Маусымның 8-і күні ауданымыздың спорт жанашырлары келелі кеңес өткізіп, «Талғар аудандық күрес федерациясының» құрылғанын ресми түрде жариялады. Шара басталмас бұрын аудан әкімі Таңат Айдарбеков пен оның орынбасары Айбек Бидаевты, грек-рим күресінен Азия чемпионы, аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Асылжан Жақыпұлын және спорт жанашырлары Марат Алиманов, Алишер Сұлтанмұратұлын, Талғат Жапаровты т.б. спорт ардагерлерін «Talgar – champions» спорттық-патриоттық клубына салтанатты түрде қабылдады. Спорт жанашырлары мен майталман спортшылардан тұратын команданың құрамы жыл сайын өз елінің шынайы патриоттарымен толығуда.
Шара жүргізушісі «Спорт жұлдыздары» журналының шеф-редакторы Жандос Аянбек іргетасы қаланып жатқан күрес федерациясының алға қойған мақстары мен міндеттеріне тоқталып, ел игілігі үшін қолға алып отырған істің бағыт-бағдарына баса назар аударды. А. Бидаев жиналған жұртты игі бастамамен құттықтап: «Бүгін Талғар халқы үшін ақ түйенің қарны жарылған айтулы күн деп айтсақ артық болмас. Халқымыз үшін қайырлы болсын! Туған жерінің жыртысын жыртып, намысын қорғайтын азаматтардың игі бастамасына куә болып отырмыз. Елінің ертеңі үшін шынайы қызмет еткісі келетін азаматтардың бұл бастамасы болашақта үлкен жеңістерге жол ашады деп сенемін. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, ауданымыздағы үлкен-кіші спортшылар мен спорт шеберлері кеңесе отырып іс бастаса аяқсыз қалдырмайтыны қуанатады. Өйткені «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген. Артынан ерген іні-қарындастарына бағыт-бағдар беріп, күш-жігерін жанитын сіздердей алдыңғы буын ағалары бар жас ұрпақтан байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын батырлар шығары сөзсіз. Бұл федерацияның құрып, ел алдында үлкен жауапкершілік арқалап отырмыз. Енді оның қалай жұмыс істейтіні бізге сын. «Нар жолында жүк қалмас» дегендей, сіздердей азаматтар тұрғанда Талғар топырағынан даңқты спортшылар қатары көбейеді деп сенемін!» – деген ақ тілегін жеткізді.
Талғар аудандық бұқаралық-спорттық іс-шара өткізу орталығының, облыстық спорт басқармасының қолдауымен өткен шарада ауданымызда кенжелеп қалған спорт түрілерінің жай-жапсары тілге тиек болды. Бүгінгі таңда тұралап тұрған спорт түрлері туралы сөз қозғаған Асылжан Жақыпұлы грек-рим күресі, еркін күрес және жастар күресі деңгейінің төмен екенін алға тартып, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Қорлан Жаханша сынды білекті де, жүректі азаматтар арамыздан көптеп табылады деп сенім білдірді. Сонымен қатар талантты балаларды тауып, баптап бәйгеге қосу құрылған федерацияның басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді. Қазақтардың оң жамбасына келетін спорт түрі – күрес екенін айтқан ол алдыңғы аға буын салған сара жолдан адаспай, байрақты бәсекеде ел намысын қорғау нағыз ердің ісі деп ой түйді.
Шара барысында ұлт мұратына қызмет ету мақсатында құрылып жатқан федерацияның алдағы жоспарлары мен алға қойған міндеттері, кірісі мен шығыны жоспарланды. Осы салада ұзақ жыл еңбек еткен, спорт жанашыры, жас спортшыларға демеушілік жасап, қайырымдылықпен айналысып жүрген Марат Сәбитұлы федерацияның басшысы болып тағайындалды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін айтқан М. Сәбитұлы көпшіліктің сеніміне алғыс білдіріп, өз міндетін мүлтіксіз атқаруға уәде берді. Күрес федерациясының әр тармақтары бойынша президенттері сайланды. Яғни грек-рим күресі федерациясының вице президенті етіп Гүлдала спорт мектебінің директоры А. Сұлтанмұратұлы бекітілсе, еркін күрес федерациясының вице президенттігіне Нұрболат Сатымханұлы лайық деп танылды. Ал әйелдер күресі федерациясының вице президенті келесі басқосуда анықталатын болды. Матан Бекбосынов федерацияның құрметті президенті атанды. Баспасөз қызметіне жауапты адам да белгіленіп, ағылшын, орыс, қазақ тілінде хабар тарататын әлеуметтік желідегі парақшасы да іске қосылды.
Жиынға қатысушылар тарапынан ұсыныс-талаптар айтылып, толғақты мәселелердің түйіні тарқатылды. Атап айтсақ, ауданымыздағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің күрес залына Талғар ауданында грек-рим күресінің негізін қалаған, ауданымыздың құрметті азаматы Анатолий Никифоровтың есімін беру ұсынысы мақұлданды. Алайда тозығы жетіп тұрған залдың аты затына сай болмауы сөз болып, онда жаттыққан балалардың жарақат алуы мүмкін екені және талай балуандарды баптап, боз кілемде белдестірген бапкердің құрметіне лайық көрген залдың жұтаң кейпі осы салада жүрген бетке ұстар азаматтарға сын екенін де ашық айтылды. Бұл шаруаның қолға алған федерация өкілдерін қолдайтынын айтқан А. Бидаев оларға әкімшілік тарапынан да көмек көрсетілетінін жеткізді.
Ұлтжанды азаматтардың қолға алған ісі жемісін беріп, Талғар топрағынан көптеген жеңімпаздар шығатынына сенімдіміз. Бұл ретте болашақ спорт жұлдыздарын өмірге әкелетін федерацияның жұмысына береке, елі үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың ісіне сәттілік тілейміз!
Зорагүл Әбдіқадір