балаға білімнен бұрын тәрбие беру маңызды екенін дәлелдеген.

Адамгершілік негізі – имандылық пен ізеттілікте. Ол әрбір отбасынан басталады. Осыны жадында тұтқан қазақ халқы жастарды кішіпейілділікке, ізеттілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді бірінші міндет деп санаған. Халқымыз: «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді. Ата- ананың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы мен жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне әсері зор. Бүгінгі бәсекеге қабілетті талап еткен қоғамда жас ұрпақты сол қоғам мүддесіне сай, оның мұң-мұқтажын өтерлік, елін, жерін, халқын көзінің қарашығындай қорғайтын ұлтжанды, кісінің ала жібін аттамайтын иманды азамат етіп тәрбиелеуіміз қажет. Бүгінгі ұрпақ еліміздің болашағы. Біздің алға қойған мақсатымыз – қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты жарасымды тұлға өсіру. Ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, оның жан дүниесі де дұрыс қалыптасып жетіледі, яғни бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өседі. Бұл қасиеттердің бәрі адамның бойында бала кезінен бастап тұрақты қалыптаспақ. Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы жақсы мен жаманды, обал мен сауапты ажырата білуі өзін қоршаған ортасына, ата-анасына, құрбы-құрдастарына, олардың іс-әрекеттеріне және де басқа да қасиеттеріне байланысты.
Отбасында бала тәрбиесіне көңіл бөлмеуі Ата-анасынан ала алмаған жылулықты көшеден іздеген баланың тағдыры орны толмас өкініштерге соқтырып жатады. Ата-аналардың көпшілігі күн көрістің қамымен таңнан қара кешке дейін жұмыста болғандықтан, баласының тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыттары тапшы болып жатады. Ең бастысы бала-шағамыз қатарынан кем болмай, киімі бүтін, тамағы тоқ болса, қалтасында қымбат смартфоны болса болды деп, материалдық құндылықпен шектелудеміз. Сондай-ақ көптеген ата-аналар бала тәрбиесіне көңіл бөлмей, немқұрайлы қарап, барлық тәрбиені мектепке міндеттеп қояды. Бір әке-шешенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтыны айдан анық. Мектеп балаға білім беретін, болашақта бір мамандық иесі болып қалыптасуы үшін білімның іргетасын қалайтын оқу орны. Отбасында адал мен арамды білмей өскен бала, өскенде дінге қатысты көкейінде жүрген сұрақтың жауабын ата-анасынан ала алмағандықтан, көшедегі жат ағымның өкілінен сұрап, оның етегінен ұстап, оп-оңай соңынан кетеуі де мүмкін. Ертеңгі күні балаңыз теріс жолды таңдаса, «Неге менің балам ғана осылай болды?» деген өкініш өзегіңізді өртемесіне кім кепіл болмақ.
Әлеуметтік желінің ықпалы Ата-анадан жауабын ала алмаған бала, интернетке жүгінетіні сөзсіз. Интернет пен әлеуметтік желілердегі тыйым салынған уағызшылардың экстремистік сайттардың еркін қолжетімділігі де баланы жарға жығуға итермелейтін факторларының бірі болып тұр. Қазіргі таңда ұялы байланыссыз, интернетсіз жүрген баланы көрсек, таңырқайтын кезге тап болдық. Интернетте шетелдегі тыйым салынған псевдошейхтар мен еліміздегі заңсыз уағыз айтушылардың уағыздары бұрынғыға қарағанда біршама бәсеңсіді. Балалар сол интернетте жарияланған мәліметтерге, видеоларға сеніп, оларға лайк басып, пікір жазып, ақпараттармен бөлісіп отыруды үрдіске айналдырған. Сол мәліметтер мен видеолардың арасында жиһадқа шақыратын, билікке қарсы қоятын ақпараттар да жетерлік. Сондай ақпараттарды достарымен бөлісіп, от басып жатқандары қаншама. Ең бірінші мешіттен діни сауатын ашып, содан кейін зайырлы тәрбие беретін мектептерде білім алып, тарихи, дәстүрлі құндылықтарымызды, тұлғаларымыздың өмірін балаға өнеге етіп айтып, келеңсіздікке тап болмау үшін, балаға тәрбиемен қатар үйреткен дұрыс. Бала қолындағы смартфонмен сіздің қасыңызда болғанымен ой-санасы мен жан-дүниесі өзге жақта болып қалмасын.
