Жуырда Талғар аудандық мәдениет үйінде ақын, драматург, өмірінің жартысын журналистика саласына арнаған қарымды қаламгер Мұса Жанәділовті еске алуға арналған «Жырлары мінезіндей қарапайым» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Аталған шараны Талғар аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Ақынның шығармашылығын насихаттап, журналистік жолын жастарға үлгі ету мақсатында өткен шараға қаламгердің әріптес шәкірттері, өлең сүйер, өнер сүйер қауым жиналды.Кеште ұстаз ағасы туралы естен кетпес естеліктер айтқан ақын, Талғар ауданының құрметті азаматы Камнұр Тәлімұлы қаламгердің мінезін де жырларын да туған жерінің сұлу табиғатына теңеді. Жалындаған жас шағында отты жырларымен ойландыра білген Мұса атамызға «Кәдімгі қаламы төселіп қалған ақындардай-ақ өзінің ұтымды ой, жып-жылы сөздерімен қуантады бізді. Мұса жырлағалы отырған тақырыбын өзінің сезінуі арқалы өзінше ып-ықшамды ойлармен, теңеулермен жеткізе білуге ұмтылады» деп Мұқағали Мақатаевтың сәт сапар тілеген ыстық лебізін де еске салды. Сондай-ақ артынан ерген әр шәкіртіне әкенсіндей қамқор, шын досындай сырлас бола білгенін, ұстазының қарапайым, кісілігі мен кішілігі жарасым тапқан мінез-құлқын да тілге тиек етті. Кеш барысында Талғар аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Айдос Балғабек, Ермек Рахымбай, Бақыт Қуандық сынды әншілер ақынның сөзіне жазылған «Ақ тілек», «Кегенімді сағындым», «Талғардың сұлу қыздары», «Ерке қыз» сынды жұрт сүйіп тыңдайтын әндер шырқалды. Талғар қалалық политехникалық және жоғары медициналық колледжінің студенттері «Мен туғанда», «Табиғат та адам», «Қызғанамын», «Жұмбақ әлем», «Білмей тұрсаң» сынды жырлар жатқа оқып, ақынның жан дүниесіндегі бұлқынысты жеткізе білді.
Аудандық орталық кітапхананың қызметкері Сәуле Кәрібозова қаламгердің кітаптарынан және өлеңі енгізілген басқа да жыр жинақтардан тұратын кітап көрмесін таныстырды. Талғар, Райымбек, Кеген аудандарының «Құрметті азаматы», Қазақстан Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағының мүшесі болған М. Жанәділов жауһар жырлар, том-том кітаптар жазып, туған еліне өлмес мұра қалдырып кетті. «Көктем тынысы», «Шыңдар», «Кегенім менің өлеңім», «Жүрек лүпілі» сынды жыр жинақтары, «Шопан ауылының шырайы», «Түлеген өңір» атты проза жанрдағы кітаптары да жарық көрді. «Арманым сізге аманат», «Ереуіл төбе ерлері», «Тойланбаған той» атты драмалық шығармалары сахналанып, халықтың ыстық ықыласына бөленген.
Алматы облысының Нарынқол ауданында 1941 жылдың 25 мамырында дүниеге келген М. Жанәділов көзі тірі болса, бүгінгі күні 83 жасқа толар еді.
Аталған шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Талғар аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Перизат Нұрқаева: «Мені де алғаш журналистика саласына келгенімде сары уыз балапандай баулып, осы саланың қыр-сырына қанықтырған Мұса атам болатын. Студент кезімнен бастап, «Талғар» газетінде еңбек еткен он сегіз жылда фототілшіден бастап газеттің бас редакторы қызметіне дейін көтеріліп, абыройлы еңбек етуіме Мұса атамыздың да қосқан үлесі зор екенін айтқым келеді. Осындай қарымды қаламгердің, ақын, драматургтың шекпенінен шыққанымды мақтан етемін. Атамыздың қасиетті Талғар топырағына келіп жинақтаған «Мен келгенде Талғарда күз болатын» және «Түлеп ұшты жүректен жыр құстарым» кітаптарының жарыққа шығуына аз да болса үлес қосқанымды мәртебе санаймын. Мұса атамыз өмірден өткенше біздерге ақылын айтып, кеңесін беріп, кемшілігімізді түзеп отыратын еді. Еңбек ардагерінің жастарға берер тәлімі мол болды. Осындайда атамыздың көзі тірісіндегі адамдық асыл қасиеттері мен бауырмалдық адал пейілі жанарымыздың ауқымында аунақшып тұрады. Қара жерге қимағанымызбен, амал қанша!» – деп сағынышпен еске алды.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, туған еліне өлмес мұра қалдырған қаламгердің ойлы да, отты жырлары жас ұрпақтың санасына сәуле болып құйылып тұрары сөзсіз!
Зорагүл Әбдіқадір