Отбасындағы ұрыс-керістің балаға әсері Біздің бір әдетіміз балалармыз тілімізді алмай, көңілімізді қалдырса, «Анау өзің секілді Пәленшенің баласын қарашы, қандай ақылды», «Мына Түгеншенің ұлын қарашы, жазуы керемет, маржандай» — деп өзге балалармен салыстыра кетеміз. Жұрттың баласы шынымен де ақылды шығар. Бірақ ол біздің баламыз емес қой. Біздің баламыз алдымызда отыр. Және ең жаманы не екенін білесіз бе?! Мұндай сөздерді естіген балаңыз дәл қазір өзін ең ақылсыз, ең жаман балаға балап отыр. Бала санасында «мен жаманмын», «ата-анам маған разы емес», «мен нашармын», «мен төменмін», «мен ондай бола алмаймын» деген ойлар қалыптасып үлгерді. Сол секілді отбасындағы келіспеушілік пен ұрыс-керісті мейлінше баланың көзінше болмағаны дұрыс. Мысалға: «менің күйеуіме ондай болу қайда, жұрттың күйеуі алтын ғой», «менің әйелім сондай болса, шіркін…» деп баланың ойында ата-анасына деген дұрыс емес көзқарас қалыптастырмаңыз. Себебі, кемшілік пен қателік әр адамның басында бар. Тіпті, әрі-беріден соң сіздікі жаман екен деп ешкім сізге жақсы адамды әкеліп бермейді. Сондықтан сіздің отбасыңыз балаңыздың тәрбиесі сіздің айнаңыз. Балаңыз сіздің ұрпағыңыздың жалғасы, сізден алған тәрбиесін ертеңгі күні өз баласына береді.
Ертеде бір Құдай қосқан көршілер болыпты. Екеуі де бір ауылдың құрдас, замандастары екен. Балалары да бір мектепке барып, үйдің ауласында бірге ойнайды. Бірақ, әлгі көршілердің баласына әкесі үнемі балам: «Велосипедті ешкімге бермей өзің ойна. Олар бекерге сындырып тастайды. Балам мынаны ешкімге бермей жеп ал. Балам оларға есеп шығарып берме. Түскі асыңды өзің же,. қарның аш қалады. Олар өздері алып жесін. Ойыншықтарынды ешкімге берме» — деп ұрсады екен. Ал екіншісі көршінің әкесі ұлына: «Балам — мектепте тамақ сатып алсаң, достарыңа да бөліп бер. Кішкене болсада жесін. Саған қарап қызығып қалмасын. Ойыншықтарынды өзің ғана ойнай бергенше оларға да беріп, кезегімен ойнаңдар. Велосипедті бірге тебіндер», – деп екі үйдің отбасы балаларын екі түрлі тәрбелейді екен. Солай уақыттар зулап өтіп, екі үйдің бірге өскен балалары мектепті, содан соң оқу орнын бітіріп, өз алдарына бір әулеттің отағасына айналады. Әлгі, «Велосипедті бірге тебіндер» деп үйреткен әкенің баласы айналасына сіңімді, туыс-туғанына қайырымы мол, жомарт жігіт болады. Ал, әлгі «Ешкімге бермей өзің жеп ал», – деп тәрбиелеген әкенің баласы қара басының пайдасын ойлағыш, сараң болып өседі. Бала-біздің айнамыз. Бүгінгі бейнесі кешегі үйдегі тәрбиенің жемісі. Қорыта келе қоғамдағы жақсы жаман баланы, тіпті тұлғаны қолдан өзіміз жасаймыз. Сондықтан болашағының баянды болғанын қалаған ел ұрпағының ұлағатты болуына мүдделі болуы керек.

Битанов Жангелді Нұрғалиұлы
теолог